Астана қаласы №67 гимназияның
музыка пәні мұғалімі Әбет Е.А.
“Егер сәби шақта музыкалық шығарманың әсемдігін жүрекке жеткізе білсек, егер дыбыстардан бала адам сезімінің сан қырлы реңкін сезіне білсе, ол мәдениеттің ешқандай құралдармен жетуге болмайтын сатысына көтеріледі . Музыкалық тәрбие – бұл музыкантты тәрбиелеу емес, алдымен адамды тәрбиелеу.” В.А.Сухомлинский.
Қоғамның жаңа саяси, рухани және әлеуметтік-экономикалық дамуы жас жеткіншектердің оқу мен тәрбие сапасын түбегейлі жақсартуды талап етеді. Осыған орай музыкалық педагогиканың өткендегі мұраларын жан-жақты зерттеп, оқу тәрбие процесінде пайдаланудың маңызы зор. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстан композиторларының музыкалық шығармаларының ішінде негізгі бір саласы жас жеткіншектерге арналған әндерінің мектеп оқушыларына тигізетін тәрбиелік ықпалының ролі ерекше.
Жаңадан өңделіп басылған 1-сыныпқа арналған музыка оқулығында әлемдік классик композиторлар шығармалары берілген. Әлем композиторларымен қатар Қазақстан композиторларының әсіресе қазіргі композиторлар шығармаларын оқушыларға жан-жақты дәріптеу өзекті мәселелердің бірі. Әлемдік музыканың бір бөлігі ретінде, қазақ музыкасының да алатын орны ерекше. Ұлттық музыканы түсіну арқылы оқушы бойында ұлттық өнерге деген қызығушылығы, отансүйгіштігі, эстетикалық тәрбиесі артады.
Қазіргі мектептегі музыка оқулықтарында балаларға арналған әндер аз. Музыка оқулығында басым көпшілігі Кеңес үкіметі кезіндегі композиторлардың әндері. Атап айтсақ, И.Нүсіпбаев, Ә.Бейсеуов, Н.Дүкенбаев, Ө.Байділдаев, К.Дүйсекеев т.б композиторларымыздың әндері. Әрине, алдыңғы толқын ағаларымыздың шығармашылығына құрметпен қарап, келешек ұрпағымызға жеткізу борышымыз. Алайда қазіргі заман талабына сай қазіргі жас сазгерлеріміздің балаларға арнап жазған әндері кең, ауқымды болса, сол әндер арқылы өскелең ұрпақтың санасына ұлттық тәрбиеміз, мәдениетіміз, салт-дәстүрімізді, ата-бабамыздың мол мұрасын сіңіруіне жағдай жасағанымыз болып табылары сөзсіз. Қазіргі кезде республика аумағында өз шығармашылықтарын тек балаларға арнап келе жатқан, кеңінен танылып жүрген сазгерлеріміз де жоқ емес. Айта кетсек, Бота Бейсенова мен Алтын Маханбетовалардың балаларға арналған бірнеше әндері музыка оқулықтарына енген. Бұл жас жеткіншектер үшін де, музыка мұғалімдері үшін де қуантарлық жағдай. Осы сынды жас жеткіншектерге арналған әндер қазіргі танымал сазгерлеріміздің туындыларынан оқулыққа енгізу қажеттігі уақыт талаптарының бірі.
Қазақстан композиторларының әндерін жан-жақты насихаттап, олардың шығармаларын оқушылардың бойына сіңіруге оз үлесімді қосып келемін. Қазақстан композиторларының туындыларын тек сабақ барысында ғана емес сабақтан тыс уақыттарда, түрлі конкурстарда да жан- жақты пайдаланып келемін. Оқушыларым қалалық конкурстарда Қазақстан композиторларының әндерімен жүлделі орындарға ие болып келеді. Сонымен қатар Гүлайым Жотаеваның әндерін өз тәжірибеме көп пайдаланамын. Әндері оқушыларға, әсіресе бастауыш сынып оқушылары мен балабақша балалаларының жас ерекшеліктеріне лайық, өте жеңіл жазылған. Алдағы уақытта балаларға арнаған әндердің қатары көбейеді деген үмітім зор.
Мектеп оқулықтарында халқымыздың тұрмыс-салтына, тарихына қатысты композиторлар әндері аз берілген. Мәселен тіл туралы Бота Бейсенованың «Ана тілім — тұғырым» атты әнінен өзге туынды жоқтың қасы. Тіл туралы әріптесім музыка пәні мұғалімі Алтын Өрікбайқызымен бірігіп жазған «Қазақ тілім» әнін оқушыларға сыныптан тыс уақыттарда үйретіп, музыкалық сайыстарға қатыстырып жүрміз. Көпшілік қауым бұл әнімізді жақсы көңілмен қабыл алды.
Қазақстан композиторларының жас жеткіншектерге арналған әндерін мектеп бағдарламасында кеңінен пайдалануға үлес қосу. Жас жеткіншектерге арналған әндердің қатарын көбейту. Жас композиторлардың балаларға арнап жазған әндерін бағдарламаға енгізуге қолдау жасау алда қойған мақсаттарымыз. Алдағы уаққытта балаларға арналған әндердің қатары молая түседі деген үмітім зор.