Home » Жаңалықтар » Қандастарды қолдау

Қандастарды қолдау

Еліміз егемендік алып алты алаштың баласы бір тудың астына жиналған тұста тарыдай шашыраған азғана қазақ алыстан ат терлетіп жеткені әмбеге аян. Ұлы көштің ұзын сонары әлі де тарихи мекеніне қоныстануға, туған елдің асыл топырағын бір иіскеуге зар болып отырғандары қаншама. Ұлы көштен қалмаймыз деп аттың жалында, түйенің қомында келгендер мен шетте қалғандар да баршылық. Уақыт шіркін бір орында тұрмайды ғой. Сағымдай сырғыған алтын уақыт тоқтамай өткен кезде артыңа қарауға да мұршаң болмайды екен. Шеттен атамекенім деп зарығып жеткен қандастарымыздың күні бүгінге дейін күрмеуі шешілмеген әлеуметтік мәселелері баршылық. Ең алдымен қандас бауырларымыз қаны қазақ, тәні қазақ елімізден тіл мәселесінен зардап шегеді. Тілден таршылық көрген ағайынның құжат мәселесі бұғауға түсіп, армандары көкке ұшады. Осы сияқты мәселелердің мән-жайына қанық азаматтарымыздың бірі «Отандастыр қоры» КЕАҚ жанынан құрылған қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заутұлы Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласына ат басын бұрды.

Болат Заутұлының келуіне байланысты достық үйінде «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сүйіндіков Арманның және «Отандастыр қоры» КЕАҚ жанынан құрылған қандастарды ақпараттық қолдау орталығының СҚО бойынша фронт-кеңсенің ұйымдастыруымен «Қандастарды қолдау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелге «Нұр Отан» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау меңгерушісі Алибеков Р.З., СҚО полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нусырбаев Е.Е., Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Кучербаева Ш.С., СҚО ішкі саясат басқармасының бас маманы Әбіл Ерлан және жастар ресурстық орталығы, облыстық білім басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ мекемелері қызметкерлері қатысты.

Өткізілген іс-шараның негізгі мақсаты ат терлетіп келген ағайынға қолдау көрсету, жергілікті жерге сіңісіп кету үшін арнайы бейімдеу орталықтарын ұйымдастыру, орыс тілін білмейтін ағайындарға қолдау көрсету, құжат мәселелерінің уақытында шешілуі сияқты қоғамдық жұмыстарды бірлесіп атқару.

Кездесу барысында «Отандастыр қоры» КЕАҚ жанынан құрылған қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заутұлы мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды заң аясында түсіндіріп, жеті министрлік қол қойған құжаттардың қызметімен таныстырып, «Нұр Отан» партиясымен арнайы меморандум барын тілге тиек етті.

Дөңгелек үстелге қатысып, сөз алған құзырлы орган өкілдері СҚО бойынша ашылған фронт-кеңсенің жұмысына сәттілік тілеп, алдағы уақытта қоян-қолтын қызмет жасайтындарын жеткізді.

Жастар ресурстық орталығынан келген маман алдағы уақытта шетелден келген қазақ жастарының рухани-мәдени деңгейін көтеру мақсатында наурыз айында үлкен іс-шаралар ұйымдастыруды қолға алып отырғанын жеткізді. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың ректоры және факультет декандарымен келісім жасалғанын да айта кетті. Елім деп еңіреп келген ағайынның бетінен қақпай, қолымыздан келген көмегімізді аямаймыз дейді.  

Дөңгелек үстелдің екінші бөлімі түстен кейін Есіл ауданында жалғасын тапты. Есіл аудандық мәдениет үйі кітапханасының конференц залына келген азаматтардың қарасы қалың болды. Мұнда да туған жерлерін тастап, атамекен деп аңсап жеткен ағайынның шешімін таппаған мәселесі том-том десек артық айтқандық болмас. Көшіп келген ағайынның дені Қытай халық республикасынан қоныс аударған отбасылар.

Есіл ауданының әкімі Абдуллаев Алтынбек Тоғайбекұлы, Есіл аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абулғазин Қайрат Ахметжанұлы, Есіл ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Туткушев Еділ Мейрамұлы, Есіл аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Ермекбай Бибигүл Ермекқызы, Есіл ауданындағы көші-қон қызметінің полиция инспекторы Нұржанов Рустем Жұмабекұлы қатысып, қоныс аударған ағайындардың көкейіндегі шешімін таппаған мәселелеріне жауап берді.

«Отандастыр қоры» КЕАҚ жанынан құрылған қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заутұлы қандас ағайындарды сабырға шақырып, қойған сауалдарына жауап берді.

2019 жылы Есіл ауданы Бірлік ауылына Қытай халық республикасынан 25 отбасы көшіп келіп қоныстанған. Келген ағайындардың арқасында Бірлік ауылының мектебін сақтап қалдық. Көшіп келген ағайындардың балалары мектепке орналастырылып, бастарына баспана берілген деді, аудан әкімі Абдуллаев Алтынбек Тоғайбекұлы. Бұл кісілерді алаңдатып отырған құжат мәселесі де алдағы уақытта шешімін табатынын айтты.

Елден елге көшу бір басқа да, сол елдің халқымен тіл табысып, табиғатына бейімделіп кету екі басқа.  Бізде сағыныштан сарғайған, уайымнан жүдеген жүректерге жылу нұрын себе алдық деген ниетпен аттандық.

 Қазақстан республикасы журналистер
одағының мүшесі
Көкбасқызы Жазира
«BILIM AINASY»,СҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.