Home » Мақалалар » Рухани  құндылықтар арқылы жеке тұлғаны қалыптастыру

Рухани  құндылықтар арқылы жеке тұлғаны қалыптастыру

Қарабаева Айжан Сәрсенқызы
Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық
колледжінің директоры
Педагогика  ғылымының магистрі
“AMANAT” партиясы Атырау облыстық филиалы
жанындағы әйелдер қанатының кеңесшісі,
облыстық мәслихат депутаты

 Рухани  құндылықтар арқылы жеке тұлғаны қалыптастыру

Қазақ халқының рухани қайта өркендеуі жеке тұлғаны өз халқының рухани қазынасымен, оның адамгершілік құндылықтары арқылы тәрбиелеу қажеттілігін айқындай түседі.

Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерінің бірі бәсекеге қабілетті білімі, креативті ойлау қабілеті ғана емес, сондай-ақ жоғары азаматтық және адамгершілік қағидаттары, патриоттық сезімі мен әлеуметтік жауапкершілігі бар зияткерлік ұлтты қалыптастыру болып табылады. Бұл мемлекеттің стратегиялық міндетіне айналды. Бойында отанына деген шексіз сүйіспеншілігі, санасында адамгершілік қағидалары мен ұстанымы, қанында ұлттық намысы мен  ары бар жеке тұлғаны қалыптастыру халқымыздың ғасырлар бойы негізгі ұстанымы болып келді.

Қазіргі уақытта кез-келген педагог білім беру процесіне қатысты бірқатар проблемаларға тап болады, мұның себебі қоғам құндылықтарының үнемі өзгеріп отыруында жатыр. Қоғам талаптары өзгерген сайын тәрбиенің мазмұнына деген сұраныс та күшейеді. Сондықтан да қоғамда болып жатқан үздіксіз  факторлар тәрбиенің мазмұнын қайта қарауды талап етеді.

Бүгінгі әлем қауымдастығынан орын алуға бет бұрған біздің еліміз үшін білім парадигмасының жаңаруы, тәрбие мазмұнының модернизациялануы маңызды процесс болып табылады. Бұл кезеңнің ерекшелігі жаңа сипаттағы заманауи тәрбиені бүгінгі ақпараттық, үдемелі қоғам сипатымен байланыстыру арқылы рухани-адамгершілігі жоғары тұлғаны тәрбиелеу.

Бүгінгі жаһандану үрдісінде әр ұлт, әр мемлекет өзіндік менталитетін, өзіндік бет-бейнесін сақтап қалуға тырысуда. Бізді де осы үрдіске ежелден қалыптасқан ұлттық және рухани құндылықтарымыз алып шығады. Ендеше рухани құндылықтар ұғымына тоқталсақ. Оған ғалымдар әртүрлі анықтама береді. Атап айтсақ, А.Қаплиева «Құндылық біріншіден – жеке адамның адамгершілік қасиеті, оның абыройы, әділдігі, бақыты болса, екіншіден – моральдық сана, норма, мұдде, мұрат пен мақсат»-деген түсінік береді. Ғалым құндылықты адамның мақсатымен, адамгершілік қасиеттерімен байланыстырады. Шындығында да,  құндылықтар адам бойындағы әртүрлі қасиеттердің өлшемі болып табылады. Ал рухани құндылықтар адамның іс-әрекетінен көрінетін ұлттық мұраттар мен адамгершілік қасиеттер жиынтығы. Г.Нургалиева «Рухани құндылық – қоғамдағы мәдени тұтастық, оның ішкі бірлігі, әлеуметтік ортадағы таным, мұраттары, әсемдік пен адамгершілік қасиеттері» — деп анықтама берген. Ғалымдардың тұжырымдарында интеграциялық байланыс бар.

Жеке тұлғаға сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Ата-бабаларымыз жас ұрпақты елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқан. Сол рухани дәстүр бүгінгі күнге жеткізді. Жаңа ғасырға аяқ басқан қазақ елі тарихын ұмытқан емес. Рухани мұралардың арқасында жас ұрпақтың бойына құнды қасиеттерді дамытуға тырысты. Адал, ақкөңіл, еркін ұрпақ тәрбиеледі.

