Home » Мақалалар » Шәкірттерінің жеңісімен жігерленген Гүлнәр ұстаз

Шәкірттерінің жеңісімен жігерленген Гүлнәр ұстаз

Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым.  Адам баласының жүрегінде қадыр тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – ұстаз.

4«Ұстаз» деген қазақ баласы  үшін қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жетеді. Өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары нық.

Бүгінгі мақаланың кейіпкері – БҚО, Қазталов ауданы, Көктерек орта жалпы білім беретін мектебінің  І санатты қазақ  тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнәр Габдулкаримова. Ол жоғары оқу орнын 2001 жылы тәмамдағаннан кейін алғашқы еңбек жолын Көктерек орта мектебінен бастап, бүгінгі күнге дейін осы білім ошағында ұстаздық етіп келеді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сертификатталған білікті маман.

Гүлнәр Нұрымқызы  жаңа білім беру мазмұны бойынша түрлі әдіс-тәсілдер арқылы сабақ беріп, ашық және сыныптан тыс шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыра біледі. Сонымен қатар мектеп ұстаздарына, гуманитарлық әдістемелік бірлестігіне әдістемелік көмек, көшбасшылық жасап, әріптестерімен іс-тәжірибе алмасып отырады. «Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі» демекші, шәкірттері Айгүлім Тасжанова 2018 жылы Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша олимпиаданың облыстық кезеңінен І орын, республикалық кезеңінен ІІ орынға ие болды. Нұрайна Аманғалиева 2020 жылы «Ақберен» облыстық балалар шығармашылық байқауында І орыннан көрінсе, «Балдәурен» облыстық байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша ІІ орынды қанжығасына байлады. «Мен Қазақстан патриотымын» республикалық шығармалар байқауында Құндыз Орманова есімді оқушысы Бас жүлдені ешкімге бермеді. 2015 жылы Көктерек орта  жалпы білім беретінде мектебінің тарихында тұңғыш «Алтын белгі» иегері атанған шәкірті Іңкәрім Салауатова ұлттық бірыңғай тестіден 112 балл жинап,  Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін қызыл дипломға бітірді. Қазіргі күнде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Достық» білім беру орталығында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде.

– Ұстазымның сіңірген еңбегі мен үшін ұшан-теңіз. Қазақ тілі сабағындағы талдауы мен әдебиет кезінде жаттаған әрбір өлеңім әлі күнге дейін есімде. Менің қазіргі таңдағы қызметімнің де бастауы болған қазақ тілі мен әдебиеті пәні десем қателеспейтін шығармын. Білім нәрімен  сусындатып  қана қоймай, бар ақылын айтып, ала жіпті аттамауды да үйретті. Қандай жағдайда да әділеттілікті ту қып ұстау – бізге берілген міндет болды, – дейді шәкірті Іңкәрім Мұхитқызы.

Мектептегі алдыңғы қатарлы маман жайлы Көктерек орта жалпы білім беретін мектебінің директоры, педагог-зерттеуші Қайырлы Байжановтың да айтары бар: – Гүлнәр Нұрымқызы шығармашыл, жаңа технология тәсілдерін жүйелі қолданатын жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын ұстаз. Жеткіншек ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуді заман талабына сай шығармашылықпен жүргізуге аса мән береді. Мектепішілік, аудандық  іс-шараларға да, басқа мұғалімдерге де сол кісінің көмегі көптеп тиіп жатады. Бойындағы адамгершілік қасиетімен, әріптестерінің ортасында сыйлы да, беделді әріптес..

Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында кейіпкеріміз интернат тәрбиешісі, психолог, әлеуметтік педагог, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін біліктілікпен қоса атқарды. Мектеп оқушылары облыстық, республикалық  шығармашылық  байқауларға  ауданның атынан қатысып, марапатқа ие болды.

Талмай  еңбектенудің арқасында  Гүлнәр Нұрымқызының жеткен  жетістіктері де аз емес. Атап айтсам, Ақұштап Бақтыгереева, Сағит Садықов, Қасым Аманжолов  оқулары  байқауында ізденімпаз тұлға жеңімпаздар қатарынан көрінді. Республикалық «Үздік педагог»  байқауының аудандық кезеңінде 2-орынды иеленді. Аудандық білім беру бөлімі тарапынан «Құрмет грамотасымен», Қазталов және Жәнібек ауданы әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Гүлнәр Нұрымқызы бос уақытында кітап оқып, домбыра, гармон аспаптарында ойнайды. Шумақтар жазып, көркемсөз оқып,  спортты серік етеді. «Бұл мамандықтың қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы жауапкершілігі жоғары қызметті абыроймен атқарған дұрыс. Ал бұл жолда маған шәкірттерімнің жеңісі жігер береді» дейді алға қойған мақсат-мұраты биік ұстаз.

Үміткер ОРЫНҒАЛИЕВ,
БҚО, Қазталов ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.