Home » Мақалалар » Мектепке дейінгі ұйымның әдіскерлеріне арналған курс мәресіне жетті

Мектепке дейінгі ұйымның әдіскерлеріне арналған курс мәресіне жетті

2017 жылдың 11 қазаны күні «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында мектепке дейінгі ұйымның әдіскерлерінің қатысуымен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңарту жағдайында әдістемелік жұмыстарды ұйымдастырудың педагогикалық аспектілері» тақырыбымен аралас оқу (Blended Learning) форматында өтіп жатқан біліктілікті арттыру курсы өз мәресіне жетіп, курстың алғашқы қарлығаштарына сертификат тапсырылды.

Курс тьюторы Ақбілек Қошқарбайқызы Жұмабаеваны сөзге тартып, аралас оқу жүйесімен өткен курстың тиімділігі мен қиыншылығы жөнінде сұраған едік:

«Әрине, аралас оқу (Blended Learning) форматында өткен курстың тыңдаушылар үшін тиімді де ұтымды тұстары көп болды. Бұл формат арқылы тыңдаушы материалды толық зерделеудің жолдарын және қарқындылығын бақылауға мүмкіндік алды. Аралас оқу (Blended Learning) тыңдаушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға және дамытуға арналған оқытудың түрлі формаларын біріктіруге (күндізгі оқу, қашықтықтан оқу, өз бетімен оқу) негізделді.

Курсқа қатысқан 25 тыңдаушыға алғашқы күні сабақ кестесі беріліп, порталға тіркеліп, сол бойынша жұмыс жасап, қорғайтын тақырыптары да берілген болатын. Енді міне, тыңдаушылар тест тапсырып, жобаларын қорғап, сертификатқа ие болды.

Курста кездескен қиындықтарға келсек, қашықтықтан оқу кезеңінде шалғай аудандағы тыңдаушыларымыздың интернет желісіне қосылу мүмкіндігі қиын болды. Сонымен қатар курстағы 25 тыңдаушының жұмысын тексеру де оңайға соқпады. Тыңдаушы саны егерде 20-дан аспаса, тыңдаушылар жұмысын тексеру сәл жеңілдеу болар еді деп ойлаймын. Сондай-ақ тест сұрақтарында түсініксіз сауалдар болды. Білім порталына тыңдаушының үлгірім кестесі жүктелсе деген ұсынысым бар».

Аралас оқу (Blended Learning) форматында өткізілген курс жөнінде тыңдаушылар да өздерінің ойларын ортаға салды.

   Түпқараған ауданындағы «Алпамыс» балабақшасының әдіскері Нәзира Нұралықызы: «Аралас оқыту курсында жұмыс орнында отырып әрі оқып, уақытты тиімді пайдаландық. Бұл біздер үшін өте ыңғайлы болды. Бірінші модульде нормативті-құқықтық құжаттар жөнінде толық дәріс алдық. Бұрынғы курстарға қарағанда тапсырмалар күрделірек болды. Мектеп пен балабақша арасындағы қарым-қатынас жөніндегі тапсырмалардың болуы қуантты. Тьютор Ақбілек Қошқарбайқызымен тікелей байланыста болып, өзімізді толғандырған, түсініксіз болған сауалдарға жауап алып отырдық».

Ақтау қаласындағы №33 «Әлия» балабақшасының әдіскері Светлана Бозбанова: «Курстың алғашқы күні тыңдаушының әрбір модульде өз бетімен оқуына арналған материалдар мен тапсырмалар берілді. Білім беру порталындағы бағдарламалық материалдарды меңгеру үшін тыңдаушыларға курстың, модульдердің видеолары, мәтіндік материалдар, таныстырылымдар, пайдаланылған әдебиеттер мен ТӨЖ тапсырмалары ұсынылды. Бұл жүйе қашықтықтан оқыту технологияларын ендіруге, заманауи педагогикалық технологияларды, оның ішінде әдіскерлердің тәжірибелік жұмысына негізделген ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізуге, тыңдаушылардың жан-жақты білім алуына қолайлы жағдайлар жасады. Бұл курс өз бетінше ізденуге, шығармашылықпен жұмыс жасауға өте тиімді болды».

