Үйдің мықтылығы — оның ең осал кірпішінің мықтылығына тең. Қанша шебер, мықты болсаңда осал кірпіштен түзу мықты үй қаланбайды. Қазақ үй тіккенде уығының мықты болуына қатты көңіл бөлген. Керегенің мықтылығы өз алдына уық мықты болса, шаңырақ шайқалмайды, киіз үй құламайды.
Демек отбасы берік болуы үшін сол үйдің уығы болар жас ұрпақты дана халқымыз діннен де жоғары қойған тілімізді ардақтауға үйретсе іргеміз беки түспек.
Өткен жылы да ертеңгі елдің ұл-қыздарын қанаттарының астына алып, ұлттың рухын, өзіндік төл тума келбетін бала бойына сіңіріп келе жатқан жылы ұяға тамаша тілек білдірген едік…. Биыл да жанымызға жақын дүние іздеп сол шаңыраққа қайта оралдық. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Бектаева Әмина Амантайқызы басқаратын №52 «Еркетай» балабақшасы.
Халел Досмұхамедұлының «Өз тіліңді біліп тұрып, өзге тілде сөйлесең-сүйініш, өз тіліңді білмей тұрып, өзге тілде сөйлесең күйініш» дегені бар. Ұрпақты ана тілде еркін сөйлеуге, ұлттық ойындарды ойнай жүріп құндылықтарды бойына сіңіруге баулып келе жатқан білім ордасының шоқтығы биік. Тек қазақ тілінде ғана білім беретін балабақша ұжымына қонақтар арасынан №33 «Алтын дән» балабақшасының меңгерушісі Айсұлу Егізбайқызының Мұстафа Шоқайдың «Бала қай тілде білім алса сол елге қызмет етеді» Сіздер сол жолдасыздар! деген сөзін қоссақ, ақпан айының 6 жұлдызында өткен семинардан біз өзімізді таптық, мақтандық, масаттандық….
«Мектепке дейінгі балалардың рухани патриоттық тәрбиесі» кластерінің бір тобына жетекшілік жасайтын №35 «Ертегі» балабақшасының меңгерушісі Ләззат Ғалымжанқызы да «Ұлттық ойын-рухани құндылығымыз» деп өткен жылы шақтап ғана биік тақырыпты арқау еткен ұжымның ізденісіне оң бағасын берді.
Семинарды балабақша меңгерушісі Әмина Амантайқызы ашып беріп, педагог-психолог Калыкова Сара Кошкуловна танысу тренингімен жалғастырды. №77 «Қошақан», №35 «Ертегі», №5 «Ақбота», №55 «Қарақат», №70 «Құлыншақ», №78 «Асыл», №29 «Аққайың» балабақшаларынан келген тәрбиешілер мен меңгерушілер өз туған жерлерінен шыққан ақын жазушылар, қоғам қайраткерлерімен өнер адамдарының атын атап қазба байлықтарымен сұлу табиғаттары жайлы ақпарат берді. Тек танысу ғана емес туған жерге деген сағыныш, мақтаныш сезіміне ұласқан тамаша танысу түрі…
Сөз кезегінде балабақша әдіскері Алжанова Ләззат Әлиақпарқызы «Ұрпақ болашағы –елімнің құндылығы» тақырыбында баяндама жасап «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті» деп Мағжан Жұмабаевтың сөзін тілге тиек етті. Ұлттық тәрбиеден алшақтамай ұрпағымызды Отансүйгіштікке, ата-баба салт-дәстүрін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу –баршамызға бірдей міндет! деп қорытындылады.
« Ұлттық құндылығымызды қайта жаңғырту» тақырыбындағы тыңғылықты дайындалған оқу қызметін көрсеткен тәрбиеші Өміралина Жанаргүл Қуанышевна алған тақырыпты одан ары аша түсті. Балалардың қазақ тілінде өлең жолдарымен танысуының өзі нағыз қазаққа тән құрмет. Қазақ халқының салт –дәстүрлерін білуді мақсат еткен сабақта ауылдағы әжеге қонаққа барған қалалық балалардың дәстүрлі қолөнер түрі-киіз басуды әжеден үйренуі тіптен ерекше болды. Балалық шақтағы естелік ешқашан санадан өшпесі белгілі олай болса балабақша қабырғасында осындай ұлттық салт-дәстүрмен қанығып өткен ұрпақтан қалай айналмасқа. Қонаққа барған ұл балалардың қой қорасынан таза қой жүнін қырқып әкелуі, қыздардың әжемен бірге жүн түтуі, сабауы, бояуы, ши тақтайшасына салып, ыстық су құйып ,орап қатты басып әндете отырып көздің жауын алар оюлы текемет жасап шығаруы тақырыпты толық ашты.