Тарихтың даму эволюциясында адам үшін ең маңызды құндылық адамгершілік болғанын дәлелдей түседі. Қай ғасырды алсақ та, адамның бойындағы адамгершілік қасиеттер ақын-жазушылардың қаламынан түскен емес. Ұрпағын руханилыққа тәрбиелеген халқымыздың тәжірибесі орасан зор. Ол халқымыздың батырлар жырында, эпостық әңгімелерінде, поэзия жанрында, ауыз әдебиетінде көрініс тапты. Ғасырлар бойы бала тәрбиесінде пайдаланды. Сөйтіп, бірнеше ұрпақ осы сабақтастық пен үйлесімділікті жалғастырды.

Жеке тұлғаны рухани құндылықтар арқылы  тәрбиелеу қоғамның маңызды міндеттерінің біріне айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде рухани құндылықтардың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Рухани құндылықтар арқылы жеке тұлғаны тәрбиелеу мемлекет басшысының пайымдауынша, ол жастардың бойындағы ұлттық мораль, әдеп, адамгершілік қарым-қатынас арқылы көрінетін қасиеттердің интеграциялық байланысы. Аға ұрпақтың сабақтастығы мен үйлесімділігі.

Дала өркениетінде өмір сүрген қазақ халқы әуел бастан ұрпағын ұлттық рухта тәрбиелеген. «Арым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы»-деп ары мен ұятын жоғары қойған қазақ халқының негізгі кредосы адамгершілік қасиеттерін ұрпағына сіңіру болып табылады. Қазақ даласының табиғи үйлесімділігінен туған бұл заңдылықтар, халқымыздың алтын қағидасына айналған. Сондықтан да табиғаттың тылсым өмірімен етене жақын өмір сүрген халқымыз үшін адамгершілік, ұлттық құндылықтар маңызды. Рухани құндылықтарды үйрету арқылы оқушылардың тарихи мұраларға деген қызығушылықтары қалыптасады. Ұлттық тәрбие халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрінде, ауыз әдебиетінің үлгілерінде көрініс тапқан.

Ұлттық қадір-қасиет – ұлттық сана-сезімнің өзегі, адамгершіліктің бірегейі, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық сана­сының жемісі, кісілік қасиеттер жиынтығы. Қазақ халқы өз ұрпағын адамгершілікке, ізгілікке, инабатты­лыққа тәрбиелеуді ежелден-ақ өзінің басты мақсаты етіп қойған. Халық өз ұрпағына қайырымды­лықты ес білгеннен үйретіп, тиісті талап қою, дағдыландыру арқылы оны тұрмыстық салтқа, адамгершілікке, дәстүрге енгізді.

Жеке адамның индивид қалпынан тұлға тұғырына көтерілу процесіне қоғамдағы қалыптасқан ахуал, отбасындағы  тәрбие, білім берген оқу ордасы, ата- бабасынан мирас болып бойына сіңетін генетикалық ерекшеліктері, жоғарғы психикалық процестердің жүзеге асу ерекшеліктері әсер етеді. Қазақ халқының тәрбиесінде генетикалық болмысы жатыр, ол ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиесінде қолданылып келді. Генетикалық үрдістер қонақжайлық пен бауырмалдықта, адамгершілік қағидаларында, табиғи даму нормаларында көрініс тапты. Бұл дала өркениетінің тәрбие үрдісіндегі жазылып қалған заңдылығы. Жеке тұлғаны адамгершілік нормасына сәйкес тәрбиелеу негізінде қазақ халқында көптеген нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер қалды.  Ол жеке тұлға тәрбиесінің негізгі қағидасына айналды. Мысалы, қызға қырық үйден тиым- нақыл сөзінде қыз баланың тәрбиесі, ары мен ұяты жатыр. Табиғаттың тылсым дүниесімен етене жақын өмір сүрген қазақ халқы бұл қағиданы берік ұстанған. Барлық қауым қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Ал ер бала тәрбиесі де назардан тыс қалмаған. «Ары таза жігіттің, жаны таза- деген терең ойлар қалдырған. Осы бір сөзде ер жігітке тән қасиеттерді көруге болады. Ер азаматты елін, жерін, отанын қорғауға тәрбиелеген.

