Home » Айтарым бар » Білім іздеген Айша

Білім іздеген Айша

Білім іздеген Айша

Әне-міне дегенше, жаздың-жайма шуақ күндері аяқталып, күздің салқын лебі бетіңді сипап өтердей. Алатаудың жанында жатқан Қарғалы ауылының ауасы таза, жанға шипа еді. Таң атып, күн алаулап көтеріліп, ауыл үстіне нұрын шашып, басталар күннің шапағатын арқалап келе жатқан шақ. Көшені жағалай өскен ақ қайыңдардың арасында, қызыл әрі ескі  қақпасы бар үй көзге түседі. Жан-жағын жайпап жатқан, қызыл-сары жапырақтар  жел бағытымен ары-бері тар аула ішінде сандалуда. Ауласында кішкентай, көк түсті велосипедті байқауға болады. Бұл ауылдағы жалғыз мектептің күзетшісі — Сарыбайдың алтыншы сыныпқа көшкен жалғыз ұлының ескі велосипеді болатын. Жалпы, Сарыбайдың шаңырағында бар жоғы төрт адам тұратын. Сондағысы, мектепте еден жуушы болып істейтін жұбайы — Күлпән, бірінші курс студенті, бойжеткен қызы — Айша мен алтыншы сыныпта оқитын сотқар баласы — Алпамыс еді.
Қызы Айша, мектебін қызылға бітірді. Грантқа да өз күшімен түсіп, Сарыбай мен Күлпәннің үмітін ақтап, бар күш-жігерін оқуына салуда. Ал, кенже ұлы Алпамыста  бәрі дерлік керісінше. Қашан қарасаң да, сынып жетекшісі біресе шешесіне, біресе әкесіне шағымданып жүреді. Айтқан сөзді ұқпайтын, үнемі басына пәле тілеп, жүрген-кеткен балаларға тиісіп, түртіп жүретін. Қара-торы келген, бойы қысқа болса да,  күші тасып тұр. Өзінен бірнеше жас үлкен балалармен ерегесіп қала беретін жаман әдеті бар.
Алтыншы қыркүйек. Күн — дүйсенбі. Күлпән мен Сарыбай әдеттегідей ерте тұрып, жұмыстарына жиналды. Айша да оқуына кетпекші болып інісімен бірге таңғы асын ішіп алды да,  қаладағы университетіне жол тартты.Сабағы түскі екіде басталатын Алпамыс не сабағына дайындалмай, не киімін үтіктеместен, велосипедіне мінді де, келесі көшенің балаларына кетті. Достарымен алаңсыз жүргенде,  уақыттың қалай тез өте кеткенін байқамай қалған Алпамыстың ойына,  кенет сабағы  түсті. Жылдам велосипедіне отыра кетті де зымырай жөнелді. Үйіне келе сала уақытты қараса, екіге он бес минут қалыпты. Апыл-ғұпыл кітап дәптерін салып, киімін киюге кірісті. Асыққаннан мыж-мыж жейдесі мен қыры кетіп қалған шалбарын киіп, галстугін қалай болса солай тағып, асығыс үйінен шықты. Велосипедіне отырып мектепке қарай ұшты. Ауылдың жолына әлі асфальт төселмеген, жерде майда шиыршық тастар көп еді. Мектепке жақындай бергенде,  алдынан кенет бір топ бала шығып, тежегішті басып қалғанда,  жерде жатқан тастың біріне сүрініп  құлап қалады. Шалбары шаң-шаң болып, ақ жейдесінің етек жағы жыртылып қалды. Бұны көрген бір топ баланың ішіндегі біреуі қарқылдап күле бастайды. Ашуға булыққан Алпамыс баланың жағасынан ала кетіп, басымен мұрнынан бір ұрады. Жанындағы балалар Алпамысты  әлгі баладан әзер ажыратып алады. Бала болса, жерге жатып, ойбайға басып жылайды. Жандарынан өтіп бара жатып байқап қалған, бір мұғалім, бірден дәрігер шақыртып, Алпамысты мектеп директорына ертіп барады. Директор Сарыбайды шақыртып, баласының енді бұл мектептен қуылғанын айтып, шығарып салады. Қап әттеген-ай…енді не болмақ? Бұл ауылдағы жалғыз мектеп еді…
Үйіне келе сала  Алпамыс  әкесінен сөз естіп, көңілін қалдырады. Сол сәтте үйдің есігі ашылып, үйге Айша кіріп келеді. Алпамыстың  сөлпиіп тұрғанын, әкесінің ашуланғанын көріп, аң-таң. Бұл тағы не бүлдірді екен?-деп,  ішінен ойлап қояды. Ашуға булығып тұрған әкесі сыртқа шығып кетеді. Үсті басы кір-кір інісінен, болған жайтты егжей-тегжей сұрап шығады. Ештеңе білмегенсіп, бөлмесіне кіріп кетеді де, ұзақ ойға шомады. Енді не істейміз?- деп ойланып отырғанда,  қала шетіндегі лицей есіне түседі.
