Home » Баяндамалар » Үштілділікті үйретуде пәнаралық байланыстың ерекшелігі

Үштілділікті үйретуде пәнаралық байланыстың ерекшелігі

Елбасы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында «Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны жария етті. Ал 2007 жылғы Жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.

Бұл идеяның негізі мынадай: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Яғни мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз.

Үштұғырлы тіл өмірлік қажеттіліктен туындаған идея. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Мысалға, ежелгі дүниедегі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған. Сондай-ақ, бүгінгі Еуропада да көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.

“Үштұғырлы тіл” идеясының үшінші құрамдас бөлігі – ағылшын тілін үйрену. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. Қазақстандықтардың ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйренуге жәрдемдесу үшін колледждер мен жоғары оқу орындарында шет тілінің болашақ оқытушыларын оқыту жүйесі мен процесіне қойылатын талаптарды күшейту керек.

Соңғы жылдары жинақталған тәжірибеге сүйенсек, ғалымдар шетел тілін оқытуда студенттердің ана тілінің ерекшеліктерін шетел тілін  оқыту барысында тиімді, тиімсіз ықпалын ескергенде ғана тіл үйрету жолында  жақсы нәтижелерге жетуге болатынын  көрсетеді.

Бұның айғағы ретінде  Елбасы Н. Назарбаевтың «Ел болашағы – жас ұрпаққа» атты баяндамасында: «Қазақстанда ел болашағы – жас ұрпақтың әлемдік стандартқа сай білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – мемлекеттің  даму саясатының басым бағыттарының бірі. Болашақта білімді де қабілетті жастардың ел үшін аянбай  еңбектеніп, Қазақстанның  даңқын асыратынына, мәртебесін асқақтататынына сенемін» деген.

Іс жүзінде тілдердің үштұғырлылығы идеясы бәсекеге қабілетті Қазақстанның ұлттық идеологиясының бір бөлшегі болып табылады. Яғни, мемлекет әрбір қазақстандық үшін үш тілді білу әркімнің жеке дамуының міндетті шарты екендігін әрдайым есте ұстауды қалап отыр.

Қазір  таңда  ағылшын тілін үйренуге ынталылардың саны біршама артады, өйткені оқулықтар, сөздіктер, әдістемелік нұсқаулар, тестер өз ана  тілімізде шығарылып жатыр.

Тіл — өзгеріссіз — өріссіз, қатып – семіп қалған дүние емес. Ол үнемі жаңарып, толығып тұрады. Әрбір кезеңде үнемі өзгерісте болып сөз қорының  артуы жаңа сөздермен толығып отыруы ағылшын тіліне де тән құбылыс.

Ағылшын тілін меңгеру бір пәнді жақсы білумен шектелмейді.

Пәндерді  бір-бірімен  байланыстырып оқыту педагогика тарихында ерте кезден белгілі. Ол Я. А. Коменскийдің, И.Г. Песталотцидің, К.Д. Ушинскийдің еңбектерінде зерттеліп дамытылған. Я. Коменский оқу пәндерін байланыстырып оқыту кезінде студенттерде оқу материалы жайлы толық мағлұмат  қалатынын, оның терең, әрі жүйелі білімнің шарты екенін түсіндіре келіп, пән аралық байланыстың мақсатты және тиімді болуына мән береді.

Пәнаралық байланыс мәселесі жан-жақты әрі жүйелі түрде ұлы орыс педагогы

К. Ушинскийдің еңбектерінде де дәлеледенді. Оның пікірінше әр түрлі ғылым саласынан тамшылап берілетін ғылым адамның сыңарында жаттанды түрде жинақталмай, сапалы түрде меңгерілуі керек. Білім сонда ғана берік, жүйелі және терең болады.

Шетел тілі пәні басқа да жалпы білім беретін пәндер сияқты тәрбиелік, білімдік маңызды міндеттер атқарады. Жас ұрпаққа шет тілінде оқытуды, жазуды, сөйлеуді, бір тілден екінші тілге аударуды үйреткенде сол елдің мәдениетін де қоса үйретеміз. Соңғы жылдары мемлекетіміз ағылшын тілін оқып үйренуге үлкен ықпал жасап отыр.

