Home » Жаңалықтар » «Орал қаласының Құрметті педагогі» марапаты тапсырылды

«Орал қаласының Құрметті педагогі» марапаты тапсырылды

Кәсіби мерекелеріне орай ұстаздар қауымын құттықтаған Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қаланың білім беру жүйесін дамытуға сүбелі үлес қосқан мереке иелеріне осындай құрмет көрсетті.  

Жастар мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты шарада сөз алған қала әкімі Абат Абайұлы білім саласының қызметкерлерін, ардагер-ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Қазақтың кемеңгер ақыны Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Алты алаштың баласы бас қосса, ең қадірлі орын – мұғалімдікі» деп, жоғары баға берген. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын адам жанының бағбаны, білімнің бағдары, ізгіліктің шамшырағы болған сіздердің парасатты, машақаты да мол ерен еңбектеріңіз қандай құрметке де лайық. Сондықтан да бүгінгі осы тамаша кеш сіздерге арналады. Санитарлық талапқа сай барлық ұстаздар қауымын бір залға жинай алмасақ та, сіздер арқылы оралдық барша педагогтарды осынау төл мерекелерімен құттықтаймын. Әсіресе, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер-ұстаздардың орны ерекше, – деді қала басшысы. Жылы лебізден соң Абат Абайұлы бір топ ұстазға «Орал қаласының Құрметті педагогі» төсбелгісімен бірге өз атынан алғыс хат және 100 мың теңге ақшалай сыйақы табыстады.
Салтанатты шара барысында өскелең ұрпақ тәрбиесі мен мемлекеттің гүлденуі жолында абыройлы еңбек етіп жүрген білім саласының бір топ қызметкері ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен, облыстық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының сертификаттарымен, қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік кешке жиналған ардагер-ұстаздар мен педагогтар Жастар мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

 Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», Орал

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.