Home » Баяндамалар » Сабақтың түрлері мен әдістерін жандандыру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру

Сабақтың түрлері мен әдістерін жандандыру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру

Қазір біз ақпараттық қоғамда өмір сүрудеміз. Қазіргі дәуірдің әлеуметтік және экономикалық даму ерекшеліктерінің бірі ретінде автоматтандырылған және ақпараттық технологиялардың тегеурінін айтуға болады. Мәселе «Өмір бойы азық боларлықтай білім беру «идеясының» енді «өмір бойы өздігінен үйрену» ұстанымына өзгеруінде болып отыр.

Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Жолдауында «Өмір бойы өздігінен білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» деп бекер айтылмаған.

«Өмір бойы өздігінен үйрену» тұжырымдамасының негізгі қағидалары нәтижеге және мұғалімге бағытталады. Бұл тұлғаның әлеуметтік, азаматтық тұрғыдан жарқын болашаққа жету мақсатында өзінің білім, білік, машық, дағды, құзіреттіліктерін үнемі жетілдіруі.

Ал, бұл жерде мұғалімнің міндеті қандай болмақ? Саралап көрсек:

-Оқушының білімді қайталап беруін талап етпей, үнемі жаңа білім мен дағдыны өздігінен игеруіне мұрындық болу.

-«Сөз үйретпейді, әрекет үйретеді» қағидасын басшылыққа ала сабақты жоспарлау.

-Сабақта оқушының бұрынғыдай тек тыңдап, көшіріп қана қоймай, ойлау, оқу, сөйлеу, өз ойын келтіру, талқылау, жазу, пікірлесу, пікір таластыру, талдау секілді белсенді әрекеттер атқаруына түрлі әдіс-тәсілдер арқылы жағдай туғызуы қажет.

-«Мұғалім не үшін тозаққа барады?» деген сауалға, «Өз білгенін сұрай бергені үшін» қазақы әзілде терең мағына жатыр. Шынымен-ақ, неліктен мұғалім оқушыдан көбіне-көп өзіне мәлім мәліметтерді сұрайды, кітаптағы берілгенді қайталағаннан не ұтады, оның барлығы бала жадында 100% сақталатынына сенімді ме?

Нашар ұстаз нені білмейді? Ол шәкірттің ішкі жан-дүниесінің болмысы мен ахуалын білмейді, оқушының қандай ойы, пікірі, идеялары, дүниетанымы, көзқарасы, ұстанымы, түсінігі, пайымдауы, уәждері, дәлелдері, ұсыныстары бар екендігін білмейді.

Мәселен: «Екі жердегі екі қанша болады?» деп сұрамай, (оны өзіміз де білеміз), «Неліктен 2*2=4 болады деп ойлайсыңдар?» деп сұраған тиімдірек. Бұл сұраққа әр оқушы бірнеше пікір білдіруі мүмкін.

Сабақты ескі тәсілмен біржақты өткізетін болсақ, оқушы шығармашылығы қалайша дамымақ?

Сабақ – қашанда жетіліп отыратын шығармашылық сипаттағы үрдіс, білім беруді ұйымдастырудың негізгі жолы.

Мұғалім – басты тұлға, өйткені ол оқушының жүйелі білім алу дағдысын қалыптастырушы, бағыт беруші. Сабақты жоспарлау барысында оқушы бойындағы қасиеттерді ескере отырып, сезімін, ынтасын, қызығушылығын оятатын іс-әрекеттерді жасайды.

45 минуттық сабақта 7 минут сайын әдіс-тәсілдерді түрлендіріп отырса, сабақ нәтижелі болады, себебі оқушы субъект ретінде тек 15 минутты ғана қабылдайды.

Сондықтан мұғалім сабақта әдіс-тәсілдерді түрлендіре отырып, оқушының шығармашылық қабілетінің өсуіне мейлінше жағдайй жасау керек.

Қазіргі кезде заман талабына сай білім берудің даму бағыты (бойынша) мен тенденцияларын қамтитын 50-ден астам педагогикалық технология бар. Бірақ мұның барлығын оқып үйреніп, немесе кітап, журналдардан қарап, жөні осылай екен деп тықпалай берудің қажеті шамалы.

Мұндайда нені ескеру қажет?

  • Біздің зерттейтін нысанымыз – оқушы.Сондықтан:
  • Бұл оқушының материалды меңгеруіне көмектесе ала ма?
  • Шығармашылық өсу сатысына көтере ме?
  • Белсенділігін дамытуға ықпал ете ме? Осы сұрақтар төңірегінде ойлануымыз қажет.

Өзім Қазақстанда 1997 жылдан бастап етек жая бастаған «Оқу мен жазу арқылы Сын тұрғысынан Ойлауды дамыту» технологиясы семинарлар жиынтығына қатысып, куәлік алғандықтан сабағымда кеңінен қолданамын және әдіс-тәсілдері бастауыш сатыдағы оқушының жас ерекшелігінен жақын, әр пәнге де қолдануға тиімді.

Сын тұрғысынан ойлау – ең алдымен шығармашылық ойлау. Шығармашылық ойлау нәтижесінде жаңалық ашылады, оқушы білімді өздігінен игеруге көмек болатын әмбебап тәсілдерді үйренеді.