Таң алаулап атып келе жатқан шақ.  Айша бүгін күндегісінен ерте тұрып алған. Бар мақсаты, университетіне барар жолда қала шетіндегі лицейді біліп қайту. Осы мақсатпен үйінен шығып, лицейге жол тартады. Барса, ол мектепті қалталары көтермейтінін түсінеді. Айына елу  мың… Өздері нанын әзер тауып жүрген отбасы. Енді қайтпек? Алып ұшқан көңілі су сепкендей басылған Айша қамығып ары қарай университетіне кетті. Аялдамада тұрғанда да,  автобус ішінде де бар ойлағаны —  қайтсе де ақша тауып, інісін сол мектепке беру. Ойға батып отқанда көздеген аялдамасына қалай жетіп қалғанын да байқамай қалыпты. Тездетіп автобустан түсіп, университетіне бет алды. Енді кіре бергенде,  алдынан кураторы шыға келді. Өзі асығыс көрінеді.
-Сәлеметсің бе, Айша! Жақсы болды ғой сені көргенім. Сені бірінші сабақтан босаттым. Он екінші кабинетке жиналысқа қатысасың. Қытайдан профессорлар келді. Біздің университеттің білім үздіктерін ғылыми-медициналық конкурс арқылы саралап, ақшалай қомақты жүлде мен Қытайдағы ең жоғары оқу орнына жолдама бермекші. Сені білім озаты деп соған қатыстырып жатырмын. Кім біледі, мүмкін, ұтып та қаларсың. Сол мезетте Айшаның ойына  інісі Алпамыс түсті де  жеңіске деген үміті артты. Оның бар ойы інісін қалайда  лицейде оқыту еді. Ұстазымен бірге он екінші кабинетке кірді. Кабинет төрінде Қытайдан келген екі профессор, жанында аудармашысы бар және университеттің ректоры  орынбасарымен бірге отыр екен. Айшаны көрген университет ректоры, кураторына Айшаны таныстыруды өтінді. Айша жайында барлық мәлімет берілген соң, Айша оқу озаттарының жанына жайғасты. Ректордың орынбасары орнынан тұрып, студенттермен амандаса келе, профессорлардың келу себебін айтып өтті. Жиналыс басталып, бір сағатқа жалғасты. Соңында жарыс екі апта болатыны айтылды.
Сол күннен бастап, Айша жарысқа белсене кірісті, күндіз- түні кітаптан бас алмай, алған білімін шыңдай түсті. Еткен еңбегі мен төккен терінің арқасында көздеген жеңісіне жетті.  Университет ректоры ата-анасына алғыс білдіріп,  жарыстан ұтып алған қомақты ақша мен жоғары оқу орнына жолдаманы табыстады. Айша екі апта бойы оқусыз қалған  інісін қала шетіндегі лицейге орналастырды. Өзі де Қытайдағы жоғарғы оқу орнына кетуге дайындалды. Алайда, Айша, өзі ел көріп, жер көріп, қаншама белестерді бағындырғысы келсе де,  іштей ата-анасын жалғыз тастап кеткісі келмеді.
Айшаның іштей уайымға беріліп жүргенін көрген ата-анасы, онымен жақынырақ сөйлесуді жөн көрді. «Айналайын қызым, бұл сенің өз біліміңмен жеткен жетістігің. Біз үшін алаңдап, оқудан бас тартпа! Бұл біліміңмен талай белестерді бағындыратыныңа сенеміз! Біз сенімен мақтанамыз! Алған біліміңді қор қылма. Қытайдағы оқуыңа бара бер. Ақ батамызды береміз,» — деп,  әрдайым қолдау көрсететіндерін айтты.
Уақыт мәресі жетіп, Айша да жолға шықты. Ұшақ билетін және барған соң орналасатын жатақханасын да  қытайлықтар қамтамасыз етті.  Сөйтіп, Айша  өз білімімен жеңіп алған жоғарғы оқу орнына да келіп жетті. Оны университеттегі кураторы күтіп алып, арнайы жатақханадағы жеке бөлмесіне орналастырды. Әне-міне дегенше бірінші семестр де аяқталды. Айша өзінің озаттылығымен стипендияға да ілінді. Стипендия бес жүз доллар болатын, біздің теңгемен жуықтап алғанда екі жүз он бес мың теңге еді. Айша қасындағы басқа қыздар секілді ай сайын әдемі көйлек кимесе де, стипендеясының екіден бір бөлігін отбасына салып отырды. Міне,  нағыз жанашырлық,  қамқорлық ….
Қытайдағы оқуын үш жыл ішінде  қызыл дипломға аяқтап шықты. Айшаның белсенділігі мен тапқырлығын байқаған университет мұғалімдері оған марапаттар беріп, мақтауларын айтты. Айша қызыл дипломмен ата-анасын қуантып, Қытайда біраз уақыт жұмыс істеуге қалатынын айтты.
Қытай ауруханалырының біріне жұмысқа тұрады. Қытай — дамыған мемлекеттердің бірі болғандықтан, айлығы жоғары еді. Ал, Айша, Қытайда танымал дәрігерлердің бірі атанады.
