Home » Білім және тұлға » Менің міндетім – жұмысты тоқтатпау

Менің міндетім – жұмысты тоқтатпау

«Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы бойынша

   «Павлодар мұнай өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — еліміздегі Шымкент, Атырау, Павлодар қалаларында орналасқан кәсіпорындардың ішіндегі ең ірісі. Мұнда жылына 7,5 миллион тонна мұнай өнделіп, А-80, А-91, АИ-95 маркалы автобензин, авиакеросин, дизель жанармайын, қазандық отынын (мазут), сұйылтылған газ т.б. шығарылады. Қара алтынды халықтың қажетіне жарату мақсатында мыңдаған білікті мамандар білек түре тер төгуде. Солардың бірі — «Құрмет орденінің» иегері, еңбек озаты Серікбай Иманғалиұлы Әбіловтың аталмыш кәсіпорында еңбек етіп келе жатқанына биыл 38 жыл!

Серікбай Иманғалиұлымол тәжірибесі мен адал еңбегін, бойдағы бар қайрат-жігерін елінің игі мақсатына арнаған кәсіби маман. Оның өмірдегі ұстанымы да айқын. Ол іскерлік пен жауапкершілікті нәтижелі істің нақты өтемі деп біледі.

Иә, Серікбай аға – ақжарқын, қарапайым жан. Алғаш жұмысы туралы сөйлесе бастағаннан-ақ оның өз мамандығын қаншалықты бағалап, мақтан тұтатындығын аңғару қиын емес еді. Жеке міндетке асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарау – цех басшысының өзіне де, қарамағындағыларына да қоятын ең басты талабы болса керек. Жанашыр ұстаз, ақылшы дос, отбасына берік тұтқа, міндетіне адал, бірегей мамандық иесі шәкірттерін тек шеберлікке ғана баулып қоймай, олардың қызмет сатысымен көтерілуіне де әрдайым атсалысумен келеді. Бүгінде «орда бұзар отызға» тола қоймаған Адлан есімді шәкірті бөлім басшысы қызметіне дейін жоғарылап, аға тәлімгері мен кәсіпорын әкімшілігінің өзіне артқан сеніміне селкеу түсірмей, қызметін лайықты атқарып жатқан жайы бар.

—    Мен келгенде зауыттың ашылғанына 1 жыл да болмаған еді. Ал қазір, екі бірдей ұрпақ ауысып үлгерді, — деп бастады әңгімесін ардагер ағамыз. — Мен бұрынғы Ермак (қазіргі Ақсу) ауданы Калинин совхозының 4 бөлімшесі болып келген Жаңа шаруа ауылының тумасымын. Бастауыш білімді сол бөлімшедегі ауыл мектебінде меңгеріп, орта мектепті Калинин совхозының орталығында жалғастырдым. Оқу бітірген соң, жарты жылдай ауылда жүріп, орайы келген жұмыстың «басын қайырдым». 1976-1978 жылдары әскери борышымды өтеп, Павлодар қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жұмысқа орналастым. Міне, содан бері, тапжылмастан осы алып кәсіпорынның «отымен кіріп, күлімен шығып» келемін десем, қателеспеймін. Тоқырау жылдары біздің зауыт та қиын кезеңдерді бастан өткерді. Бірақ, үйренген жұмыс болғасын, тастап кете алмадым. Қазір сол үшін қуанамын да! Бастапқыда, 3 разрядпен технологиялық сорғыларды жөндеу цехына қабылдандым, кейіннен кәсіби біліктілігімді жетілдіре келе 4-ші разрядқа ие болдым. 1998 жылы мұнайды бастапқы өңдеу кешенінде күкіртті мұнайдан газбен фракциялау қондырғысының 5-разрядты технологиялық сорғылар машинисі деген жаңа міндет жүктелді. Сол өз цехымда бұрын сорғыларды жөндесем, енді сол өзім жөндеген сорғылардың машинисі болдым. Бізде тәртіп өте қатал. Әр қызмет өз жұмысын тыңғылықты атқарып, құрылғылар әрдайым бір қалыпты жұмыс жасап тұруы қажет. Әр сорғының жұмыс істеу уақыты, мерзімі ескертпелерде көрнекті түрде жазулы тұрады. Бір кілт өзгерсе, бірден дабыл қағылады. Бізде технологиялық цех болғандықтан, келген мұнайды алдымен біздің цех қабылдап өндейді, келесі цех оны одан да тереңірек тазартып, жаңа рең береді. Әрі қарай циклдар көп. Гудрон, бензин т.б. жанар-жағар майдың біразы осында шығарылады. Әр құрылғы 2 000-3 000 сағат жұмыс істегеннен кейін, қажеттілігіне қарай ағымдағы, орташа, күрделі жөндеулерге тапсырылады. Мен цех басшысы ретінде қондырғылардағы әрбір дыбысты назарымда ұстаймын. Менің міндетім – жұмысты тоқтатпау,- дейді кейіпкеріміз.

