Home » "Абай 175 жыл" - мектептер » Абайдан қалған асыл мұра

Абайдан қалған асыл мұра

Айтмухамбетова Айгерім Азаматовна
БҚО, Шыңғырлау ауданы
Шыңғырлау ауылындағы
Л. Қылышев ат. орта жалпы білім
беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Ұшқан құстың қанаты талып, шығыстан шыққан күн батысына әрең жететін кең жазиралы даланы мекен еткен қазақ деген іргелі елміз. Теңдің пен татулықты, елдік пен еркіндікті ту етіп ұстаған «бастаса елдің көсемі, сөйлесе сөздің шешені» болған ақсақалды аталарымыз бен найзаның ұшы, қылыштың қыры, садақтың жебесіне тайсалмай қарсы тұрған ағаларымыздың арқасында еліміз көк туымыздың аспанда қалықтап тұруына, бүгінгі көркейген шағына қол жеткізді.

Қазақ даласының өткеніне бүгінгі күн биігінен көз жіберіп, ой жүгіртіп қарасақ, жаңашылдыққа, оқу-білімге, өнерге деген талпынысты Асан Қайғы, Ақтанберді, Шалкиіз, Абай сияқты бабаларымыздың жырларынан анық көруімізге болады. Бүгінде жастарды ғылым-білім үйренуге үндеген, өз артынан ел тарихында өшпес із қалдырған ғұлама ақын-жазушы, ойшыл, ағартушы, аудармашы, ұлттық жазба әдебиеттің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толғалы отыр. Осындай айтулы мерекеде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар жоспарланған деп, «бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек»,- деп Президентіміз өз ойын түйген болатын.

Ұрпағымыздың рухани азығы, ғұлама ақынымыздың бізге қалдырған мол мұрасы бүгін де өз маңыздылығын жойған жоқ. Оның әр жазған қара сөзінде, өлең жолдарында тұнып тұрған ақыл, ғылым, көрегеншілдік, даналықтың ізгі жолы жатыр.

Ұлы Абайдың бізге жеткен асыл мұраларының бірі, адамға дұрыс бағыт-бағдар беретін, ойланарлық іс қылып, бұл дүниеден өзіндік орнын табуға ниеттейтін көркем ойлары оның – қара сөздері.

Абай ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап өзінің ой-толғаныстарын қара сөздерімен білдірген. Ғылыми философиялық толғаныстар кең орын алған қара сөздері әр тұлғаны ерекше сезімге бөлеп, ойланарлық, ғибрат етерлік істерге меңзейді. Көпшілік қара сөздерінде философиялық сұрау беріп, сол сұрауға өзі жауап беруге тырысып, өзімен-өзі кеңесу, ой-пікір білдіру үлгісінде құрылған. Өзінің қара сөздер жазудағы мақсатын Абай: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры, осыған бел байладым. Енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ»,- деп ел қамын ойлаған ұлы ойшыл-ғалымның өмір, қоғам, тіршілік, адамдар арасындағы қарым-қатынас жөніндегі көзқарасының жиынтығы, философиялық ой топшылауы еді.

Қара сөздерді тақырып жағынан бірнеше түрге топтауға болады.

1.Ғылым, білім, өнерді сөз  еткенде Абай сауданың тегін білетін өзбек, татар жұртын, өнер-ғылымның жолын қуған орыс жұртын үлгі етеді. «Жиырма бесінші» қара сөзінде: «хикмет те, өнер де, мал да, ғылым да – бәрі орыста тұр. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына (тең болу) енеді… Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі»,− дейді. ХХІ ғасыр білім заманы. Адам баласының білім алып, өз ойлаған армандарына қол жеткізу үшін үлкен мүмкіндіктер берілген. Білім көкжиегіне терең бойлап, мақсаттарына қол жеткізген тұлға ғана елден өзгеше болады. Осы жайында Абай атамыз өз заманында: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой дегеннің бәрі ақымақтық»,- деп айтып кеткен («Он сегізінші» қара сөз).

Естіген, білген нәрселерді есте сақтаудың, есті тәрбиелеп жетілдірудің жолдарын да Абай атамыз сөз еткен. «Отыз бірінші» қара сөзінде: «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек, екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибраттану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек, үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше рет қайталап ойланып, көңілге бекіту керек, төртінші – ой-кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер ой кез болып қалса, салынбау керек»,- деп ынта қоя тыңдау, естігенде ойда қайталап бекітіп, көңіл-күйдің әр түрлі әсерлеріне берілмей, ерік пен жігерді тізгіндеп ұстау жөнінде педагогикалық тұрғыда ақы- кеңес береді.

  1. Дүниенің тылсым сырын танып білу мақсатында «Жетінші», «Он тоғызыншы», «Отыз бірінші», «Отыз сегізінші», «Қырық үшінші» қара сөздерінде ой қорытады. «Жетінші» қара сөзінде; «Бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – «ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деп талпынып, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыншымау. Бұл – жан құмарлығы…» — деп, адам баласының ішкі дүниесінің қыр-сырын ашуға талпыныс жасайды.
  2. Хәкім Абай атамыз өз қара сөзінде ілім мен білім туралы да молынан тоқталып өткен. «Алтыншы», «Сегізінші», «Он бірінші» қара сөздерінде білімге жетер жолда кедергі келтіріп, адам баласын кес-кестей беретін надандық, талапсыздық, жалқаулық мінездерді сынаған. «Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, арамдық ақыл, ғылым, білім – еш нәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса құдай тағаланы да паралап алса болады дейді», — деп байлық десе ішкен асын жерге қоятын, білімге түк те қызығушылығы жоқ ел ағаларын «Сегізінші» қара сөзінде сынға алған.
  3. Адамгершілік, ар-ұят, өнер жайында да Абай атамыз сөз еткен. Ол өзінің «Бесінші», «Он бірінші», «Он сегізінші» сөздерінде әңгіме қылған. Өнерді меңгеру арқылы мал табуға болатыны туралы «Отыз үшінші» сөзінде: «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі қазақтың әулиесі – сол…Бірақ өнеріңді бұлдай, бағалай біл» — дейді. Абай атамыздың әр қара сөзі тұнып тұрған ақыл – өсиет. Бір сөзінде мақтаншақтық жайлы сөз қозғаса, енді бірінде иман жайында жазады, ал енді бірінде қазақтарда кең қолданысқа ие болған алайда еш мағынасы жоқ, мағлұм болған мақалдарды сынай отырып, олардың мағынасын кеңінен ашады. Қара сөздерінің қайсысы болмасын қазақты жақсылыққа, игі істерге шақырады , жамандық пен жалқаулықтан жирендіру үшін түрлі әдіспен сөздерден маржан түзіп әсерлі етуге барын салған.

Өз халқының тарихында тау шынарындай биік тұрған, поэзияда, музыкада, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып қала беретіні сөзсіз.

Анықтамалық әдебиеттер:

  1. З. Ахметов, М. Қаратаев, М.Мағауин, Қ. Мырзалиев,М. Мырзахметов, Р. Нұрғалиев. «Абай» Екі томдық шығармалар жинағы №2 1986 ж
  2. Ж. Базарбаев. Инабат (Әдептану оқу құралы) №1 1995 ж

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.