Home » Жаңалықтар » Зиялы қауымның бірегей тұлғасы

Зиялы қауымның бірегей тұлғасы

«Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы бойынша жазылған мақала

«Мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп қалай дәл тауып айтқан. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие  мен білім нәрі әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық.

1989  жылы Жамбыл педагогикалық институтының  «Физика – математика» факультетінің  физика — математика пәнінің мұғалімі  мамандығын игеріп,  жоғарғы білімді маманы атандым. Еңбек жолымды Тараз қаласындағы №30 орта мектепте бастадым. Мектеп ұжымынан әрбір ұстаздың бойында болатын төзімділік, сыпайылық, тазалық, адамгершілік, еңбек сүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерді бойыма сіңірдім. Осы мамандықты таңдауыма физика,математика пәні мұғалімдерінің еңбектері орасан зор.

«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе болып табылады», — дейді «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ қызметін алты жыл атқарып келген Каркабаева Парида Пазылқызы. Ендеше, бүгінгі мақаламыздың кейіпкері дәл осы ұлағатты ұстаз болмақ.

ҚР-сының білім саласы осы уақытқа дейін ең көп өзгерістерге ұшыраған министрлік екендігі көпшілікке аян. Бұл бағдарламаны халыққа түсіндіру, педагог-мамандарды осы реформа бойынша жұмыс жасау тәсілдеріне үйрету сөзсіз оңай болған жоқ. Өйткені еліміздегі білім саласын сынға алғандар әлі де жетерлік. Сайып келгенде бұл бағдарламаның түпкі мақсаты —   әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін ғылым және білім жаңалықтарын іс жүзіне асыру болып табылады. Ал, «Өрлеу» ұстаздарының бұл жоспарды тәжірибе жүзіне асыруда ерен еңбектері ұшан-теңіз. Солардың бірегейі Жамбыл облысындағы жаратылыстану бағытындағы мұғалімдерді жаңа бағдарлама бойынша білім беру тәсілдерін үйретіп жүрген аға оқытушы – Парида Пазылқызы.    

      Астана қаласында 19.04-29.04.2015 ж аралығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридждің Халықаралық емтихан кеңесі және Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында «Жоба жұмысы» пәні бойынша жаратылыстану-математикалық цикл мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша тренерлерді оқыту курсын аяқтаған кейіпкеріміз облыстағы бірқатар педагогтардың ризашылығына бөленді. Жаңартылған бағдарлама бойынша Жамбыл облыстық «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының физика пәні курстарын жүргізген Каркабаева Парида Пазылқызы жайлы: «Курс барысында жаңа бағдарлама бойынша қысқа мерзімді тиімді жоспар құру мен инклюзивті білім беру және критериалды бағалаудың аспектілері қарастырылды. Парида Пазылқызы – физика пәнін жан-жақты меңгерген білікті, шығармашыл маман», — дейді тыңдаушылары. Сонымен қатар, тыңдаушылар өз кезегінде оқып, біліп, көкірегіне түйгендерін әріптестеріне үйретіп, жаңа бағдарламаның қыр-сырын түйсінуге қол ұшын созды. Осылайша білім саласындағы реформалар аймақтағы барлық ұстаздарға түсіндірілген еді.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, кейіпкеріміздің шәкіртері де шығармашылық жетістіктерден кенде емес. Мұны еңбекқор педагог әрдайым мақтанышпен айтады. Ол: «Астана қаласында 05.12-15.12.2016ж «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Физика» пәні бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша тренерлерді оқыту курсын аяқтадым. ҚР орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында «Физика» пәні бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсы бойынша үш жыл қатарынан тыңдаушыларымен жүз пайыз көрсеткіш көрсетудемін. Тыңдаушыларым республикалық, облыстық жарыстардың жүлдегерлері атануда, — дейді тыңдаушылары туралы.

