Home » Мақалалар » Мектеп жасына дейінгі мекемедегі би үйірмесінің мәні

Мектеп жасына дейінгі мекемедегі би үйірмесінің мәні

Ақмола облысы, Бурабай ауданы,
Щучинск қаласы,
 МКҚК «Ақбота» бөбекжайының
ІІ санатты музыка жетекшісі,
 «Айгөлек» би үйірмесінің жетекшісі.
Жалманбетова Райхан Темирбулатовна

       «Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» — деп кеңес педагогы В.А.Сухомлинский айтып кеткендей, тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл аудару қажеттілігін атап көрсеткен болатын. Сол өнердің бірі – би өнері. Би — музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін өнер. «Би өнері адам өмірінің эмоциялық табиғаты мен оны қоршаған табиғи ортаны бейнелеген көркемдік шығармашылық салаларында елеулі орын алды. Міне осы тұрғыда би жанрындағы өзімнің кәсібімде «Ұлттық би өнерін сақтай отырып, әр жақты ұрпақ тәрбиелеу» тақырыбында әдістемелік шеберлігімді шыңдай отырып, қызмет етіп  келемін. Қазіргі таңда «Ақбота» бөбекжайында «Айгөлек» би үйірмесінің жетекшісімін. Ондағы негізгі мақсатым, балалардың би өнеріне деген қызығушылықтарын арттырып, ұлттық нақыштағы халық билерді, балаларға арналған сюжеттік билерді, жеке орындаушыларға арналған арнайы қойылатын жеке билерді үйрете отырып, жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады.  Жалпы би өнерін дұрыс оқыту – бұл тарихымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық сазымызды таныта отырып тәрбиелеу. Сонымен  қатар, балалардың дене бітімін әдемі қалыптасуына үлесі зор, нағыз денсаулықты шыңдайтын пән. Би – өмір сүру символы. Ол адам баласын үнемі көтеріңкі көңіл-күйде, қанаттанып жүруге мәжбүрлейтін өнер. Сонау ерте дүниеден адам аң мен құстың қимылына қарап, жапырақтардың сыбдырына, бұлақ суының сылдырына елтіп, соларды жанына тоқып дамыған. Би өнері сұлулық, сымбаттылық, әсемдік сыйлайды, балаларды еңбектенуге баулиды. Ол этика мен эстетикалық тәрбие беріп қана қоймай, жанға қуат береді. Би өнерімен айналысу балалардың көркемдік талғамын дамытады, олардың орындаушылығының сұлулығы мен байсалдылығын тәрбиелейді, жалпы мәдениетін қалыптастырады, көркемдік-эстетикалық дамуын қамтамасыз етеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың би үйірмесі — өскелең бүлдіршіндерді әсемдік пен дене сымбатының  дұрыс өсуіне, өз-өзіне сенімділігі мен ерекшелігін сезініп, жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

Би үйірмесінің  басты мақсаты:

  1. Балалардың би өнеріне деген қызығушылығын арттырып, тұлғаны қалыптастыру. Шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Би үйірмесінің міндеттері:

  1. Балаларға би қимылдарын музыка мазмұнына сәйкес орындауға үйрету
  2. Балалардың қимыл  белсенділіктерін арттыру
  3. Әуенге сәйкес дербес би қозғалыстарын ойлау арқылы баланың ой — қиялын және елестету қабілеттерін дамыту.
  4. Ырғақты би арқылы еркіндік, шығармашылық пен психологиялық жағымды эмоциясын арттыру.

Мақсатқа жету жолдары:

  1. Би ырғақтарын іріктеу.
  2. Жалпы дамыту жаттығу кешенін құрастыру.
  3. Мерекелік іс-шаралар мен түрлі байқауларға белсенді қатысу.

Педагог міндеті:

  1. Баланың шығармашылық қызығушылығын арттыру.
  2. Жеке тұлға дамуында  заманауи инновациялық  әдістерді қолдану.
  3. Жалпы ережеге, тәртіпке бағына білуге тәрбиелеу.