Мысалы: Қай сабақта болмасын «Венн диаграммасы», «Рафт» кестесі, «Бағалау портфелі», «Ой толғау», «Бес жолды өлең» т.б стратегиялары орынды қолданылса, оқушының өзіне деген сенімі артып, шығармашылығы ұшқындары сөзсіз.

Өзім биылғы 2-сыныпта қолданған СТО технологиясының әдіс-тәсілдерінің нәтижесіне қуанған сәттерім болды.

Мысалы: Ауаны қорғау атты дүниетану пәніндегі тақырыпқа әр түрлі стратегияларды қолдандым. Тапсырма әр оқушыға түрлендірілді. 2 оқушыға РАФТ стратегиясы

Рөл                   Аудитория                     Формат                     Тақырып

1.Оқушы             Қоғамға                         Өтініш                     Ауаны қорғау

2.Оқушы             Экол.мин.                       Сурет                      Зиянды заттар

  1. Ойтолғау «Болашақ көзімен»
  2. Венн диаграммасы «Ауа мен Су»

Әдебиеттік оқу пәніндегі «Қасқыр қалай қысты өткізеді?» тақырыбын қиялды және белсенді оқу дағдысын дамыту мақсатында «Итермелеу» сатысы стратегиясын пайдалана отырып, жұптық жұмыс ұсындым.

Қасқыр, борсық, қыс, түн, аштық тірек сөздері арқылы ойланып, мәтін құрастыруға тырысыңыздар. Ол үшін бұл жағдайларды бірнеше минут көз алдарыңызға елестетіңіздер. Неліктен қасқыр, борсық сөздерінің асты сызылған? Сұрақтары арқылы жетелеп, қыстың, аштықтың қасқырға қатысын сипаттайтындай мәтін құрастырады. Қасқыр мен борсыққа қатысты Венн диаграммасын толтырады.

Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін сабақта және сабақтан тыс уақытта дамытудың түрлі әдіс-тәсілдерін қай кезде де кеңінен қолдануға болады.

Тіл сабақтарында:

  1. Өлең құрастыру, ұйқас іздеу
  2. Шығармадағы кейбір сөз орнына тұрақты сөз тіркесін қою. Мысалы: қорқу-төбе шашы тік тұрды
  3. Өлеңді қара сөзбен жаздыру
  4. Әңгіме, эссе жазу, мәтін құрастыру.
  5. Кейіпкерге мінездеме беру, мінезіне сай мақал-мәтел табу т.б.

Математика сабақтарында:

  1. Тақырыпқа сай логикалық есептер шығару
  2. Шамалар арасындағы қатынасты сипаттайтын есептер шығару.
  3. Қызықты әзіл есептер шығарту
  4. Сиқырлы квадраттар т.б.

Қандай пән болмасын оны оқытуда мұғалімге қойылатын басты талап- өзінің пәнін мемлекеттік стандарт деңгейінен жоғары білу,заман ағымына сай оқыта алу, оқушының шығармашылығын дамыту.

Осы жолда қандай әдіс-тәсіл, технология түрлерін пайдалансаң да, мұғалім өз жұмысын саралап, нәтижесін бағалап отыруы қажет.

  • Осы әдіс-тәсілім алдыма қойған мақсат-міндетімді толық аша алды ма?
  • Оқушының білім мен біліктілігі қалыптасуына ықпал етті ме?
  • Оқушының сабаққа, пәнге қызығушылығын қаншалықты деңгейге көтерді?
  • Оқушының жеке қабілетін, шығармашылық белсенділігін, дарындылығын көрсете алды ма?

Осылайша саралап, жүйелей отырып, жұмысқа жаңалық енгізу қажет:

  • Әдіс-тәсілдердің орнын ауыстыру
  • Нәтиже бермеген әдістерді жою
  • Бұрын болмаған жаңалықтар ашу
  • Ескі әдіс-тәсілдерді қайта түлету

Біз өзіміз жүрегімізген қалаған мамандықтың ел мақтайтындай иесі болу үшін әрбір шәкірт бойындағы қабілеттің көзін ашып, рухани байытуға, қиялын ұштауға, дүниетанымын кеңейтіп, шығармашылық дарынын оятуға тиіс екенімізді ұмытпайық.

Конфуцийдің:

«Маған айтып берсең, ұмытып қаламын, өзіме жасатсаң үйренемін» деген сөзін үнемі есте ұстайық, өйткені адам бірінші кезекте өз қолымен жасағанды жадында сақтайды, осы әрекеттерінің негізінде туындаған білік пен дағдыларын күнделікті өмірде қолдана алады.

Сөз соңында:

Мұғалімнің мұраты не?

-Оқушыны белсенді өмірге бейімдеу.

-Ғылыми дүниетанымын кеңейту.

-Адами қасиеттерін қалыптастыру.

-Шығармашылық қабілетін дамыту.

XXI ғасыр-білімділер ғасыры.

Ендеше, бізге ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты ұрпақ керек екенін естен шығармайық!

Рахманкулова Бибигул Жамбуловна

І санатты бастауыш сынып мұғалімі

«Сырым аудандық білім беру бөлімінің Жалпы білім беретін

Көгеріс негізгі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.