Салихова Гульбаршын Гимрановна
Маңғыстау облысы
Түпқараған ауданы
Ақшұқыр ауылы
Маршал Әбдіхалықов
мектеп-гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі
Мақсаты: 1. Оқушыларды ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаев шығармаларымен таныстыру. Ақынның өлеңдері мен қарасөздерін оқыту арқылы адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу. Білімге деген құштарлығын арттыру.
- Оқушылардың сөйлеу, мәнерлеп оқу қабілеттерін, тіл байлықтарын, сөздік қорларын дамыту.
- Мейірімді, адал болуға, адамгершілікке, жаман әдептерден бойларын алыс ұстауға тәрбиелеу.
Тәсілдері: ой қозғау, сахналық көрініс,.
Көрнекілігі: А.Құнанбаев, А.С. Пушкиннің портреттері, интерактивті тақта, кітаптар көрмесі.
Пәнаралық байланыс: ана тілі, ән- әуез
Сабақтың барысы. Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылар назарын сабаққа аудару. «Ата толғау» күйі қосылып тұрады.
Біреулерге болғанмен айдала,
Басын иіп тәу етеді бар дана.
Ұлы Абайды дүниеге әкелген,
Құдіретіңнен айналайын, сардала.
Мұғалімнің кіріспе сөзі. Балалар, бүгінгі шарада біз қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз туралы ой бөлісеміз. Әрбір жас ұрпақ кішкентай кезінен бастап Абай атаның әнімен сусындап, жырларынан нәр алып келеді.
Мырзагелді Кемел: «Мен қазақты үшке бөлер едім. Біріншісі — Абайды оқығандар, екіншісі — Абайды оқысам деп жүргендер, үшіншілер — Абайды оқымағандар».
— Балалар, сендер осының қайсысына жатасындар?
— Біз бірінші топқа жатамыз. Ұлылығы әлемге танылған Абай атаның шығармаларымен танысып жатырмыз.
Бүгінгі заман адамы «сегіз қырлы, бір сырлы» болып өсуі керек. Оның бастысы, біздер үшін- әдептілік.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң – арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан,- деп Абай атамыз айтқандай, кішіге мейірімді, досыңа қайырымды, еңбексүйгіш, шыншыл да қамқор болсаң, өсе келе ата- анаңның, Отаныңның мақтаны боласың («Ата толғау» күйі қосылып тұрады).
Бастаушы. Ой қозғау.
«Ұлы ақын — Абай ата»
Абай атам- данышпан, ұлы ақын,
Қазақ халқын танытқан әлемге айқын.
Елін, жерін, Отанын әнге қосып,
Өлеңімен жырлаған халқын жақын.
Орыс халқы мақтанса Пушкинменен,
Абай атам – ұлы ақын, еңбегі ерен.
Қос ақынның оқысаң өлеңдерін,
Махаббатың артады елге деген.
«Абай ата»
Ата сөзі – қазақтың бойтұмары,
Оқысаң, ашылады ой тұманы.
Қиналсаң, ақыл қосып ақылыңа,
Жырларында жанашыр ой тұрады.
Қазаққа бөлек екен Абай орны,
Талапшыл, қанағатшыл, терең ойлы.
Өнер-білім, ғылымды қадірлеумен
Қазақ елін ақиқат жолға қойды.
Шағын көрініс
Тыныштық. Абай өлең жазып отыр.
Есіктен досы Ербол кірді.
Ербол. Абай досым, тағы өлең жазып отырмысың?!
Шаршадың ғой… Бір сәт демалсаңшы.
Абай. Ербол, тыңдашы (ыңылдап)
Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы.
Бітпейді іштегі,
Ғашықтың жарасы.
Ербол. Абай неткен әдемі ән! Ғажап, жаңа ән, жаңа өлең! Тамаша! Абай, Сүйіндік ауылында екі күннен кейін алтыбақан болғалы жатыр екен. Соған барсақ қайтеді. Осы әнді жастарға сый етіп тартайық!
Абай (басын изеп): Жарайды.
Жастар жиналып «Айттым сәлем, қаламқас» әні, би қыздар тобы.
Абай, Ербол шетте отырады.
1-қыз. Қыздар, қыздар, Құнанбай қажының баласы Абай келіп тұр.
2-қыз. Қасындағы Ербол ғой.
3-қыз. Абай, Ербол, келіңдер. Төрлетіңдер. Қош келдіңдер!
Абай. Ойын-сауықтарың қызық болсын!
Ербол. Ән-күйлерің қанатты болсын!
Топ. Бірге болсын! Айтқаның келсін!
4-қыз. Ортамызға Абай келіп қалған екен. Неге өлеңдерін оқып, әнін салмаймыз?!
Топ. Ал кім сөзге ұста, кәне, бастап жіберейік.
5-қыз. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»
Ербол. Сүйіндік ауылының жастары, тыңдаңыздар! Абай сендерге жаңа әнін сый қылып тартады. Қабыл алыңдар!
Ән шырқалады «Көзімнің қарасы».
Топ. Неткен тамаша ән. Терең, сырлы. Рахмет, Абай.
Абай. Әнімді қабыл алғандарыңызға көп рахмет.
Өзгеге көңілім тоярсың,
Өлеңді қайтып қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Сайра да зарла, қызыл тіл,
Қара көңілім оянсын.
Жыласын көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.
«Желсіз түнде жарық ай» әні шырқалады.
Аңшы жігіт (ентелеп келіп): Уа, Абай ақынның құрбы-құрдастары, амансыңдар ма!
Топ. Армысың, бейтаныс жіт!
Ербол. Ассалаумағалейкум, жас жігіт!
Абай. Жолың болсын, жігітім!
Қыздар. Орта толсын!
Аңшы. Аң аулап жүріп, алыстан Абай әнінің сазды әуенін құлағым шалып, ат басын бұрдым. Ақын Абай қарсы болмас, осы ауылдың қыздарының әнін, өлеңін тыңдағалы келдім.
6- қыз. «Құлақтан кіріп бойды алар».
Аңшы жігіт. Бәрекелді, ризамын өлеңіңе Таңшолпан!
7-қыз. «Ғылым таппай мақтанба»
Топ. Ой, бәрекелді!
Абай. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін
Қара сөздері үш тілде оқылады.
Бастаушы. Міне, сіздер Абайдың бозбала шағынан бір көрінсті тамашаладыңыздар. Абай 1904 жылы дүниеден өтті. Абай өмірден озса да артына көп мұра қалдырды. Өлең-жырлары, қарасөздері мәнді де мағыналы болды.
Жазушы Төлен Әбдіков. «Абай халқымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз. М. Әуезов Абайды әлемге таныту арқылы әлемге қазақты танытты»,- деді. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман- эпопеясымен қысқаша әңгімелер арқылы танысып келе жатырмыз.
Ойды түйіндеу. Бүгінгі сабағымызды Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына өлеңімен аяқтағым келеді.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге.
Қамшының сабындай ғана қысқа өмірінде артына өшпес із, өлмес өсиет қалдырып кетуді ақын сөзімен айтсақ:
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…
Қасиетті қара сөздерден ғибрат алып қана қоймай, өмірлік нұсқау алдық. Қазақ сөзінің киесі қонған бұл қара сөздер кез келгенімізге өмірлік бағыт-бағдар, ақыл қосушы. Сондықтан, балалар, біз Абай атаны жадымызда ұстаймыз.