Home » Назарбаев Зияткерлік мектептері (Назарбаев Интеллектуальные школы) » Үлкен әлемді өзгерту, кішкентай әрекеттерден басталады

Үлкен әлемді өзгерту, кішкентай әрекеттерден басталады

Бір көк тудың астында жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің, ондаған діни конфессиялардың бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүруі – Қазақстанның сырлы тарихы мен асқақ үміт артылған болашағы арасындағы алтын көпір. Бұл – қазақ халқымыздың сұрапыл соғыс, аштық пен небір қиямет кездердегі заманның қатігездігіне мойымай көрсеткен бауырмалдығы, көрегендігі мен рух биіктігінің негізінен бастау алған құндылық. Бұл – қазіргі қазақстандық қоғамның тыныштығын сақтайтын бірегей ерекшелік. Сонымен қатар, болашаққа сеніммен қарауға таптырмас қазына. Қазақстандағы бейбітшілік – еліміздің кешегі тағдыры, бүгінгі қазынасы және ертеңгі мүмкіндігі.
Адам баласы дүние есігін ашқаннан бастап, «бозторғай ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» демекші, айналасындағының бәріне қызықтап, соған ұмтылып, содан үйренеді. Тәлім-тәрбие, үлгі менен өнеге бабаларымыздың бізге қалдырған рухани мұрасының ең құндысы деп білемін. Адамды адам ететін, адамды өрге жетелеп, өмірдің заңдылығына үйрететін білім, өмірге құштарлық және оның жан сұлулығы, адамгершілігі емес пе?! Қазақ ұлтының тәрбиесі дәл осы адамгершіліктің қадірін ұғып, әр ұрпақтың бойына сіңіру үшін оны әр дәстүрдің мән-мағынасына айналдырған болатын. Расымен де, баланың алғашқы қадамында «ала жіпті аттамауды» ырым қылатын ата дәстүр, еңбек пен ерлікке, мейірім мен жақсылыққа баулу біздің тектілігіміздің айғағы. Бұл қасиеттер адамның өмірлік позициясын табуына, өзіне лайық, ата-анасының үмітіне сай тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Мәртебесі зор тұлғаның қоғамдағы орны бөлек. Әр адам қоғамның құрамдас бөлігі болғандықтан, әркімнің оған әсері болмай қоймайды. Ал үлгі-өнегелі тұлға өз қоғамының шуақты сәулесіне айналары рас. Қоғамға оң әсер беру, оның дамуына ықпал ету жекелеген адамның бойындағы адамгершілік қасиеттерді ғана емес, оның патриоттық сезімін де қажет етеді. Отанды сүю, туған елге, дін мен жерге деген құрмет, ана тілін қадір тұту секілді патриоттық тағылымдар бесік жырынан бастап айтылып, ана сүтімен берілетін құндылығы. Қазақ халқының наным-сеніміндегі түсінік, ежелгі көшпелі халықпен біте қайнасып жатыр.
Дегенмен, қоғам бірдей адамдардан тұрмайды. Тағдыры әрқилы, өмірлік ұстанымы түрлі адамдар көп. Бірі үлгі тұтарлық тұлға, екіншісі жан сұлулығына зәру пенде болса, үшіншісі мүмкіндігі шектеулі, яки көмекке мұқтаж жандар… Жарты ғасырдан астам өмір сүріп, сол өмірін өз ұрпағына арнап, қауқары кеткен, жүдеп, өңі солған раушандай бүгілген қарттарымыз сиреп барады. Дене мүшелерінің әлдебір кемістігінің салдарынан өмірдің толыққанды шаттығы тұрмақ, үмітінен үзіле барар мүмкіндігі шектеулі жандар. Он екі мүшесі сау болса да, бір отбасының жылулығы мен ата-ананың ыстық махаббатына қолы жетпеген бейкүнә балалар бар. Олардың бәрі біздің қоғамның ажырамас бөлігі. Қазақтың тәрбиесінде алыс-жақындығына қарамастан, барлық жанды тең көріп, өмірдің қатал заңына ұшыраған дәрменсіз жандарға қол ұшын созу, демеу болу терең енген. Оны біз қазіргі қоғмның біртұтастығы мен бейбітшілігі арқылы көріп, көз жеткізе аламыз.
Ұлттық тәрбиеде өскен, қазақтың жайсаң мінезі мен сайын даланың жұпар иісін жұтқан жас буын бүгінде сол әдеттен аттамай, қайта оны жаңғыртып, заман талабына сай дамытып отыр десек болады. Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылуы Қазақстандағы этносаралық келісімді нығайтты.
Тәуелсіздігімізді қолға алған тұста, әлем назарындағы жас, әрі тәжірибесі аз мемлекет қазір аяққа нық тұрып, қиындықтарға қайыспай даму үстінде. Оны біз болашаққа көзделген үміт пен арманымызға ұштастырып келеміз.