Соңғы жылдары жинақталған тәжірибеге сүйенсек, ғалымдар шетел тілін оқытуда студенттердің ана тілінің ерекшеліктерін шетел тілін оқыту барысында тиімді, тиімсіз ықпалын ескергенде ғана тіл үйрету жолында жақсы нәтижелерге жетуге болатынын көрсетеді. Өйткені жастардың ана тілі мен шетел тілін меңгеруге елеулі ықпал етеді. Сондықтан шетел тілін ана тілі негізінде салыстыра оқытудың маңызы зор. Оны басқа да пәндермен ұштастырып оқыту қажет. Шетел тілін меңгеру – өте күрделі үрдіс, әсіресе оқытудың бастапқы кезеңінде өте көп қателіктер болатыны белгілі жайт. Бұл қателіктер көп жағдайда ана тілінің әсерінен болатынын А. Леонтьев атап көрсеткен. Ендеше ана тілінің ерекшеліктерін ескеру ұстанымының маңызы зор. Өскелең ұрпақтың шетел тілінде сөйлеу тәжірибесі болмағандықтан ана тіліндегі сөйлеу тәжірибесімен салыстыра алмайды. Оның санасында ана тілі жүйесінің нормалары шетел тілі нормасынан жоғары болғандықтан көптеген қателер жібереді. «Басқа тілді оқыту кезінде, біз, әдетте ана тілдік құбылыстарын меңгерген студенттермен істес боламыз, — деп жазады. А. Леонтьев, — олар басқа тілде меңгеруде ана тілінде меңгерген іскерліктер мен дағдыларды пайдаланады». Сөйтіп ана тілінің негізінде екінші бір шетел тілін үйрену жүзеге асырылады. Ал ана тілі – басқа тілді үйренудің негізгі қайнар көзі.

Басты мақсат – үш тілді қатар қолдану емес, үш тілді қатар меңгеру ғой қолдан келгенше. Ал қоғамдық қатынаста қолдануға ие тіл – мемлекеттік қазақ тілі болуы қажет. Тілдік саясаттың негізгі генераторы – мемлекеттік тіл, орталық басқару аппараты да – мемлекеттік тіл, тілдік ортада да доминантты – мемлекеттік тіл болуы тиіс еді. «Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы» концепциясы да – өзге тілдерді де қолдай, оқыта отырып мемлекеттік тілді саясаттың оптималды позицияға ие болуына мүмкіндік беру, әртүрлі салада мемлекеттік тілдің ренессансын тудыру.

Елбасының сөзімен жеткізгенде «қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді». 

Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі үштілділік концепциясының жобасын жасауға бастамашы болған А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының маманы Анар Фазылжанова: «Мемлекеттік тіл — елдің негізгі тілі. Ал орыс және ағылшын тілдері — мемлекеттік тілдің өз функциясын толыққанды атқара алатын тілге айналуына көмекші болатын тілдер», — дейді. Аталған тіл тұжырымдамасында білім беру саласындағы үштілділік мәселесі қарастырылады. Онда мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінде балаларға тек ана тілін үйрету мәселесі айтылады. Халықаралық мамандардың ғылыми зерттеулері бойынша, балаға шет тілін үйрету 9-13 жастан басталу керек. Яғни бастауыш сыныптан өткеннен кейін ғана орыс, ағылшын тілдерін меңгере алатыны аталған концепция жобасына енгізілген.

Инновациялық үрдіс – білім беру жүйесін жаңарту және дамыту ғана емес, қоғамның, Қазақстанның өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында жаңа қоғамның, жаңа әлемнің жаңа мұғалімі қажеттілігінен туындаған үрдіс. Құзіреттілік білім беру жағдайындағы инновациялық үрдіс-нысанның, педагогикалық идеяның, деректер мен тұжырымдамалардың, теорияның, әдіс-тәсілдердің жаңа сапалық өзгерістерін қамтамасыз ететін үрдіс, педагогикалық қауымдастықтың сұранысын қанағаттандыратын, қоғамдық педагогикалық құндылықтарына сәйкес жаңаны меңгеру, қолдану, талдау, салыстырмалы бағалау.

Инновациялық іс-әрекет – педагогикалық еңбектің сапасын арттыратын оқу-тәрбие үрдісін жаңа бағытта құру бойынша түбегейлі өзгерістермен ерекшеленетін жаңаша іс-әрекет. Мұғалімнің инновациялық даярлығы – мұғалімнің инновациялық педагогикалық технологияны меңгеруі және оның өз іс-тәжірибесінде пайдалана алуына қажетті жаңа білім, білік, дағдыны меңгеруі.

