Home » Мақалалар » Тәрбие – тал бесіктен басталады

Тәрбие – тал бесіктен басталады

Тәрбие – тал бесіктен басталады

Қазақ қыз балаға төрінен орын беріп, ерекше құрметтеген халық. Туған үйінің төрінде азғана күн мейман болып, өз жұртына аттанатын оған ел болып қамқорлық жасаған. Қыздың абыройы – бүтін бір рулы елдің абыройы болған. Тарихқа көз салсақ, жер дауынан кейінгі бабаларымызды намыс үшін атқа қонғызған ең үлкен дау — жесір дауы екен. «Ауру – астан, Дау – қарындастан» деген де осыдан қалған болуы керек.
Аңыз былайша сыр шертеді:
«Жаугершілік заман болса керек. Бір жігіт отбасымен қалың жаудың ортасында қалады. Атына мінгестіріп тек бір адамды алып кетуге мүмкіндігі бар. Сонда көп ойланып тұрмастан, «Қатын – елде. Бала – белде. Ал, бауырды маған ешкім әкеліп бермейді» деп, артына қарындасын мінгестіріп алып кеткен екен».
Бұл жерде мәселе «Әйел табылады, әйел табылса, бала да табылады» дегенде емес сияқты. Меніңше, тағы бір сыры болуы керек. Аңыз бойынша, назар салып қарасақ, жігіттің бауыры ер бала емес, қыз бала. Ал, қыз – ұлттың ұяты, абыройы, болашағы. Егер, қарындасын жау қолына тастап кетсе, ер жігіттің өзіне ғана емес, бүкіл елдің атына сын!
Міне, сондықтанда қызды тәрбиелеп отырып, бүкіл бір ұлттың болашағын тәрбиелеп отырғанымызды ұмытпауымыз керек.
Бүгінгі ана – кешегі бойжеткен қыз – ертеңгі асыл әже. Демек, бүгінгі қыздардың қолында бүкіл бір ұлттың тағдыры мен болашағы тұр. Біз ибалы да инабатты, тәлім-тәрбиелі қыз өсіру арқылы қазақтың келешегін кемел етер ұрпақты тәрбиелеп отырмыз.
Жақында Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабын оқыдым. Тәрбие жайлы, оның ішінде қыз баланың тәрбиесі жайлы Зейнеп апа былай деп жазады: «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні сондықтан. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп, қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға кол көтермеген. Оны айтасың, отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені, еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз. Адамзаттың ұлы анасы, ортақ анасы – Хауа ана да қыз болған. Бүгінгі қыз – ертең бір әулеттің оң жағын қызартып, отау тігетін келіні. Желегі желбіреген сол келін өмірге ұрпақ әкеліп, ақ жаулықты ана атанады. Ал аналар – елдің тәрбиешісі, ұлттың беломыртқасы, берекенің бесігі. Іргетасы мықты соғылған үйдің ұзаққа шыдайтыны секілді, жақсы тәрбиенің қаймағын қалқып ішкен қыздан көргенді келін, білікті ана шығады. Әйел-аналар өнегелі болса, елдің көсегесі көгеріп, керегесі кең жайылады. Төрт қанаты түгел, отының басы бүтін болады. Парасатты ананың тіккен шыбығынан бәйтерек өсіп, арғы ұрпағына саясын түсіреді».
З.Ахметованың бұл толғанысын оқып отырып, қазақ халқының ұрпақ тәрбиесіне аса қатты мән бергеніне тәнті болдым. Меніңше, қыз бала тәрбиесінде ананың алар орны үлкен. Қазақ «Әке көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер» деп бекер айтпаған. Қыз, алдымен, өнегені анасынан алады. Ана қызының ең жақын сырласына айнала білуі керек. Мен анамнан ешқашан қатты сөз естіп көрмеген екенмін. Бұл менің керемет тәртіпті, ақылды, тілалғыш болғандығымнан емес, анамның өте сабырлылығынан, парасаттылығынан еді. Әлдебір оғаш қылығымды көрсе-ақ, ақырын ғана әдемі бір әңгімені бастап, оны менің қылығыма апарып тіреп, содан мені жерге кірердей ұялтып, жөнге сала қоятын. «Баланы ақырып үйретпе, ақырын үйрет» деген бар ғой. Осы қағиданы анам марқұмнан көріп өстім. Айғай айғайды тудырмаса да, ең болмағанда жаңғырық тудырары анық қой. Ал, анам қанша ашуланып тұрса да сабырлы қалпынан танбай, жай сөзімен-ақ жанымды жеп жіберетін. Ақталуға бір ауыз сөз таба алмай, кінәмді үнсіз мойындайтын едім.
«Ұят болады!» деген сөзді анам санамызға сіңіріп өсірді. Қазір мұны әркім әртүрлі түсініп жүр. Көбісінің пікірі «Баланы еркін өсіру керек. «Ұят болады» деп, шектей беруге болмайды. Бала жасқаншақ боп қалады» дегенге саяды.
Дұрыс, баланы еркін өсір. Бірақ «шек» деген нәрсе болу керек. Адамзат тарихын қарап отырсақ, «шексіз байлық», «шексіз билік» дегендер адамға опа бермеген ғой. Сол сияқты «шексіз еркіндік» дегенді де мен қабылдай алмайды екенмін.
Қазір ақпараттық технологиялардың дамыған заманы. Ғаламтордан, теледидардан түрлі жаға ұстатар оқиғаларды естіп, көріп жүрміз. Әсіресе, өзіміздің қаракөз қыздарымыз әлеуметтік желілерді шулатады да жатады. Жалаңаштанып жатқан да, туған перзентіне безбүйректік жасап жатқан да, түрлі төбе шашыңды тік тұрғызар қатыгездікке барып жатқан да – солар. Осыларды көргенде ана ретінде іштей өзімді кінәлаймын. Біз, аналар, қыздарымыздың тәрбиесін босаңсытып алдық.
Қызды тәрбиелеу арқылы ұлт болашағын тәрбиелеп жатқанын әрбір ана сезінсе екен. Заңғар жазушы М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Бесігімізді түзейік, қымбатты аналар!

Жүсіпова  Роза Келдіғұлқызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ
PR, SMM-маманы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.