Home » Жаңалықтар » Үздік педагог: БҚО-дан қос ұстаз жеңімпаз атанды

Үздік педагог: БҚО-дан қос ұстаз жеңімпаз атанды

Ұстаздар мерекесі қарсаңында өз мәресіне жеткен республикалық «Үздік педагог» байқауы жеңімпаздарының қатарында Батыс Қазақстан облысының білікті мамандары да бар. Мұндай қуанышты жаңалықпен бөліскен облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жүлдегерлерге аталмыш марапатты облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев табыстаған.
ҚР Білім және ғылым министрлігі республикалық «Үздік педагог» байқауы жеңімпаздарының салтанатты марапаттау рәсімін барлық өңірлерде бір мезгілде бейнеконференция байланысы арқылы өткізді. Шара барысында Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов «Үздік педагог» деп танылған марапат иелерін төл мерекелерімен және жеңістерімен құттықтады.
2012 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі байқаудың мақсаты – педагогтердің қоғамдағы мәртебесі мен беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін тарату.
Байқаудың республикалық кезеңіне Батыс Қазақстан облысынан мектепке дейінгі, жалпы білім беру және кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарының жеті педагогы жолдама алған. Солардың ішінде екеуі топ жарып, «Үздік педагог» аталымына лайық деп танылыпты. Олар: жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы Сырым аудандық орта мектебінің тарих және құқық пәнінің мұғалімі Гүлдана Нұғманова мен облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының қосымша білім беру педагогі  Мирболат Құспанов.
Жеңімпаз қос жерлесімізді құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев «Білім беру ұйымының үздік педагогы – 2020» төс белгісін, куәлігін, сондай-ақ 1000 АЕК (2 778 000 теңге) көлеміндегі сыйақы сертификатын иелеріне табыстады.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.