Әженің сандығындағы киізден жасалған түрлі киімдерімен әшекей бұйымдарын тағып, қолдарына оюлы сөмкелерді ұстап, ортаға шыққан қыздардың сұлулығын айтып жеткізе алмайсың!
Қызықтың төресі спорт залдағы арнайы теннис үстеліне асықтарды тізіп қойып дәлдеп тұрып тигізетін, шапшаңдыққа үйретер жаңа ойын түрін көрсеткенде болды. Ойын сауық орталықтарында ойнап жүрген заманауи ойын түрін асықпен ауыстырған балабақша тәрбиешілерінің қиялында шек жоқ. Әр жаңалығы ұлттық ойындармен салт дәстүрге бағытталған балабақша ұжымының жұмысы ешбір жаңа технологияға айырбастамас құндылық.
«Нұр-Сұлтан қаласына саяхат» тақырыбында «Айналайын» орта тобымен оқу қызметін көрсеткен тәрбиеші Менлибаева Ақмарал Сланбековна балаларды автобусқа отырғызып Астанамыздың көрікті жерлерін аралатты. Тарихы жайлы сыр шертіп, интерактивті тақтаны да пайдалана отырып, саяхаттан алған әсерлерін сыныпқа келгенде қағаз бетіне түрлі құралдармен тамаша етіп бейнелеуді де көрсетті. Бұл сабақта ең бастысы ата қоныс –алтын мекен Отан жайлы ақпарат берілді.Семинар қорытындысын әлем болып атап өтілетін Ұлы Абайдың 175 жылдық айтулы шарасына тәрбиеленушілердің қосқан ақын өлеңімен аяқтаған тәрбиеші Бегасилова Ұлдана Маратовнаның өнеріне жиналған жұрт тамсана қарады. «Желсіз түнде жарық ай» әнімен қыздар хорының тірі дауыста жаңылмай орындап шыққан тәтті үніне елтіп отыра бердік.
Бала Абайды сомдаған Ғабдуали Әлинұр «Әсемпаз болма әр неге» деп өлеңді бастап берсе, Бабахан Раяна «Сенбе жұртқа тұрсада қанша мақтап» деп ары қарай жырлады. Нұрлан Айзере «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңін жаңылмай мәнерлеп оқыса , жыл мезгілдеріне сай киініп шағын көрініс арқылы жыл мезгілдеріне арналған Абай өлеңдерін де мүдірмей оқыды. Таза қазақ тілінде Абай сөздерін қатесіз мәнерлеп, жаңылмай оқып шыққан балғындарды көргенде балабақша ұжымының шынайы ізденісін көресің. Міне, нағыз еңбек…
Қорытындылау сәтінде «Білім беру ісінің үздігі» №78 «Асыл» балабақшасының әдіскері, тәжірибелі педагог Битекбаева Мариям Сүлейменқызы семинардағы алған тақырыптардың өзектілігіне тоқталып, тәрбиешілерге алғысын білдірді. Алғыс білдірушілердің қатарында №77 «Қошақан», №5 «Ақбота» балабақшаларының меңгерушілері Назгүл Гадылханқызы, Жанат Жансултановнада Әмина Амантайқызының бастамасымен заман талабына сай жабдықталған кең де жарық балабақшада тамаша бағытта жұмыс жасап жатқан ұжымға шығармашылық шабыт тіледі.
Еркіндікпен жанға жайлы тыныштық, өзара сыйласымдылықпен бір-бірін түсіне білетін педагогикалық ұжымнан құралған №52 «Еркетай» балабақшасына бізде тек сәттілік тілейміз! Алған бағыттарыңыздан айнымай ұлтқа қызмет етер ұландарға бағыт-бағдар беріп көштің алды болып жүре беріңіздер!
Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы