Мұғалімдер күні қарсаңында Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Ару Ақжайықтың ұлағатты ұстаздары» жобасы бастау алды.
Зияткерлік мектептің баспасөз қызметінің мәліметінше, мерекелік жобаның басты кейіпкерлері – білім саласының үздіктері, облыс аудандары мен қала мектептерінің, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің, біліктілікті арттыру институты мен балабақшалардың белді ұстаздары. Зерттеу жобасы аясында оралдық зияткерлер кейіпкерлердің өнегелі өмірінен хабардар болып, ұстаздық ұстанымдарын зерделеп, нағыз мұғалімнің бейнесін ашуда. Нәтижесінде білім ордасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында оқушылардың кейіпкермен болған сұхбаты, мақала, бейнеролик, зерттеу жұмыстары жариялануда.
Мысалы, жоба кейіпкерлерінің бірі – «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі, «Жыл директоры – 92» облыстық байқауының жеңімпазы, ардагер ұстаз Ситекенова Үміт Ғұмарқызы. – Заман көші қандай бағыт алса да, мектептің басты мақсаты – Адам жасау, жан-жақты тұлғаның іргетасын қалау. Жас буынға өмір сүру – шатаспай сурет салу екенін ұғындыру. Әр адам – жаратылыстың ғажайып туындысы, әр адам – құпия сыр сандық. Оның кілтін тауып үйлестіріп ашу қажыр қайрат, шығармашылық пен адам жанынының бағбаны болу, өз уақытын аямау, басқаның уақытын аялауға тіреледі, – дейді ұлағатты ұстаз.
Тағы бір жарқын кейіпкер – ардагер ұстаз Бақтығұл Тасмағамбетовпен облыс орталығындағы зияткерлерді Тасқала ауданында тұратын сыныптастары онлайн-платформа арқылы байланыстырды. Жарты ғасырлық ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Бақтығұл Жұмажанұлы қазір ел өміріне белсене араласып жүр. Ардагер аудан орталығында ашылған тұңғыш қазақ мектебінде, кейін үздіктер оқитын «Сәулет» мектеп-гимназиясында басшылық қызметте болды. «Сәулеттің» аты алғашқы жылдары-ақ топ жарып, озық танылды. – Менің еңбегімнің жемісі – елге қызмет етіп жүрген ұл-қыздар. Олардың өз ісіне адал, кәсіби білікті маман атанғаны – маған мың марапаттан артық, – дейді Бақтығұл Жұмажанұлы.⠀Жас зияткерлермен сырласқан Ким Федянин, Светлана Бисембаева, Лидия Сгибнева, Жаңабек Жақсығалиев, Гүлзихан Тасқарина, Баян Қабиева, Жеміс Еркеғалиева, Агерке Байженова, Еркін Нұрымбетов, Дина Кожбаева, Алмагүл Тукенова, Саид Алиев, Роза Жұмағалиева, Жасталап Бекишев, Сапия Қарағойшиева, Айболсын Абилова, Айболат Құрымбаев сынды білікті мамандар мамандық таңдау, еңбектің қасиеті, мұғалім бейнесі, өмір белестері туралы әңгімелеп берді.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО