Home » Айтарым бар » ОЙ БИІГІНЕ 10 ҚАДАМ

ОЙ БИІГІНЕ 10 ҚАДАМ

Ой биігін бағындырудың бір жолы – кітапқұмарлық. Бар байлығымыз – баланы бұл жолға қалай түсіреміз? Шындығында кітапқұмар баланы өзіңіз қалыптастыра аласыз! Қалай?

Тәрбие құрсақтан басталады. Қазақтан асып қайда барайық, ата-бабамыз құрсақ тәрбиесіне ерекше ден қойған. Алдымен – ана, бірақ айналадағы адамдар да бұл тәрбиеден қалыс қалмауы қажет. Жүкті ананың баланы ғана емес, баланың алдындағы жауапкершілікті қоса арқалауына атсалысу керек. Мысалы, жүкті әйелдің бір уақыт кітап оқуына жағдай жасау, мүмкіндік беру. Десе де, басты рөл – болашақ ананың өзінде. Мәселен, қазіргі балалардың техниканы шашып тастап, қайта жинап немесе телефон функцияларын үйретпей-ақ біліп алғанына таңдай қағып жүрміз. Таңғалғаннан: «Қазіргінің балалары іштен оқып туады», – деп жағамызды ұстайтынымыз да рас. Ақиқатына келсек, ол іштен оқып туған жоқ, оқытып тудық. Не нәрсеге оқытасыз, ол соны біліп туады. Бойына бала біткен болашақ ананың әрбір әрекеті, әр көңілі, әр ойы сәбиді тәрбиелейді, иә, айтпақшы, оқытады. Балаңыздың нені үйреніп шыққанын қалайсыз, сол әдетті өзіңіз күнтізбеңізге жақсылап енгізіп қойыңыз. Үйдің берік болмағы – іргетасынан, тәрбиенің тамыры – құрсақтан. Кітапқұмарлыққа құрсақтан тәрбиелеңіз. Мұны – бірінші дейік.

Екі. Біріншідегі талап құрсақтан кейін кітап оқуды ысырып қою деген сөз емес, баланың тілі шықпай тұрып, мейлі, түсінбесе де 10 минут кітап оқып беруді әдетке айналдырыңыз. Есту қабілетінің кітап оқуда, оны түйсінуде рөлі зор. Мұндайда даусыңызды кейіпкерлерге қарай ойнату – баланы елітеді. Ал, бала өзі оқи алатын деңгейге жеткенде рөлге бөліп оқуға көшсеңіз болады.

Үшінші. Өзіңіз әдеттенбеген істі балаңыздан талап етпеңіз, бұл – нәтижесіз іс, екіншіден, моралдық жағынан да құқыңыз жоқ. Өзіңіз баланың көзінше кітап оқыңыз, осы көріністі көріп өскен бала сөзсіз әрекетіңізді қайталайды, салмағын сезінеді. Ең әрісі өзіңіз де еркін талап ете аласыз.

Төртіншіге өмірімнің өзін сөз етейін. Көкем(әкемді солай атаймын) оқушы күнімде: «Мұндағы қызық секілді, мына тірлікті тындырып отырып тыңдайын, оқып берші», – деп, кітап, газет-журналдарды ұстататын. Маған бір жауапкершілікті артқанына кәдімгідей жігерленіп оқып беруші ем. Қай кезде де адам өзі оқығандай ләззат ала алмайды, соны оқуға өзінің де көзі жетеді. Қазір ойласам, сол әрекеті – мені оқысын дегені екен ғой. Сіз де бір мезгіл балаңызды көмекші қызметіне алыңыз.

Бесіншіден, сыйлық. Тосынсыйды, сыйлықты ұнатпайтын адам бола ма? Жаны таза бала мұндайға ересектен екі есе қуанатыны бәрімізге белгілі. Баланың жақсы көретін, құрметтейтін ең жақын адамдары кітап сыйласа, ол міндетті түрде оқитын болады. Сыйлықты таңдарда оған қызықты, пайдалы, жас ерекшелігіне сәйкес болуын естен шығарып алмайтыныңызға сенімдімін.

Алтыншы. Балаңызды балалар кітапханасына өзіңіз ертіп апарып, тіркетіңіз. Онда толық қор қалыптасқан. Баланың ойына, танымына, деңгейіне сай, бірден-бір сенімді орын.

Жетіншіге кітап деген қазынаның қызығына түсуге жетелейтін газет-журналдарды тізімге тіркей кетейік. Бала танымы сюжетті дүниені тез қабылдайды. Бұл тұста газет-журналдар таптырмайтын көмек бола алады. Өзіне таңдатып, қалағанына жаздырып қойыңыз.

Сегізіншіден, үйіңізге кітап бұрышын жасап қойыңыз, кітапхана қалыптастыра алсаңыз, тіпті, керемет. Сол орынға балаңыздың фотоларын, өзі салған суреттерін, жасаған шығармашылық жұмыстарын орналастырыңыз. Нақ осы әрекет балаңыздың сол кітап әлемінің өзіне арналғанын сезінуіне ерекше әсер етеді.

Тоғыздың өзі. Осы күнде ересектерден, ата-аналардан: «Мына киімді өзі таңдап алды, талғамы жоғары өзінің», – дегенді жиі естимін. Бұл – оның тән қалауы, сіз балаңыздың жан қалауының деңдейін білгіңіз келмей ме? Оның ой өрісі қай дәрежеде? Өзін қай жағынан жетілдіргісі келеді? Танымының талғамы қандай? Осыншама сұрақтың жауабын сіз бір ғана әрекетпен біле аласыз. Айына бір, тым болмаса, маусым сайын кітап дүкеніне балаңызбен бірге барыңыз. Жетіп жатыр. Таңдағанын алсын, көріңіз.

Тоғыз тармақтың тобықтай түйіні. Қазір техниканың заманы. Сол дамумен кітап та бірге қарыштады. Бүгінде қолында смартфоны жоқ бала кемде-кем. Қатарынан қалмасын, жөн, сонымен бірге кітапқұмарлықты да өз заманыңызда қалдырып қоймауыңызға болады. Шамаңыз жеткен техниканы(ipad, планшет, телефон) қолына беріңіз, ішіне электронды кітапхананы(kitap.kz) енгізуін қадағалаңыз. Міне, кітапқұмарлық дейтін классикалық әдет заманынан қалмайды.

Осы он қадамды басып өтіңізші, «Бүгінгі балалар кітап оқымайды» деп нали ма екенсіз. Бірге көрейік. Әй, қайдам, дәл солай қара қазандай өкпелі болатыныңызға анау он тармақтың нәтижесінен он есе күмәндімін. Танымы терең, білімі жоғары, парасаты биік болғанын тілейсіз бе? Балаңыздың ой биігін бағындырғанын қалайсыз ба? Ендеше, кітапқұмар баланың ата-анасы болыңыз. Нақ солай қалыптасқан тұлға ертең өз ортасын алға сүйрейді. Сіз алдыңыздағы бір балаңыз арқылы бүтін бір қоғамға қызмет ете аласыз.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.