Home » Мақалалар » Тәрбиеші бала жанының бағбаны

Тәрбиеші бала жанының бағбаны

Ақтөбе облысы,
Мұғалжар ауданы,
Қандыағаш қаласы
МКҚК «Самал» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі
Қармысова Айман Қармысқызы

«Қазіргі заман талабына сай, жан – жақты жетілген
Бойында ұлттық сана мен ұлттық психология
Қалыптасқан, имандылық әдебі парасаты бар ұрпақ
Тәрбиелеу, өсіру, білім беру бүгінгі таңда отбасының,
Балабақшаның барша елдің, халықтың міндеті»
Н.Ә.Назарбаев

        Халқымыз қай уақытта, қай заманда болмасын бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Өйткені ұрпақтың тәрбиесі – ұлттың тағдыры мен болашағы деп түсінген. «Білім мен тәрбие – егіз.Екеуін ұштастыра жүргізгенде ғана нәтижелі болмақ. Адамға ең бірінші керегі білім емес, тәрбие. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі.» деген ғұлама, ұлы ойшыл Әл –Фараби.

Олай болса, еліміздің ертеңі болар ,заманауи тұлғаны қалыптастыру бүгінгі балабақша тәрбиешілеріне қойылған талап.

Тәрбиеші – балабақша тәрбиеленушілерінің күнделікті оқу – тәрбие үдерісін ұйымдастырушы, түрлі мәдени шараларды жүргізуші, жас шыбықтың бойына асыл қасиеттерді дарытушы, ұлтжанды, елжанды ұрпақты тәрбиелеуші. Бүгінгі білім беру жүйесінде балабақша тәрбиешілеріне жүктелген міндеттер көп – ақ. Сол міндеттердің бірі үнемі ізденіс үстінде жүру, шығармашылық жұмыстарын жетілдіру, жаңа әдіс – тәсілдерді өз тәжірибесіндегі оқу – тәрбие әрекеттеріне енгізу. Бүгінгі балабақша тәрбиешілері өздеріне жүктелген жұмыстарға жауапкершілікпен қарап, бала тәрбиесінің маңызды екендігін естен шығармаса керек. Сондықтан әр баланың жүрегіне терең үңіліп, мейірімділікті, қайырымдылықты, еңбекқорлықты, досқа деген адалдықты, білімнің нәрімен қоса бергенде ғана бүгінгі бүлдіршін, ертеңгі білімді азамат, адами құндылықтарды бойына дарытқан тұлға болып қалыптасатыны сөзсіз. Әрине, ұрпақ тәрбиесі үздіксіз еткен еңбектің нәтижесі болғандықтан, қай заманда болмасын ойшылдар тәрбиешілердің еңбегін жоғары бағалап, оның қоғамдағы орнын маңызды санаған. Бұл жөнінде: М.Горький «Балаларды бала тәрбиесіне бейім адам, тәрбиелеуі керек», — деген.

Мен де мектеп қабырғасында жүрген күнімнен бастап, жаным балаларға жақын болып, оларды ерекше жақсы көрдім.Өзімнің балаға деген сүйіспеншілігімнің арқасында мектепке дейінгі білім беру ұйымының тәрбиешісі болуды армандап, осы мамандық бойынша жоғарғы білім алдым.

Болашақ мамандығымды –дұрыс таңдадым деп білемін.

Әрбір ана баласымен бірге балалық шақты өткізгенде бақыт құшағына бөленеді. Ал мен болсам, балалық шаққа әр күн сайын енемін. Мен өзімді үлкен әріпті «Ана» деп айта аламын, себебі менің жүздеген балам бар, олардың бәрі менікі, сүйкімді, әрбіреуіне мен өз жанымның, өз жүрегімнің бір бөлшегін ұсынғанмын.

Менің өмірім балабақша……Менің кішкентай бөбектерім… Әр күні олардың сүйкімді жүзін көргенде еріксіз күлімсіреймін. Өйткені олар мені қуана қарсы алады. Қуанышын жасыра алмай еркелейді. Бірі үйдің үміті, шырағы, аяулысы, ардақтысы, еркесі, бұзығы, қызығы. Мен олармен бірге жүрсем, балаша қуанып, балаша шаттанамын.

