Home » Айтарым бар » Оралдық оқушылардың Ұлы Жеңіс мерекесіне тартуы

Оралдық оқушылардың Ұлы Жеңіс мерекесіне тартуы

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында  Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Кестелі орамал» акциясы ұйымдастырылды.

Акция аясында мектеп мұғалімдері, оқушылар мен олардың ата-аналары өздерінің аталары мен әжелерінің, яғни соғыс және тыл ардагерлерінің есімдерін кестелеп жазды.

Шараға қатысушылардың арасында ағайынды Әли мен Мерей Есенгелдиндер де бар.  Олардың арғы аталары Байшыған Бектұрлиев қазақтардың арасында Сусаниннің ерлігін қайталаған жалғыз адам болып тарихта қалған.

– 1944 жылдың көктемінде жаудың беті қайтып жатса да, герман армиясының шпиондық орталықтары кеңес тылында арандату жұмыстарын жүргізіп отырды. Сондай оқиғалардың бірінде Жылой ауданына түсірілген жау десанты жол көрсету үшін жылқы фермасының басқарушысы Байшыған Бектұрлиевті күштеп алып кетеді. Ол қанша азапқа түссе де, сабыры мен бағыт-бағдарын жоғалтпай, жау отрядын жергілікті органдардың қолына  түсіреді. Біздің атамыз Кострома облысындағы  И.Сусанин музейінде «елу үшінші Сусанин» болып тіркелген, – дейді Оралдағы Зияткерлік мектептің 12-сынып оқушысы Әли Есенгелдин.

Сонымен қатар  қазір барлық Зияткерлік мектептерде «Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз!» мерейтойлық марафоны басталды. Патриоттық жоба аясында оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар өз отбасыларының тарихын майданнан келген хаттар мен альбомдар, сонымен қатар соғыс және тыл ардагерлерінің естеліктері арқылы ұсынуда.

Айдана ХАМИДУЛЛИНА,
Оралдағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.