Мұғалімдерге инновациялық білім берудің міндеті – оларды ізденімпаз жаңашыл ұстаз етіп даярлау, күнделікті білім мен біліктілігін көтеру, өз ісіне шығармашылықпен қарау, меңгерген инновациялық технологияны өз мектебі мен сыныбының ерекшеліктерін ескере отырып түрлендіре алу, өз ісіне сыни көзқараспен қарау, жеткен жетістіктері мен жіберген кемшіліктеріне педагогикалық сараптама жасай алу, өзінің авторлық технологиясын өмірге әкелу, оны әдіснамалық тұрғыдан негіздеу, ұдайы әдістемелік жетілдіріп отыру.

Мұғалімдерге инновациялық білім берудің формаларына: арнайы инновациялық курстар, семинар-конференциялар, педагогикалық тренингтер, инновациялық педагогикалық оқулар мен форумдар, ғылыми жобаны қорғауға арналған әр түрлі байқаулар мен сайыстар және т.б. жатады. Инновациялық білім беру әдістеріне: әңгімелесу, пікірлесу, талқылау, жаттығу, сұрақ-жауап, миға шабуыл және т.б. эвристикалық әдістер кіреді.

ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының ең басты тетігі білім болып табылатыны мойындалды, оған ғасырлар тоғысында білімді халықаралық деңгейде дамытудың бағыттарына арналған реформалардың қарқынды дамуы дәлел. Қазақстанның білім беру саласындағы жүйелі өзгерістер әлемдік деңгейдегі болып жатқан жаңашыл бастамалармен үндесіп отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер — бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады.

Сондықтан ұстазға жүктелетін міндеттер ауыр» деген болатын. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Бұл заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқытудың озық технологиялары мен инновациялық әдістерді сабақ үрдісінде тиімді пайдалана алатын білігі мен білімі жоғары ұлағатты ұстаз болу керек деген сөз.

Сол себепті де музыка сабағында пәнаралық байланысты тек әдебиет, тарих және математика пәндерімен ғана байланыстырып қоймай, музыка пәнінің ағылшын тілімен пәнаралық байланысын да өзімнің педагогикалық тәжірибеме қосуды жөн көрдім. 5 сыныпта өтілген тақырыптарда қазақ тілінде де және орыс тілінде де айтылуы бірдей сөздерді (термин сөздер) ағылшынша аудармасымен таныстырып, кейбір әндерді үш тілде орындалуын үйретемін. Мен өзім мектепте француз тілін оқыдым. Мені ағылшын тілін үйрену қызықтырады. Ағылшын тілін оқушылармен бірге өзіңнің де үйренуіңе және оны өмірлік тәжірибеде де қолдануыңа мүмкіндік береді деп ойлаймын.

І. Мысалы, сабақ сәлемдесуден басталады:

— Сәлеметсіздер ме, балалар!

— Сәлеметсіз бе, апай!

— Здравствуйте, дети!

— Здравствуйте, учительница!

Good aftemoon, children!

— Good aftemoon, teacher!

Сабақтың тақырыбын ашу үшін берілген тапсырманы орындай отырып, ол сөздің ағылшынша аудармасымен де таныстырып отырамын.

ІІ. «Балет өнері» тақырыбында П.И. Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен «Кішкентай аққулар биі» үзіндісін бейнетаспадан көрсету арқылы оқушыларға балет туралы түсінік қалыптастыру және танысқан жаңа терминдерді ағылшын тілінде жазып үйрену.

Есте сақтайық !

Италия                               Италия                           Italy

Балет                                   Балет                            Ballet

Театр                                 Театр                            Theater

ІІІ. «Симфония өнері» тақырыбы өтілген кезде сөзжұмбақ шешу арқылы тақырыпты ашу және осы сөздің ағылшын тіліндегі аудармасымен танысу.

Ойлан, тап !

  1. 7 – нота
  2. 3 – нотаның басқы әрпі
  3. 4 – нотаның басқы әрпі
  4. 1 – нотаның соңғы әрпі
  5. Жансыз затқа қойылатын ? басқы әрпі
  6. 3 – нотаның соңғы әрпі
  7. 6 – нотаның соңғы әрпі

Сөзжұмбақтың шешуі:

Симфония Symphony

 

Нота                                   Нота                                       Note

Музыка                             Музыка                                  Music

Симфония                       Симфония                              Symphony

 

Мұғалім мен оқушы еңбегінің нәтижесі мен жетістіктері.

