Home » Ашық сабақтар » 1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні

1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні

Білім беру саласы: «Коммуникация», «Әлеумет»

Бөлімі: Сөйлеуді дамыту, Қоршаған ортамен таныстыру.

Мақсаты: Елбасының туып-өскен жері, өмір жолы, қызмет еткен кезеңі туралы мағлұмат беру. Әнұран орындалуы. Рәміздермен таныстыру. Отан туралы білімдерін нығайту, тақпақтарды мәнерлеп оқыту.

Міндеттері: Елбасының ұстанымымен, өмір жолын үлгі етіп, балаларды Отанын, халқын, жерін сүюге, батылдыққа, азаматтыққа, патриоттыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Елбасының портреті, рәміздер, Қазақстанның картасы.

Алдын ала жүргізілген жұмыстар: «Тұңғыш президент туралы – кітаптар, альбомдар көру».

Әдіс-тәсіл: Сұрақ-жауап, слайд көрсету.

Гимн орындалады.

Шаттық шеңбері:

Армысың Алтын күн,

Армысың Асыл жер.

Армысың достарым,

Сендерді көрсем қуанам.

 

— Сәлеметсіздер ме, балалар! Сендерді көргеніме өте қуаныштымын! Балалар, елімізде «1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні».

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы. Балалар, президент болу өте қиын және жауапты жұмыс. Мемлекет басшысы өз халқын, Отанын, туған жерін өте жақсы көреді.

Балалар біздің Отанымыз қалай аталады?

Балалардың жауабы: Біздің Отанымыз Тәуелсіз Қазақстан.

Ойын: «Мемлекетті тап».

Экранда мемлекеттің Туының суреті шығады.

— Бұл қандай мемлекеттің туы? Президенттің аты-жөні кім? Мемлекеттің астанасы қалай аталады?

(Балалардың жауабы).

— Жарайсыңдар балалар! Енді біз Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолына шолу жасаймыз.

«Елін сүйген, елі сүйген – Елбасы!» (Презентацияны көрсету)

Сергіту сәті.

«Тамаша» жаттығу ойыны.

Күн шуағы тамаша ма? Тамаша!

Жел тұрғаны тамаша ма?Тамаша!

Достарыңмен бірге жүрген тамаша ма? Тамаша!

Ана құшағы тамаша ма? Тамаша!

Туған өлке тамаша ма? Тамаша!

Туған үйім тамаша ма? Тамаша!

Би билеген тамаша ма? Тамаша!

Қазақстанда туған тамаша ма? Тамаша!

(Балалар жаттығуды түрлі қимыл-қозғалыспен орындайды).

-Біздің еліміз, жеріміз өте бай. Біздің елімізде көп ұлттар тату-тәтті, береке-бірлікте өмір сүреді. Береке-бірлікке байланысты мен сендерге бір аңыз айтып берейін.Бірде қария өзінің он баласын шақырып алып бір бума шыбықтарды беріп: «Сендер осы шыбықтарды сындырыңдар»-дейді. Балалары бумадағы шыбықтарды әрі-бері сындырады, бірақ шыбықтар сынбай қояды. Сосын қария әр баласына бір-бір шыбықтан таратып береді де, «Енді шыбықты сындырып көріңдер»- дейді. Шыбық тез сынып қалады. Сонда ақылды қария «Тату-тәтті, берекелі бірге өмір сүрсеңдер сендерде мықты, берік боласыңдар. Ал сендер бір-бірлеріңмен жанжалдасып өмір сүрсеңдер, береке-бірлік болмайды» — депті.

Балалар, бізде тату-тәтті, берекелі бірге өмір сүруіміз керек. Қане, бәріміз қол ұстасайық. Менімен бірге қайталаңдар:

Мен өз отанымды сүйемін!

Мен өз елімнің бақытты азаматымын!

Мен өз отанымды сүйемін!

Мен Қазақстан Республикасын, оны басқарып отырған Елбасымызды мақтан тұтамын!

Ел бірлігі — жәй сөз емес,

Ел бірлігі – мәңгілі.

Ел бірлігі – бақытты ел,

Ел бірлігі – балалық шақ бақытты.

Көк емес ол тектен-тек ,

Елдің ашық қабығы.

-Ал, Елбасы туралы кім тақпақ айтады.

Нұрайым:

Бүгінде әлем таныған,

Тәуелсіз елім – Қазақстан.

Егіз ұғым секілді,

Қазақстан – Нұрсұлтан.

-Өте жақсы балалар. Ал мынау Қазақстан Республикасының Байрағы. Байрағымыз туралы кім тақпақ айтып береді.

Абдулла:

Қазақстан жалауы

Көк байрағы бабамның –

Бүгінгі ұрпақ алауы,

Тірегі әке – баланың –

Қазақстан жалауы.

— Балалар, сендер Отан дегенді қалай түсінесіңдер?

— Отан біздің еліміз, туған жеріміз.

— Біз Қазақстанның қай қаласында тұрамыз?

— Астана қаласында тұрамыз.

-Астана әсем қала. Біздің қаламызда саябақтар және балалар ойнайтын кешендер, гүлзарлар өте көп.(Суреттермен жұмыс)

— Астана туралы тақпақ білесіңдер ме?

 

Айкөркем:

Астана арман қала,

Бағы бір жанған қала.

Тұрады ол жап-жас болып,

Мен үлкен болғанда да.

 

Төкті оған нұрын дала,

Астана сұлу қала.

Біз оны анамыздай,

Сүйеміз шынында да.

Сергітіу сәті:

Дөңгелене тұрамыз,

Керегені құрамыз.

Уық болып иіліп,

Шаңыраққа киіліп.

Бір шаңырық астында,

Тату-тәтті тұрамыз.

Ойын: «Туған жерді гүлдендір»

Мақсаты: Балаларды Қазақстан картасымен таныстыру,

Туған жерімізді өзіміздің жүрегімізден шыққан ақ тілегімізбен гүлдендірейік. (Музыка әуенімен әр тілек айтып гүлді жапсырады).

— Өте жақсы, балалар. Туған жерді гүлдендірер ел болашағы міне, сендерсіңдер. Балалар, Қазақстан Республикасының елордасы қай қала?

— Астана.

— Олай болса, балалар бәріміз бірге «Астана – әсем қала» атты фото көрмені тамашалайық. (Суретпен жұмыс)

Қорытынды:

-Мінекей, балалар сан ғасырлық тарихы бар Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, бүгінде әлемге танылды. Еліміздің әлемге танылуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор. Қазақстан Республикасы қазіргі таңда бай, бақуатты, болашағы зор тәуелсіз егеменді ел. Елімізде әрдайым тыныштық болсын! Аспанымыз ашық, деніміз сау болсын! Қазақстан елі көркейіп,жайнай берсін!

Ербозова Сәнімай,
№ 28 «Жұлдыз» Санаториялық балабақша тәрбиешісі,
Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.