Иә, әрбір ұжымда мекеме басшысы мен орынбасарлары қызметкердің мінез-құлқын, білімін, тәжірибесін жақсы біледі, саралай алады. Жалпы, білім саласы мекемелерінің қоғамға қосар үлесі қашан да биік. «Өмір бір-ақ рет беріледі Сондықтан неге оны пайдалы қылып өткізбеске?» — деп американдық жазушысы Джек Лондон айтпақшы, өмірді пайдалы қылып өткізуге талпынған адамдардың бірі – ұстаздар дер едім.   Ал, солардың бірегейі – Каркабаева Парида Пазылқызы. Өйткені ол жайында әріптестері мен басшысының жылы лебізі мен ой-пікірлері еш таусылған емес. Мәселен,

Педагогика ғылымының кандидаты, профессор, Жамбыл облысы бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының оқу процесін психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының меңгерушісі жаңартылған оқу курсының жаттықтырушысы, функционалдық сауаттылық бойынша, сонымен қатар арт терапия жаттықтырушысы Ш.М.Тойғанбекова кейіпкеріміз туралы былай деді: «В.А.Сухомлинскийдің «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» деген әдемі сөздері бар емес пе? Міне, Парида Пазылқызы күннің құдіретті сәулесі секілді жанып, тыңдаушыларды алға жетелей білетін жан. Жалпы, шәкірт дегеніміз миына бәрін құя беруге тиісті құты ыдыс емес, шәкірт дегеніміз – бұл үлкен алау. Сондықтан да ұстазынан оза білген шәкірт тәрбиелеу үшін олардың идеяларының іске асуы үшін жан-жақты көмек көрсетіп, қолдауымыз қажет. Ал Парида Пазылқызы дәл осындай ұстаз. Ол біздің кафедрада 5 жылдан асық еңбек етіп, өзінің кәсіби біліктілігін, белсенділігін дәлелдей білген тұлға».

Ал, Жамбыл облысы бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының  PR және SMM зертханасының меңгерушісі, 1992-1995 ж.ж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның ТМД халықтарының  аспирантурасын тәмамдаған Б.Ә.Мұртазева кейіпкерімізді өзгелерден ерекше етіп сипаттап берді. Оның айтуынша, Парида Пазылқызы облыс бойынша физика ғылымын дамытуға өз үлесін қосып жүрген жалғыз маман. Өйткені ол ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мектеп табалдырығындағы оқушыларға да көмек көрсетуге талпынған ұстаз, белді тренер. Физика, математика пәндерінің көптеген мұғалімдерінен алғыс алып, басылымдарға да осы мұғалім жайында жылы лебізді мақалалар жарияланып жататындығы «өрлеуліктерді» қуантады. Өйткені П.П.Каркабаева жоғары марапатқа лайықты, мықты педагог дейді.

Шынтуайтында, Каркабаева Парида Пазылқызының мықты педгог екендігін кейіпкерімізден мамандық турасында сұхбат алу барысында білдім. Аузын ашса, көмейі көрінетін, көңілі түзу кейіпкеріміз педагогика мамандығы туралы былай деген еді: «Ұстаздық қызметте, шәкірт­термен қарым-қатынаста ізгі ниеттілік, кішіпейілділік және мә­дениеттілік бірінші кезекте тұру керектігіне көзім жетті. Бүгін білім бе­ру­дің сапалы болуы үшін: біріншіден, ұстаздың жан – жақты ака­демиялық білімінің бо­луы, екіншіден, мұғалімнің өз ма­ман­ды­ғы­на деген шынайы сүй­іс­пенші­лігінің және ешқан­дай дипломмен бірге берілмейтін шығар­машылық қабілеті, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қа­сиет­тері болуы шарт».

Қорыта айтқанда, Каркабаева Парида Пазылқызы – өзіндік қасиеттерімен дараланып тұрған, терең ойлы, қыр-сырлы, зиялы қауымның  бірегей тұлғасы.

 

Жансая Құрманғалиқызы,

«BILIM AINSY» газеті,

Жамбыл облысы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.