Ақтау қаласындағы №57 балабақша әдіскері Феруза Бақтыгереева: «Мен тьютор Ақбілек Жұмабаеваның курсына осымен үшінші рет қатысып отырмын. Бұл аралас оқыту тәртібіндегі курс бұрынғы қатысып жүрген курстардан өзгеше болды. Біздер уақытымызды тиімді пайдалана отырып, өз бетімізше ізденіп, жұмыс жасадық. Көптеген көкейде жүрген сауалдарымызға жауап алдық. Өте білімді, қарапайым тьютор Ақбілек Қошқарбайқызына алғысымыз шексіз».

   Жаңаөзен қаласындағы №14 «Шынар» балабақшасының әдіскері Гүлнара Шалмуханова: «Аралас оқу режимімен (Blended Learning) өткен алғашқы курстан дәріс алдым. Оқыған курсымыз бойынша тест тапсырып, жобамызды қорғадық. Мен Өзін-өзі тану пәні бойынша өзіндік жұмыстан 100 балл алдым. Бұл курстан жан-жақты, терең білім алғандығымның нәтижесі деп білемін».

   Қарақия ауданындағы «Аяла» балабақшасының әдіскері Орынгүл Қайырқожаева: «Мектепке дейінгі ұйымның әдіскерлеріне арналған аралас оқу (Blended Learning) форматындағы алғаш рет өтіп жатқан курсқа қатысқаныма қуаныштымын. Бұл курста нормативті-құжаттар, стандарт, баланың құқығы жөнінде, педагогтің электронды портфолиосын дайындауды, сабақ құрылымдарын свод арқылы тексеруді үйрендік. 5 модуль бойынша оқи отырып, бүгін жобамызды қорғадық, өлшем параметрлері бойынша өз-өзімізге баға бердік, тьютор жұмысын жоғары 10 балмен бағалап отырымын. Курстағы 5 топ жобаларын ойдағыдай қорғады деп есептеймін. Қашықтықтан оқыту тиімділігін жақсы түсіндік. Алдағы уақытта да осындай курстар өткізіліп тұра беруіне тілектеспін».

   Бейнеу ауданындағы «Балдырған» бөбекжайының әдіскері Гүлзира Жалғасова: «Алғаш рет өткізілген аралас оқыту курсына қатысып отырған 25 тыңдаушы өзара байланыста бола отырып, берілген тақырып бойынша жобамызды қорғадық. Қашықтықтан оқыту ұтымды да тиімді екендігіне көзіміз жетіп отыр».

Мұнайлы ауданындағы №7 «Айналайын» балабақшаның әдіскері Гүлжан Әйтімова: «Аралас оқу режиміндегі курстың тиімділігі мол, жұмысымыз да істеулі, үйімізде бала-шағамыздың қасында, сабағымызды іздене отырып оқыдық, тест тапсырдық, жобамызды да қорғадық. Бір айта кететін жайт, тест тапсыру кезінде кейбір сұрақтар түсініксіздеу болды. Мысалы, «Қай жылы қабылданды?» деген сұрақта нені сұрап отырғаны анық емес. Сосын «оқу ынтасы» жөніндегі сұрақта да қай оқу ынтасы, қай сала екендігі түсініксіздеу болды. Осы жайлар болашақта ескерілсе екен. Жалпы, курстардың осындай форматта өткенін қолдаймын».

Тыңдаушылардың курс жөніндегі пікірлерінен түйгеніміз, аралас оқу (Blended Learning) форматындағы біліктілік арттыру курсы өте тиімді. Педагог бір мезгілде әрі жұмысын да істей береді, әрі курстан өтіп, біліктілігін де арттырады.

Тьютор Ақбілек Қошқарбайқызы Жұмабаеваның жұмысын тыңдаушылары жоғары бағалап, ризашылықтарын білдірді.

Біз де курстың алғашқы қарлығаштары мен тьюторды курсты табысты аяқтауларымен құттықтадық.

 

П.ҚАРЖАУБАЕВА,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-дың

Қоғаммен байланыс және

баспа жұмыстары жөніндегі

бөлімнің бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.