 

«Ұқсастығын табайық!», — тапсырмасын орындау кезінде.

«Сен үшін, туған ел!», — деп үш тілде ән шырқайды.

Оқушылар топпен жұмыс жасап жауапкершілікті сезінеді.

       «Жұмбақтардың шешуін табайық!», — жұмыс үстінде.

 

Оқушылар жұмысы

Ал енді балалар, ана, ұстаз, кітап жайлы өлең шығарып көрейік !

(Қарамен жазылған сөздердің орысша, ағылшынша аудармаларын жаз).

 

  1. ——————————————Ана, ….., ……
  2. Анаңдай болар асыл жоқ …

 

  1. ——————————————Кітап, ….., ……
  2. Кітаптай терең білім жоқ …

 

  1. ——————————————Ұстаз, ….., ……
  2. Ұстаздай биік ұлық жоқ …

Жұмбақтың шешуін табайық !

(Жұмбақтың жауабын үш тілде жаз)

Танып көр, — деп отырсыз – ау сіз сірә,

Лучано – ол, әншісі ғой ——————.

Опера, ….., ……

 

Шатастырып тартып жүрме жазасын,

Сен, үндінің сұлу сазды ——————.

Рага, ….., ……

 

Бұл қай өнер, — деп сұраса әлде кім,

Біз танимыз «Аққу көлі» —————.

Балет, ….., ……

 

Бізге жақын классиканың бұл түрі,

———- — құдірет, қазақ үшін ең ірі.

Күй, ….., ……

 

ІҮ. Сабақты қорытындылау кезінде өтілген тақырыптар бойынша берілген тапсырма. Тақтамен жұмыс жасау арқылы оқушылар осы елдердегі классикалық музыка түрлерін тауып оларды кесте бойынша толтырады және осы сөздердің ағылшынша аудармасын жазып, оқылуымен танысамыз.

 

Біліп алайық !

Классика                           Классика                               Classic

Опера                                 Опера                                     Opera

Күй                                     Кюи                                         Kui

Рага                                    Рага                                         Raga

Мугам                                Мугам                                    Mugham

Ән шырқайық !

 

Сен үшін, туған ел !

 

Қайырмасы:

Ұшқыштар сен үшін,

Әлемді шарлайды,

Ақындар өлеңін жырлайды.

Спортшылар жеңісін,

Жарыста арнайды,

Отаным, сен үшін.

 

Припев:

Для тебя пилоты,

Совершат полеты,

О тебе напишут все стихи.

Посветят спортсмены,

Все свои победы,

Край родной, для тебя.

 

Chorus:

Pilots for you,

Fly over the world,

Poets the poem devote.

Sportsmen are dedicated,

All their victory for you,

My lovely homeland.

 

ҮІ. Оқушыларды бағалау мақсатында смайликтерді пайдаланып мадақтау сөздерін айтамын.

Жарайсыңдар! Молодцы! Well done!

 

«Қазақ баласына қазақ тілін білу – парыз, білмеу – ұят. Өз елін сүймегенмен бірдей саналады. Бізді білімге, өнерге үйреткен – орыс тілі. Қазақстанның сауда-саттық жасайтын тілі. Инновациялану кезінде, жаһандану заманында ағылшын тілін білмесек, біз ғылым мен білімнен басқа жаңалықтардан тыс қалатын боламыз. Заман талабы үш тілді білуді міндеттеп отыр» — дейді Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің баяндамасында. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпаққа үштұғырлы тілді меңгерту, олардың зерттеушілік қабілетін ояту, бәсекеге қабілетті етіп даярлау – біздің парызымыз.

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

  1. Н. Ә. Назарбаев, «Ел болашағы – жас ұрпақ» , Егемен  Қазақстан  4 .ІХ. 2007 ж.
  2. Ж. Асанов,«Пәндерді байланыстырып оқыту» методикалық құрал     Қызылорда қаласы
  3. Қ. Сұлтанғазиев №1 2001ж. «Қазақстан мектебі»
  4. Интернет желісі

 

Жақанова Бакира Кәрімбердіқызы

Қызылорда қаласы

№ 7 орта мектептің музыка пәні мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.