Бөбекжай бүлдіршіндерін   өнерге баулып, оларға эстетикалық тәрбие беруде би үйірмесінің де маңызы аса зор. Ол баланы  музыка тыңдауға, ырғақты сезініп,  мәнерлі қимыл-қозғалыс жасай білуге тәрбиелеп,  дене бітімінің  сымбатты  болып өсуіне жол ашады. Мектеп жасына дейін хореографиялық негіз  алған балалар жеткілікті түрде мықты қимыл-қозғалыс дағдысы мен қабілетін меңгерумен қатар, жақсы есте сақтау, зейін, ұшқыр қиялмен ерекшеленеді. Баланың эстетикалық, физикалық және рухани ойлау қабілеттерін тәрбиелеуге би өнері қомақты әсерін тигізеді. Би тек сұлулыққа ғана қызмет етпейді. Ол дененің  физикалық дамуына да ықпал етіп, дене  иілгіштік қасиетін дамытады. Олай болса,  хореография іс-әрекеті баланың белсенді қимылдауын шығармашылық тұрғыда іске асырып қана қоймай, әр-түрлі қимыл-қозғалыстар арқылы ерте жаста  ырғақты сезіну етпен дене бітімін  күшейту мен дамытуға әкелетінін де атап өтуге болады. Бала бойында  ұлы мүмкіншіліктердің бәрі  бар.   Сол қасиеттерді дамыту ісі дәл бөбекжайда басталмақшы. Мектепке дейінгі  тәрбиеленіп отырған балалар үшін  би өнері  көңілді де  қызықты болуы шарт. Ең алдымен биді билеуге үйрету үшін ән мен күй тыңдауы, оны  түсіндіру қажет. Сол себепті көңілді-көңілсіз, шапшаң-жай ырғақтарын  таныстыра отырып,  балаларға  би қимылдары үлгі арқылы үйретіледі. Би қимыл элементтері  негізінен үш жастан бастап үйретіледі. Би қимылдарын  оларға  белгілі бір құралдармен ойыншықтармен  үйреткен анағұрлым  жеңілірек. Ал жоғары топтарда көбіне қазақтың ұлттық билерін және басқа  ұлттардың билерін үйретуді қолға  алынады. Бұл топтарда  асатаяқ, домбыра, даңғыра  кесе, орамал, қамшы, қылыш т.б құралдар қолданылады. Көпшілігі  аяқ, қол, иық қимылдарына  арналған. Бұл  билердің  барлығы балаларға  өте қызық, орындауға  жеңіл. Би ырғағымен  үйлесе  билеу  үшін, балаларда белгілі бір қимыл  қоры  болуы тиіс. Ол дене  жаттығу  қимылдарынан  алынады. Сондай-ақ, гимнастикалық  жаттығу қимылдары да  қолданыс  табады. Аталған қимылдар  доп,  құрсау,  лента заттармен  күрделеніп, ортаңғы  және ересек топтарда үйретіледі. Іс-әрекет  үстінде  әрбір  дененің  бар қимылдарын  орындап қана қоймай биге қызығушылығын  ынталандыра, музыка ырғағына  сәкес мәнерлі  көрсетеді. Би қимылдары  ең  бір  күтпеген  ойлардан, кейбір  қоршаған  ортадағы  жағдайларды бақылаудан  пайда болады.

Мектеп жасына  дейінгі  мекемелердегі  хореография  іс-әрекеті  мына  міндеттерді  іске  асырады:

  • Бала  денсаулығын  нығайтуды;
  • Музыкалық  ырғақты, қарқынды  сезінуді,  биді  мәнерлі  орындауды, олардың  жекелеген  элементтерін  меңгеруді;
  • Әдемі  жүріс-тұрыс дене  сымбаттылығын  ептілікті қалыптастыруды, мәнерлі  дене  қозғалысымен  мен  қалпын  ұстауды  үйретеді.

Би  өнері – тілсіз өнер, оның айтар мағынасы болуы шарт.  Философиялық мағынаға бай болуы тиіс. Былай айтқанда, спектакль іспеттес. Жүректегі, ойдағы жазуды би тілімен  жеткізу, халықты бұған сендіру – басты мәселе. Осы жағынан келгенде, қолдың, саусақтың, буынның, дененің әр қимылы – пәлсапа! Кез келген ұлттық биі әр түрлі мағынада, әр түрлі жағдайда бастау алған. Мысалы, испан билері көбіне махаббаттан; ұйғыр билері тікелей өз мінездер сипаттаудан; қытай, жапон билері ішкі сезімді білдіруден; үнді билері өздерінің құдайларын баяндаудан бастау алған. Ал қазақ биі салты-дәстүр, тұрмыс-тіршілік, ою-өрнегімізден басталады. Әсіресе, қол мен дененің пластикалық икемділігін, қыздардың еркелігі мен назын, сұлулығын көрсетіп, ер адамдардың керісінше жанып тұрған өткірлік, түрлі күрделі секірулер мен буын қимылдары, ат шабыс, өзге де жігерлі қимылдарды сипаттау арқылы ерекшеленеді. Би үйірмесі жұмысының түрлері би билеу, музыкалық – ырғақты қимылдар, музыка тыңдау, би қимыл жаттығуы сахнада орындалуы. Би өнері ішкі рухани әлемді ашады, адамды сұлулыққа тәрбиелейді, игі қасиеттерді оятады, адамгершілік идеяларды насихаттайды.

Қорыта келгенде би өнері ішкі рухани әлемді ашады, адамды сұлулыққа тәрбиелейді, игі қасиеттерді оятады, адамгершілік идеяларды насихаттайды. Сондай – ақ, «Тынымсыз – ізденіс, түбегейлі – нәтиже» екенін ескерсек, адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын құдіретті өнер — балалардың өнерге сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке, іскерлікке ынтасын арттыруда жеке тұлғаның қалыптасуына би өнерінің әсері ерекше. Сондықтан да, осы үйірмеде жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту және ұлттық өнерімізді пайдалана білінуіне, шеберлік деңгейін арттырып, ынта-ықыласын молайту әсемдік пен сұлулықты көріп бағалай білуге, өз елін, өз халқын сүюге, қазақтың ұлттық өнеріне тәрбиелеу  басты мақсат болып келеді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.