Еліміздің білім беру жүйесіндегі реформа жас ұрпақтың әрқайсысының жеке тұлға ретінде қалыптасуында маңызды мәселелерді шешудің түрлі жолдарын қарастыруды көздейді. Әр жас өркеннің азамат болып қалыптасуын қамтамасыз ететін қоғамдағы негізгі де, жауапты сала, ол – білім беру жүйесі.
Заман талабына сай білім беру жүйесі өзінің басым бағдарын жеке тұлғаның рухани-адамгершілік тұрғыдан кемелденуіне аудара бастады. Дер кезінде адамгершілік құндылықтары қалыптаспаса, бұл қасиеттер адам дамуына тек кедергі болып қана қоймай, сонымен қатар жасөспірімдік шақта бала дамуында әлеуметке қарсы мінез-құлықтың болуына әсерін тигізеді. Тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді. Көрнекті педагог В.Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады» деген.
«Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру жобасы жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамытып, қалыптастырудың тиімді жолын көрсетуде.
Өйткені бұл пән — баланы өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін-өзі жетілдіруге, рухани өмірде және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт-бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелей отырып, осы қоғамда өзіндік «менін» табуға жетелейтін пән. Мен өз сабақтарымда «Өзін-өзі тану» бағдарламасының кейбір әдіс-тәсілдерін мысалы: «Тыңдайық — ойланайық», «Ойнайық», «Сергіту сәті», «Әңгімелесейік», «Қосыла ән шырқау», «Ойын» тәсілдерін қолдана отырып, бала бойына адамгершілік тәрбиесін егуге тырысамын. Бұл тәсілдер баланың психикалық үрдістерінің, ойлау, есте сақтау, қабылдау, қиял
дамуына көмектеседі. Ойындар ұйымдастыру арқылы оларды қиыншылықтан қорықпауға, мақсатқа жетуде барлық күш-жігерін жұмсауға, құрбыларына қолғабыс жасауды үйренеді. Осы арқылы бала өзіне баға берумен қатар белсенділігі де артады.
Сондай-ақ өз тәжірибемде тақырыпқа байланысты өнегелі әңгімелер жинағын, тәрбиелік мәні зор бейнероликтер пайдаланамын. Атадан қалған асыл сөздерді түсіндіре отырып балалардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруге тырысамын. Өмірден мысалдар келтіріп, сөзімді дәмді етіп, сабақта оқушыларды үйіріп алатындай өткіземін. Апталықтарда тәлім- тәрбиесі мол, әрі оқушылардың жеке дара қасиеттерін дамытатын сайыстар өткізу (Менің отбасым, Алтын жүрек анамыз» мәнерлеп оқу сайысы, т.б.) арқылы пәнге деген қызығушылықтарын оятамын. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат — міндеттердің ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, иманды, мәдени — ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу –біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Сөз соңын «Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз сөз жоқ, жеңіске жетесіздер» деген Қаныш Сәтбаевтың сөзімен аяқтағым келеді.
Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы
Қорғалжын мектеп-гимназиясы
Қуанышева Индира Сағатбекқызы (00196)