2017 жылдың 11 қазаны күні сағат 17.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейінің ғимаратында (Бейбітшілік к-сі, 11) суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндиннің «Суретші көзімен» атты шығармашылық көрмесінің ашылуы өтеді.
Ә. Баяндин 1966 жылы 14 желтоқсанда Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ Мемлекеттік Өнер Академиясын бітірген. «Көтібар», «Қобыланды», «Тайлақ батыр» атты кітаптардың иллюстрация авторы. «Көтібар батыр» және «Бекқұлие» мазарлары жобасының авторы.
Суретші Қазақстанда, сондай-ақ шетелдерде өткен өнері бойынша көптеген көрмелердің, бейнелеу фестиваль және симпозиумдардың қатысушысы әрі жеңімпазы:
2014 жылы – «Санкт-Петербург қаласындағы Астана күндері» көрмесі; Астана қаласындағы «Қазақстан мұнайы» көрме-байқауы; Алматы қаласындағы Ә. Қастеевтің 110 жылдығына арналған көрме;
2015 жылы – Стамбул қаласындағы «Астана-Стамбул» пленэрі; Италиядағы «Көшпенділер әлемі» байқауы (2 орын).
Көрмеге Ә. Баяндиннің 50-ден астам суреті: «Батыр», «Аңшы», «Аламан бәйге», «Қарақұм» және тағы басқа туындылары көрсетіледі. Көркем туындыларында автор алып батырлар тұлғасын, аңшылар, құсбегілер, күйшілер мен ақындар, көшпенділер үрдісін көрсететін сырлы әлемді бейнелейді. Көрмеге келген қонақтар суреттегі оқиға болған уақытты өз көзімен көргендей күй кешіп, оқиға желісін өзінше аяқтауға мүмкіндік алады.
Ә. Баяндиннің жұмыстары Қазақстан, АҚШ, Германия, Корея, Балтық елдері мен басқа да мемлекеттердің музейлерінде көрсетілген, сонымен қатар жеке коллекцияларда сақталған.
«Суретші көзімен» көрмесі 2017 жылдың 17 қарашаға дейін жалғасады.
Кіру тегін.
Мекенжайы: Астана қ., Бейбітшілік к-сі, 11.
Қазақстан Республикасы
Астана қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, 10
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ
Баспа және жұртшылықпен байланыс қызметі