Мен — тәрбиешімін… Осынау мамандықтың қызығы мен қиындығын өзі бала ортасында жүрген жан ғана түсіне алады. Жер бетінде тәрбиеші алдын көрмеген адам кем де кем, мүмкін бұл мамандық содан киелі шығар…
Балаларды ойлау , оларға қамқоршы болу, оларды сүю – бұл кез-келген  адамның басына берілмейтін ғажап құбылыс.

Қазіргі таңда өз мамандығыма сәйкес Ақтөбе облысы, Қандыағаш  қаласындағы  «Самал» бөбекжай бақшасы «Балбұлақ» 2 кіші тобында тәрбиеші болып жұмыс жасаймын.

Жақсы тәрбиеші, үздік маман атануыма үлкен септігін тигізген балабақша меңгерушісі  Алдамжарова Базар Есетқызы, әдіскер Муханова Майра Қалжанқызының ерен еңбегін атап өткім келеді.Осы екі ұстазымның арқасында мен тәрбиеші мамандығының қиын да, қызық тұстарын көріп, қиын тұстарын еңбектену арқылы жеңуге, методикалық әдіс – тәсілдерді тиімді үйренуге дағдыландым.Ашық оқу іс – әрекеттерін баланың жас ерекшелігіне сай ұйымдастырудың маңыздылығын ұқтым.   Өз жұмысымның барысында «Отбасы – тәрбиенің басты ұясы», «Елін сүйген Елбасы», «Жасыл шырша», «Қош келдің, Жаңа жыл!», «Тәуелсіз Қазақстан!», «Бағдаршам және біз», «Үй жануарлары», «Ана – өмір, ана –жыр», «Ханталапай — ұлттық ойын», «Наурыз мейрамы», «Мәңгілік ел –достығымның кепілі» сынды ашық тәрбие сағаттары Елбасымыздың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында атқарылып жатқан барлық іс – шара қоғамның дамуына өз үлесін қосуда. Аталған шаралар бүлдіршіндердің белсенділігін арттыруға, дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастыруға, өлеңді нақышына келтіріп оқи білуге, отбасын қадірлеуге, ата – анасын сыйлауға, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға өткізілген шаралардың тәрбиелік маңызы зор деп есептеймін. Әрбір іс – шараның өтілу барысында эстетикалық талғамға сай ортаның безендірілуіне, ақпараттық технологияларды тиімді қолдана білуге мән бере отырып, ата – аналармен ынтымақтастықта жүргізілген жұмыстар бүлдіршіндердің болашағы үшін маңызды деп ойлаймын. Дегенмен, балаға айналадағы өмір шындығының әсері мол. Үлкендердің өзінен ересек балалардың бір – бірімен қарым – қатынасы көңіл – күй ерекшеліктері, жүріс – тұрысы барлығы балаға әсер етеді. Олар айналадағы оқиғаларды білгісі келеді. Осы орайда балабақша тәрбиеленушілері айналасынан көргендерін, естігендерін, яғни өз ойын ашық айтуға үйренеді.

Мағжан Жұмабаев өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген болатын: «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек».Иә, Мағжан атамыздың даналық ойы бүгінгі күні білімді ұрпақ керек екендігін айқындайды. Өйткені, елдің ертеңгі тірегі – жастар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Бала тәрбиесі баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да мақсат – мүддесі заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу.

«Адамзатта ең құнды және мәңгілік болатын – тәрбие»,- деп халық даналығы айтқандай, адамзаттың бойына мәңгілік тәрбиені беруші тәрбиеші.

Барлық балабақша тәрбиешілері өздерінің ұлттың алдындағы жауапкершілігін сезініп, ұрпақ тәрбиесіне жан –тәнімен адал қызмет еткенде ғана болашағымыздың жарқын болары сөзсіз. Мен де өз міндетімді түсіне отырып, бала тәрбиесі жолында уақытпен санаспай еңбек етіп, ұл – қыздарымыздың барлық ізгі асыл қасиеттерді бойына дарытқан, білімді ұрпақ болып шығуына үлесімді қосамын деп сенім білдіремін.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.