Home » Ашық сабақтар » Өмірге  шуақ төккен өлеңменен

Өмірге  шуақ төккен өлеңменен

  Исина Алданыш Жолбарысбековна
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, жетекші
Дәулен Інжу Талғатқызы
Қарағанды облысы
Жаңаарқа ауданы
Ынтымақ ЖОББМ
6-сынып оқушысы

Менің ауылым дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин атымен аталады. Шағын болса да мен үшін үлкен ауылымды, ауылда тұратын адамдарды мақтан етемін. Ауыл адамдары – бір-бірімен жақын араласатын қонақжай  адамдар. Осы ауылда жүзінен иманы төгілген, елге қадірлі, сөзге шешен Айкен деген апам бар. Ол кісінің өлеңдерін оқысаңыздар, керемет! Рухани дем аласыздар.
Биылғы ғылыми жұмысымды да Айкен Асанованың поэзиясына арнамақпын. Ақынның өлеңдері тақырыбы жағынан болсын, жанры жағынан болсын сан алуан. Осы жырлардың ішінен ақынның ата-ана, бала күнгі достары, жақын жандары жайлы жазылған өлеңдеріне тоқталмақпын. Жырларында имандылық, сенім, ел-жұртын құрметтеу сезімі айрықша байқалады. Мәселен, «Бақытым-балам» деген өлеңінде:
Сәбиге бейнет қой деп қарамайық,
Алаңсыз пәк күнім деп саралайық.
Дүкеннен шай ішетін кесе алғандай,
Күпірлік қой! Баланы санамайық- деп, халықтық дәстүрді еске салғандай болады. Баланың бақыт екендігін түсінбей жүргендерге ой салатын өлең.
Адамға ең жақын аяулы жандардың бірі – оның ата-анасы, ақ жаулықты әжесі. Әжеге деген сағынышын ақынның мына өлең жолдарынан байқадым.
О, менің Шәкен әжем — Ақ тұмарым,
Ауылға сағынышпен кеп тұрамын.
Ағарып ақ жаулығың аңқылдап бір,
Алдымнан шығатындай боп тұрамын.
Ақынның шексіз махаббаты, ыстық сезімі қай өлеңінде болмасын кең көрініс тапқан. «Менің анам» деген өлеңінде:

Қырық үште ерте кеттің өмірден,

Тоғыз бала қалды жылап төріңде.

Жетімдікті үлес етіп біздерге,

Өмір-қырдан кеттің асып көрінбей — деп, анасының өмірде қырық үш жас қана өмір сүргендігін, тоғыз баланың жетім қалғандығын айтып өтеді. Өздерінің мүшкіл халін аянышпен суреттейді.
Менің анам бауырмалды жан еді,
Тал жібектей, тана көзді, әдемі.
«Ақке, Тентек, Шаңырақ» — деп ат қойып,
Ағайынға жаққан ақыл, әдеті — деп, анасының елге қадірлі жан болғандығын айтады. Ал, мына бір өлең жолдары досы Клараға арналған.
Иығыңа сүйеніп еркелейін,
Күндер сағым өткінші келте деймін.
Сен күлімдеп отырсаң қарсы алдымда,
Қызғалдағы жайқалған өлкедеймін — дейді.

Міне, «балаларым-бақытым» деп қарайтын қарапайым ананың жырынан көп нәрсені түсінгендей болдым.
Өзімнің жас ерекшелігіме байланысты ақын апамның тек бір ғана қырынан, яғни, өлеңдерінен сыр шерттім. Ағайын-туыс арасында қадірлі, бауырмалдық, сыйластық сезімі басым осындай ақын апамның барына мақтанамын. Айкен Асанова апамдай келешекте мен де ақын болғым келеді

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.