Серікбай Әбілев зауыт дәнекерлеушілері арасында ең үздік жұмыскер атанып, бірнеше мәрте Мақтау қағаздарымен марапатталды. Оның қажырлы еңбегі мұнай өндеу зауытының «Нефтепереработчик» деп аталатын газетінде де бірталай мақалаларға «тұздық» болғаны мәлім. 1999 жылы Қазақстан Мұнайының 100 жылдығына орай, Құрмет орденінің иегері атанып, бірнеше мерейтойлық төс белгілермен марапатталды. Павлодар облысының 75 жылдық мерейтойына орай, көлемді фотосуреті қаламыздағы Сатпаев алаңының Еңбек Даңқ Аллеясынан лайықты орнын алған болатын.

— Зауыт жыл санап дамып келеді. Жаңа цехтар ашылып, ескі қондырғылар шетелдік заманауи технологиялармен алмастырылуда. Болашақта қазіргі дизель емес, жоғары сапалы евро «- 4», «евро – 5» бензиндерін шығару жобасы қарастырылып жатыр. Жұмыскерлер қатары да жыл сайын Мұнай өндеу зауытының химия-технологиялық колледжі және С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің химия-технология бөлімінің жаңа толқын — жас түлектерімен толықтырылып отырады. Мен оқушы кезімде геолог болуды армандайтын едім. География пәнін қатты жақсы көрдім. Рыстай Усабековна дейтін ұстазымыз болды. Күнделікті сабақта болсын, емтихан тапсырғанда болсын, бірінші болып қол көтеріп, тақтаға шығатынмын. Сосын, физикалық картадан қай ел қай жерде орналасқанын, ресурсы, пайдалы қазбалары, ауа райы қандай екенін судыратып тұрып, айтып беретінмін. Бірақ, бала күнгі арманымның орындалмай қалғанына еш өкінбеймін. Мен өзіме тиісті орынды таптым.

Серікбай аға туған ауылын сағынғанда, кішкентайынан «тай-құлындай» тебісіп қатар өскен достары: Біржан, Рысбек, Рамазандармен, кейде отбасыларымен бірге ескі жұрттың жанындағы «Үш ағашқа» барып, балық аулап, демалып қайтатындарын айтты.

— Бұрын ауылда 30 түтін едік, әр үйде кем дегенде 8 баладан болатын. Кешқұрым өрістен қайтқан төрт түліктің жамыраған үнімен қоса, ауыл ішінің кешкі азан-қазан, қарбалас тірлігі басталатын. Балалар болса, «қас қарайып, көз байланғанша» доп қуып, асыр салып, ойынның қызығына бататын. Қазір ғой, сол бір думанды, берекелі мекеннің тек қарайған орны ғана «мен мұндалап» жатыр…, — дейді ол тебіреніп.

Иә, асылы, Жер-ана – әр қазақ жаратылысындағы жүрек түкпірінен терең орын алған, еш баламасы жоқ, баға жетпес ұлттық құндылығы. Жерге адалдық – еліміздің бүгіні мен жарқын болашағына деген адалдық. Басқаша болуы — мүмкін емес!

Сөз соңында, қасиетті туған жеріміздің қадірін бағамдап, қай салада болмасын, қажырлы, ерен еңбегімен тұғырлы еліміздің Туын желбіретіп жүрген Серікбай Әбілев сынды барлық ардақты аға-әпкелеріміздің табысы — толағай, тілегі — оңынан болғай, демекпіз …

 

                                                                                   Айгүл МОЛДАШ,

Білім айнасы

Павлодар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.