Күн — сенбі. Айша бүгін жұмысынан ерте қайтатын күні еді. Жұмысын аяқтап, кетуге жиналған шақта ұялы телефонына біреу хабарласады. Қараса, әкесі Сарыбай хабарласып жатыр екен.
-Алло, әкешім қалыңыз қалай?
-Жақсы, шүкір қызым, өзің қалайсың?-деп мұңды дауыспен сөйлейді. Айшаның жүрегі бір жамандықты сезеді…
-Жақсымын әкешім, бірдеңе болып қалды ма!? Неге көңілсізсіз!?
-Қызым қазір қолың бос па? Жұмыста емессің бе? Мазалап қоймадым ба?
-Жоқ әкешім, жұмыс күнім аяқталды. Тыңдап тұрмын. Айта беріңіз.
-Айша… Анаңның сырқаты асқынып кетті. Дәрігерлер шұғыл ота жасау қажет деп жатыр…
-Не? Қандай сырқат әкешім? Қандай ота? Не болып қалды анама!?
-Сен білмедің бе? Анаң маған айттым деген еді. Оның сол жақ бүйрегі ауыратын. Енді асқынып істен шығыпты. Шұғыл бүйрегін ауыстыру қажет, -дейді дәрігерлер.
-Бірақ анам маған бұл жайлы ештеңе демеп еді ғой…
-Сені уайымдамай сабағын оқысын деген шығар. Отаға қомақты сумма қажет дейді. Енді не істейміз?Анаң болса отаға көнбей отыр.
-Мен қалайда ақшаны табуға тырысамын әкешім, уайымдамаңыз. Сіз анамды көндірсеңіз болды, — деді Айша дірілдеген дауыспен…
Үйіне келіп, нәр татпай, анасы жайлы ойлар тыныштық бермейді. Ішіндегі бар өкініш-реніші тағдырға еді. Неліктен осындай ауыр сынақтар келе береді?-деген ойлар маза бермеді.. Алайда, Айша әр қиындықтың артында бір жақсылық болатынын ұмытып кетті…
Көп күттірмей дүйсенбі де келіп жетті. Айша, нәр татпастан жұмысына жиналды. Ауруханаға келсе, бір ерлі-зайыпты,  қызын жетектеп келіпті. Айша өз кабинетіне кіріп, қабылдауды бастайды. Ерлі-зайыпты қыздарымен бірге бірінші кіреді. Келе салып, жылы жүзділік танытып, Айшамен амандасып, оны сонау Испаниядан іздеп келгендерін айтады. Иә, Айша аз уақыт ішінде осындай танымал дәрігерлер қатарына қосылған болатын.
Ерлі-зайыпты, жалғыз қызы ауыр сырқаттанғанын және оның ауруының  диагнозын дұрыс таппай жатқанын айтады. Тағдыр кейде тым қатал –ақ. Кішкентай қыздың осылай сырқаттанып қалғанына Айша іштей қынжылды. Сүп-сүйкімді қыздың есімі — Элизаветта екен. Айша Элизаветтаны  бір тексеріп шығып, анализ алу бөліміне жібереді. Анализі оңай ақша тұрмайтын. Алайда емделушінің ата-анасы ешнәрсеге қарамай, анализін тапсырып, нәтижесін Айшаға алып келеді. Айша ауруының себебін бірден тауып, қандай ем қабылдайтындығы жайлы жазып береді. Элизаветтаның, ата-анасы, бақыттан отырған жерлерінде жылап, Айшаға алғыстарын білдіреді.
Арада бір апта өтті, Айша анасының отасына қаржыны әлі тапқан жоқ. Жұмыстан көңілсіз шығып, үйіне келді. Тамақ ішуге де зауқы болмай, жатып қалды. Таңертең  ұялы телефонының дауысынан оянып кетті. Қараса, аурухананың меңгерушісі хабарласып жатыр. Ол, Айшаға, бір апта бұрын құжаттарын тапсырған конкурстан,  «Ең үздік дәрігер» атағы мен қомақты қаржыны жеңіп алғанын айтты. Айша, қуанғанынан жылап жіберді. Айшаның басына қиындық туғанда, оны ылғи тығырықтан алып шығатын оның – білімі. Інісін мектептен қуып жібергенде де, білімінің арқасында қаржы ұтып алып, інісін лицейге орналастырған еді.  Айша, өмірде ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың бірге жүретінін түсінді.
Жұмысына келсе, барлығы Айшаны құттықтап жатыр. Айша,  «Ең үздік дәрігер» атын алғанына емес, анасының отасына қаржы тапқанына қуанып жүр. Күні бойы жұмыста көңілді жүрді. Жұмысы аяқталып, үйіне келді. Екі күннен  соң,   ата-анасымен, бауырымен қауышатынын ойлап, ұйқыға жатты.
Тағы да бір таң атты. Жаңа көтерілген күннің әлсіз сәулесі Айшаға уыз бақыттың хабаршысындай көрінді. Солай болғай!
Жұманова Мақпал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.