«Қазақстан – 2050» стратегиясының алға қойған мақсаттары, «Мәңгілік ел құндылықтары», Президентіміздің әр жолдауы, әсіресе, оның «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы, халықаралық ұйымдарға мүше болу және әлемдік қарым-қатынастар біздің елдің тарихи құндылықтары мен қазіргі әлемнің жаңа сипаттағы қазыналарын біріктіріп, ортақ болашаққа жетелейтін жобалардың бір тізімі. Сондай үлкен, зор үміт артылып, қыруар еңбекпен өтелген бастамалардың бірі біз білім алып жатырған Назарбаев Зияткерлік Мектептерін салу екендігін білеміз. «Баланы жастан» демекші, елдің жас буынын білімнің сапалысымен, тәрбиенің нәрімен және оны патриоттық рухқа бағыттап, тұлға болып шығуына үлкен жағдай жасалған.
Оқушылар әр күні жаңа мағұлматпен танысып, жаңа тәжірибе игеріп отырады. Сыни ойлау, бағалау дағдылары дамып, тек жерлігікті жер емес, ғаламдық тұрғыдағы тақырыптарға өз ойларын қоса алады. Бұл берілген білімнің қаншалықты адамның көкірек көзін ашатынын, қос қанатына айналатынын көрсетеді. Мектептің білім қорындағы жетістіктер әр жыл сайын толығып, оқушылардың республикалық, халықаралық сайыстардағы жеңістерінің қатары көбейіп келеді. Білім мен ғылым ғана емес, одан бөлек адамгершіліктің нұрын төгіп, жанашыр болуға үйренген оқушылар әр мейрамнан бұрын балалар үйі мен қарттар үйіне барып, өнерлерімен сусындап, кішігірм сый-сияпаттары арқылы қоғамдағы көмек пен қолдауға зәру жандардың жүзіне күлкі үйіруді үлкен жетістік көреді. Ол жандарды бір қуанту, олардың бағалы екендіктерін жеткізіп, өмірге деген сүйіспеншіліктерін ояту оқушылар үшін біраз еңбек, аздаған көңіл мен үлкен жүректің лебізі. Соғыс ардагерлері мен қоғамға еңбек сіңірген барша тұлғаларды қадірлеу, оларға алғыс айтып қастерлеу біздің жарқын болашағымыздың іргесі екендігін анық түсінеді. Демек, әрбір тұлға қоғамның бөлшегі, әрбір тұлғаға көрсетілген көмек қоғамға көрсетілген қызметпен тең.
Оқушылардың білім алу мен тәрбиелік шараларды қатар алып жүру үшін мектепте олардың бойына білімге құштарлық пен мейірімді ұялататын, қызығушылықтары мен таланттарын шыңдайтын арнайы клубтар, үйірмелер бар. Спорт секциялары оқушылардың шымыр әрі дені сау болуына көмектессе, «Жас еріктілер» клубы оқушыларды қоғамдық істерге араластыру арқылы өзгелерге пайдалы істерді атқаруға ынталандырады. Ал «Timeless» клубы, білім бұлағы кітаппен дос болуды үйретеді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей, оқушылардың үш тілді жетік меңгеруі үлкен талап. Мектептегі осындай шаралар, атқарылған қыруар істер мен түрлі жобалар, сапалы білім мен педагогтардың еңбектері ел ұрпағын Қазақстан қоғамының белсенді мүшесі, ұлт жанашыры ғана емес, әлем азаматы ретінде тәрбиелейді. Бұл парыз Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы игеруге міндетті 7 дағдының бірі.
«Жаһандық және өңірлік дәрежедегі әртүрлі проблемалар мен өзгерістерді сыни тұрғыдан бағамдай білу. Өзгелердің қайғы-мұңына ортақтасу, адамгершілік тұрғыда көңіл білдіру арқылы оларға құрмет көрсету, азаматтық сыйластық таныту. Өзіңнің әрекеттерің үшін терең жауапкершілікті сезіну, қоршаған ортаға және қоғамға төнген қауіп-қатерге бей-жай қарамау. Белсенді азаматтық ұстанымының болуы және тұрақтылықты сақтауда өлшеусіз үлес қосу».
Әр күні табалдырығын аттап, білім мен жаңалыққа байып, әр күн сайын әлемнің сырларына үңілуден жалықпайтын ел ертеңі, адамгершілігі пен ақылы қатар дамып, өсіп келе жатырған оқушылар қазақстандық патриотизмді нығайтуда сүбелі үлес қосуда. Мектебіміздің миссиясымен үлкен үйлесім тауып, табысты болуларына жасалатын кішкентай да, маңызды қадамдардан тұратын 12 жылдық өмір.

Айдана ҚОЗЫБАЙ,
Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
12 D сыныбының оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.