Home » Жаңалықтар » Өзін – өзі тану рухани және адамгершілік құндылықтардың негізі!

Өзін – өзі тану рухани және адамгершілік құндылықтардың негізі!

Бүгінгі жаңа буынның, рухани жаңарып, түлеп жатқан жас ұрпақтың ұстазымын. Осы бір аядай ғана сөздің астарында батпандай ауыр жауапкершіліктің жатқанын үнемі жаныммен, түйсігіммен сезінемін. Ол болашақ алдындағы ұстаздық борышым. Ұстаз деген ұлағатты адамнан бүгінгі ұрпақ тәрбие алады. Сол тәрбиенің жемісін болашаққа апарады. Яғни, бүгінгі менің алдымдағы балалар, ертеңгі біздің болашағымыз.

Мен өзін – өзі тану пәні сабағына кірген сайын осы ойды арқалап кіремін. Өйткені, бұл пәннің мақсаты, оқушыны ең алдымен адами құндылықтарды меңгерген, жүрегіне мейірім ұялаған, жан – жағына шуағын шашып тұратын тұлға етіп қалыптастыру. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» демекші ұстаз атаулы балаға ең алдымен адалдық, рухани тазалық, қайырымдылық секілді асыл қасиеттерге баулуы тиіс деп түсінемін. Неге десеңіз, бүгінгі ақпарат пен техниканың қарыштап дамыған заманында адам бойынан мейірім, имандылық қашып, зұлымдық, ашкөздік, жеккөрушілік секілді жат мінез арам шөптей қаулап, әлемді билеп аларлықтай қорқыныш тудырады. Мұның бәрі қоғамда, адам бойында өмірге, бауырына, досына, қоршаған ортасына деген махаббатының жеткіліксіздігі салдарынан орын алатын жайттар деп білемін.

Міне, дәл осы тұста тәуелсіз еліміздің бірінші ханымы  Сара Алпысқызының бастамасы бойынша мектеп бағдарламасына енгізіліп, талай жылдан бері оқытылып келе жатқан «Өзін – өзі тану  пәнінің» маңыздылығы айрықша көрінеді. Ұлт болашағына алаңдап, елінің ертеңіне бей – жай қарай алмаған Сара Алпысқызының бұл пәнді енгізіп, оқушы жүрегіне тәрбие арқылы жол таба білуге бағыттап отырғаны үшін шексіз ризашылығымды жасырғым келмейді. Бүгін өзін – өзі жете таныған, жақсы мен жаманды, адалдық пен арамдықты айыра білуді үйренген жас бала, ертең болашағымызды жарқын ететін тұлға емес пе?

Өйткені, осы пәнде оқушылар «екпінді» , «үздік» деп бөлінбейді. Ойларын еркін айтып үйренеді. Өсиетке толы тәрбиелі әңгімелерді естиді. Жақсылыққа жаны құмартып, жамандық атаулыдан аулақ жүруге талпынады. Бір сөзбен айтқанда, «өзін – өзі тану» пәні оқушы бойына ізгілікті қалыптастыратын, шығармашылық қабілетін шыңдайтын, қиялын ұштап, қанағаттандыратын пән.

Елбасымыз Н.Ә Назарбаев өз жолдауында Қазақстанның жарқын болашағы бүгінгі бүлдіршіндердің тәлім – тәрбиесіне тікелей байланысты екендігін, сол мақсатқа барар жолда ұстазға артылар жүктің де жауапкершіліктің де салмақты боларын баса айтқан болар еді. Олай болса, осындай жауапты жұмысты абыроймен ақтауға жігеріміз жасымасын, әріптестер!

Түркістан облысы Созақ ауданы
Тайқоңыр елді мекені
«Т.Момбеков атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі» КММ
Бастауыш сынып мұғалімі: Сағатәліқызы Толқын

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.