Home » Жаңалықтар » Оралда IT-сыныптар ашылуда

Оралда IT-сыныптар ашылуда

Бұл туралы 31 қазан күні БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен жиында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков мәлімдеді.

Шаһар басшысының айтуынша, білім мекемелерінде ІТ-сыныптар ашу жұмысы «Nur Otan» партиясының қолдауы арқылы жүзеге асырылған. Атап айтқанда, биыл қаладағы №4 орта мектепте, №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясында және Оқушылар сарайында жаңа форматта безендірілген ІТ-сыныптары іске қосылған.

Өз баяндамасында Абат Абайұлы облыс орталығында үш ауысымда білім беретін және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі де өзекті екенін жеткізді.

– Соңғы жылдары Зашаған, Сарытау шағынаудандарында жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, мұнда халық көптеп қоныстануда. Соған байланысты оқушылар саны да көбеюде. Сол себепті мектептер үш ауысымда оқытуға  көшіп отыр. Дәлірек айтқанда, қалада бес мектепте оқушылар үш ауысымда оқытылады, – деді қала басшысы А.Шыныбеков. Оған қоса биылғы оқу жылында екі білім ошағы апатты жағдайда деп танылған. Әкімнің сөзінше, олардың бірі – №33 мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан өткізіліп, тиісті қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім жолданған. Ал екіншісі – №31 мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Сонымен қатар білім саласындағы осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Зашаған кентінде 900 орындық тағы бір мектептің құрылысы қолға алынған.

Жалпы бүгінгі таңда Оралда 51 орта мектеп болса, оларда 49949 оқушы білім алуда. Оқушылар саны өткен оқу жылына қарағанда 3467-ге артқан. Үстіміздегі оқу жылының өзіне мектепалды даярлық топтарына 4503 бүлдіршін қабылданыпты.

Бұл күнгі баспасөз жиынында Орал қаласының әкімі Абат Абайұлы ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстарды саралап, шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі жайында баяндады.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«BILIM AINASY», БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.