Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№177 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Сакеева Гүлхан Жаманбайқызы
Көңілге қуаныш нұрын сыйлаған білім ордасы
Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту күні жалпыхалықтық мереке ретінде аталып өтілуде. Біз бұл күні ата-бабаларымызды ризашылықпен еске аламыз, ата-аналарымызға, шәкірті ұстаздарына, зейнеткерлерге, ардагерлерге, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың қайырымдылық дәстүрлерін жалғастырамыз. Көреген халқымыз: «Алтын алма, алғыс ал», — дегендей, алғыс адамды өсіреді, алғыс арқылы адам ұрпағымен көктейді. Алғыс- асыл сөз. Себебі, біздің алған алғысымыз бірнеше ұрпағымызға азық болады екен. Алғыс айту деген ризашылық білдіру деген сөз. Алғыс айту адам талғамайды, ол жүректен, таза көңілден шығу керек екен.
1- наурыз күні Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты №177 жалпы білім беретін мектепте алғыс айту күнін ерекше дайындықпен бастады. Ұлттық киім киген білім алушылар мен ұстаздардың әдеттегі күннен ерекше ризашылық сезімдері байқалды. Бір- бірімен құшақтасып, жақсы лебіздерін айтып, алғыс білдіруде. Көңілге қуаныш нұрын сыйлап, адамға қанат бітірген білім ордасы ерекше бақытты сезінгендей. Ризашылық күніне арналған «Алғысым көп сіздерге!» атты мерекелік концерт болды.
Мерекелік іс шараның құрметті қонағы Қазақстан Республикасының кино қайраткері, ҚР кинематографиясының үздігі Шаяхмет Имашұлы өзінің ізгі тілегін айтып, алғысын білдірді. Мектеп директоры Тұрсын Таңатұлы: «Алғыс — адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, жасаған істеріне жоғары баға беруі»,- дей отырып, отбасындағы балалардың дамуына, білім, спорт, өнер саласындағы жетістіктерге жетуде демеу боп, қолдау көрсеткен ата- аналарға ризашылық алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
Жылы лебіздермен ұласқан мерекелік іс шара өнерлі оқушылардың әсерлі де әуенді ән- жырларымен, күмбірлеген домбыра үнімен, мың бұралған биші қыздардың өнерімен ұласты. Құлақтан кіріп бойды алған, әсем ән келген қонақтардың ризашылығына бөленіп, жылы лебіздерін білдірді.
Адамзат баласын жақындастыратын құнды қасиет – адамгершілігі. Адамгершілігі мықты жанның әр кезде де өзгелерге көмектесіп, алғыс алуы анық. Алғыс айтқан жерде ренішке, ашу мен ызаға, өкпеге орын болмайтынын және алғыс адамның берекесі мен ырысын еселейтін құндылық екенін жас жеткіншектеріміз түсінді. Алғысты қаншалықты көп айтсақ, соншалықты еселеніп, өзімізге қайтатынын есімізден шығармайық.