Home » Білім және тұлға » Ұстаз – ұлы тұлға

Ұстаз – ұлы тұлға

«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша

«Ұстаз – ұлы тұлға» деген сөзді күнделікті өмірде жиі айтып, жиі естиміз. Осы бір қарапайым сөздің мән-мағынасы, түп тамыры неде? Болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, баланың арман-қиялын көкке жеткізетін, бала жанын қалтқысыз түсініп, оның ең бір жақын досына айналатын, өзінен гөрі шәкіртінің мұң-мұқтажын бірінші орынға шығарып, бар күш-қуатын балаға бағыттайтын да осы ұстаз емес пе! Мұғалім мамандығы – ауыр мамандық. Ол адамнан тек аса жоғары білімді ғана емес, сонымен қатар рухани күш пен табандылықты және батылдықты да талап етеді. Бүгінгі заман ұстазы «Ұстаз» деген атаққа лайық болу үшін білімді ғана болып қоймай, заман талабына сай шығармашыл тұлға болуы шарт.

Осындай шығармашыл тұлға атанып жүрген, әрқашан біліктілігін арттырып, үнемі тынбай еңбек етіп жүрген, бала жүрегіне өз мейірімімен, адамгершілігімен жол таба білген ұстаздың бірі – Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы Тоқжігітова Анаргүл Қайырбайқызы.

Ол Павлодар педагогикалық институтын 1993 жылы бітіріп, ұстаздық еңбек жолын Ақтоғай ауданы Қараоба орта мектебінде бастады. Осы он жыл ішінде өз ісіне берілген Анаргүл Қайырбайқызы қарапайым ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып, ұстаздық мамандықтың қиындығымен бірге жемісін де көреді. 2003 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының колледжінде жұмысын жалғастырып, өзінің бойындағы білімін, жылдар бойы жинаған тәжірибесін болашақ мұғалімдерге кез-келген жерде тиімді, ұтымды пайдалана білуге үйретті.

Бүгінгі таңда А.Қ.Тоқжігітова еңбек жолын Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінде жалғастыруда.

Анаргүл Қайырбайқызы – ұдайы ізденіп, шығармашылығын жетілдіріп отыратын ұстаз. Ол сабақтарында қазіргі талаптарға лайықты жаңа технологияларды сәтті пайдаланады. Ұстаздың оқу сабақтары мен тәрбие сағаттары жаңа білім мазмұнымен, оқушы бойындағы жан-жақты қабілеттерді дамытуға бағытталуымен дараланады, шәкіртінің ой-өрісін кеңейту үшін сабақтың сан алуан типтерін қолданып отырады. Анаргүл Қайырбайқызы сабақтарында оқушылар еркін ой білдіруге, талданатын әр мәселені түрлі қырынан қарастыруға мүмкіндік алады. Бұл оқытушы мен оқушының еркін қарым-қатынасы болған жағдайда ғана жүзеге асатын нәрсе. Олай болса, ұстаздың оқушылармен қарым-қатынасы жоғары сенімділік жағдайда деп айтуға болады.

Оқытушы әр сабағында дамыта оқыту, сын тұрғысынан ойлау, проблемалы оқыту, ұжымдық оқыту мен ұжымдық ойлау технологияларын   ұтымды пайдаланады. Әр сабағында студенттерді шығармашылық ізденістерге жетелеп, түйінді ой қорытындысын шығара білу, пікір айту, өз пікірін қорғай алу, аудитория алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіреді.

Оқытушы өз басының биік мәдениетімен, ұстаздық еңбегіне сүйіспеншілігімен, адамгершілік қабілетімен шәкіртке сапалы да терең білім беруде жақсы жетістіктерге жетті. А.Тоқжігітованың тынымсыз ізденімпаздығы, еңбектегі тиянақтылығы мен тындырымдылығы, жинақтылығы мен жүйелілігі – көзге ілінер басты қасиеттер.

Анаргүл Қайырбайқызы – ғылыммен де айналысатын оқытушы. Осылайша ол өз іс-тәжірибесімен аймақаралық, республикалық деңгейде өткізілетін әр алуан ғылыми-практикалық конференцияларда, облыстық әдістемелік семинарларда, колледждің әдістемелік және педагогикалық кеңестерінде әріптестерімен өзара бөлісіп отырады. Әдістемелік семинарларда, педагогикалық кеңестерде заманауи мағыналы баяндамалар жасайды.

Қазақ тілі және әдебиеті оқытушыларына арналған облыстық семинарларда өзінің жинаған тәжірибесімен бөлісіп тұрады. «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Павлодар облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» курс тыңдаушыларына шеберлік сабағы ретінде БББ – 21 тобында қазақ тілі пәні бойынша «Публицистикалық стиль» тақырыбына ашық сабақ өткізіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Осы жылы «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Павлодар облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» ұйымдастарған «Педагогикалық шеберлік — 2017» облыстық байқауында ІІІ орынға ие болды.

Анаргүл Қайырбайқызы – ұстаздық шеберліктің қыр-сырына терең үңіліп, тәлімді істер тындырушы, тәрбие мен білімді шебер ұштастырушы ұстаз, жеке басының адамгершілік қасиеттері мол тұлға.

Колледж оқушыларына сапалы білім және саналы тәрбие беруге қосқан адал еңбегі, сондай-ақ қоғамдық жұмысқа белсенді қатысқаны үшін институт тарапынан және колледж әкімшілігі тарапынан «Алғыс хаттармен» марапатталды.

Ұстаздықтан ләззат алып, өзінің әр шәкіртінің жетістігіне қуанып, сәтсіздіктеріне ортақтаса алатын ұстаз – отбасында да Серік жолдасымен бірге ұл-қыз өсіріп отырған бақытты ана, өмірде достарына адал жан. Адам үшін осыдан артық мәртебе, осыдан артық бақыт жоқ болар.

Н.Э. Тастемірова

Б.Ахметов атындағы Павлодар

педагогикалық колледжінің

қазақ тілі мен әдебиет

пәнінің оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.