Жеке тұлғаның мінез-құлқы, адамгершілік қасиеттері, эмоционалды жағдайы рухани дамуына байланысты. Оның ең маңызды қасиеті, саналылығы мен бостандығы, еркіндігі. Бұл қасиеттер дала өркениетінде өмір сүрген жеке тұлғаның еркіндігін, бостандығын қалыптастырды.

Сонымен қатар рухани құндылықтар арқылы жеке тұлға  жақсы мен жаманды, пайда мен зиянды, ақиқат пен жалғанды ажыратуға үйренді. Мәдени мұралардың арқасында жеке тұлғаның мәдени, рухани дүниесі қалыптасады.

Қазақ халқының әлеуметтік өмірінде үлкенді сыйлау ұлттық дәстүрге айналған. Ата-бабаларымыз баланы жастайынан жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла», «Сәлем бер», «Жолын кесіп өтпе» деген секілді ұлағатты сөздердің мәні өте зор. Адамгершілікті, ар-ұяты бар адамның бет-бейнесі иман жүзді, жарқын, биязы, өзі парасатты болады. Ондай адамды халық «Иман жүзді кісі» деп құрметтеп, сыйлаған. Осындай рухани тәрбиенің арқасында қаншама ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапты.

Бүгінгі өмір сүру жағдайлары көптеген ата-аналардың жұмыс уақытының көп бөлігін өткізуге мәжбүр болуына ықпал етеді. Нәтижесінде отбасында балалардың адамгершілік және ұлттық тәрбиесі артта қалады. Сондықтан да адамгершілік тәрбиесіне ересек адамдар көңіл бөлулері керек. Жеке тұлғаның рухани қалыптасуына отбасы жауапты. Жеке тұлғаның адамгершілік қасиеттері, ізгі мұраттары  отбасында қалыптаспақ. Отбасы тәрбиесі маңызды институт болып табылады. Жеке тұлғаның рухани дамуы отбасында, қоршаған ортада қалыптасады.

Махаббат, жақсылық, өмір мәні, ақиқат, еркіндік, сұлулық, адамның өзіндік құндылығы, лайықты өмір сүру, жалпы адамгершілік және т.б. рухани құндылықтардың да негізін құрайды. Осы құндылықтардың мәні не, маңызы қандай, мақсаты неде дегенге келетін болсақ, құндылықтардың әрқайсысы адам баласының өмірлік ұстанымына тікелей әсер-ықпал етіп, жеке тұлғаның бағыттылығын, оның сенімдерін, дүниеге көзқарасын, идеалдарын, ұмтылыстарын, өмір сүру түрін еркін таңдай алуын өз бетінше іске асырып, жеке тұлғаның әлеуетін барынша ашуға мүмкіндік береді.

Рухани және ұлттық құндылықтарды дамыту барысында Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық  колледжінің студенттерімен бірқатар іс-шаралар өтеді. Бұл студенттердің ұлттық құндылықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Студенттер ұлттық мәдениеттің құндылықтарын, тарихи мұралардың қайнар көзін өздерінің шығармашылық жұмыстарымен интеграциялайды. Бұл ұлттық сананы трансформациялауға көмектеседі.

Қазақ халқының салт дүстерлері, тарихи даму генезисі, бала тәрбиесінде отбасылық қағидалары, адамгершілік индикаторына айналған этикет нормалары, дала өркениетінің табиғи сабақтастығы студенттердің жеке тұлға ретінде қалыптасуына, жаһандық әлемде өзінің келбетін сақтауға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда жеке тұлғаға рухани тәрбие беру маңызды. Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн. Олай болса, басты мақсат — жеке тұлғаны ұлттық игіліктер мен ұлттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып, тәрбиелеу қажет.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Әбішқызы С., Сарманов Ж. «Ұлттық тәрбие – құндылығы мол дүние». -Алматы: Білім, -2018.
  2. Оразбекова К. Ұлттық психология мен халық тәрбиесі болашақтың бастауы -Алматы:Эверо -2018.
  3. Ғаббасов С. Халық педагогикасының, негіздері -Алматы:Мұра, 2020.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.