Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Токушева Б.Білім беру жүйесіндегі модульдік оқыту технологиясының тиімділігі

Токушева Б.Білім беру жүйесіндегі модульдік оқыту технологиясының тиімділігі

ХХI ғасырда біздің еліміз ғаламдану және жаҺандану процесіне көшуде. Осы процесті ары қарай дамытып, жандандыруда жас ұрпақтың білімі мен біліктілігі үлкен роль атқарады.
Жаңа заман талабына сай білім сапасын көтеруде мұғалімдерге жаңашыл, сапалы және инновациялық технологияларды меңгерту қажет, оларды дұрыс және сауатты қолдану жылдан жылға күрделі және өзекті мәселеге айналуда. Оқыту барысында озық, тиімді технологиялар тәжірибеге енгізілуде.
Білім беру жүйесіндегі басым бағыттардың бірі – оқыту үрдісін технологияландыра отырып, білімнің озық нәтижелеріне қол жеткізу. Ол үшін оқыту үрдісін өзгерте отырып, мұғалім шығармашылықпен айланысуы керек. Өйткені, бұрын оқушы білімді қабылдаушы, жинақтаушы,өз бойына сіңіруші ретінде танылса, ал қазіргі жаңа талап бойынша өздігімен білім алушы, үйрене білуші, талаптанушы ретінде танылады.Сондықтан, жеке тұлғаны осы рөлдерді атқаруға лайықтау үшін оның жаңа бейнесін заман талабына сай дайындауымыз керек. Осы жағдайда маған ұнағаны – модульдік оқыту технологиясы. Бұл технологияның бір ерекшелігі – білімді меңгеруге емес, тұлғаның танымдық қабілеттерін, белсенді сөздік қорын дамытуға бағытталғаны. Тағы бір ерекшелігі дарынды балалармен тұрақты және жүйелі жұмыс істеу мүмкіндігінің туындауы болып табылады.
Модульдік оқыту технологиясы – білім мазмұны, білімді игеру қарқыны, өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігі, оқудың әдістері мен тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етеді. Ал «модуль» дегеніміз – іс әрекеттің мақсатты бағдарламасы белгіленген деңгейіне жету үшін сұрыпталған, дидактикалық өңделген, білім, білік, дағдының белгілі мазмұнының бірлігі және оның әдістемелік нұсқауы немесе аяқталған оқу ақпараты болып табылатын модульдік бағдарламаның негізгі құралы. Оқу модулі негізінен үш құрылымды бөліктерден тұрады: кіріспе, сөйлесу бөлімі және қорытынды бөлім. Әр оқу бөлімінде сағат саны әр түрлі болады. Оның өзгешелігі – жалпы сағат санына қарамастан кіріспе және қорытынды бөлімдерге 1-2 сағат беріледі, ал қалған уақыт сөйлесу бөліміне беріледі. Кіріспе бөлімінде мұғалім оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырады. Сызба, кестелер арқылы 10-20 минут ішінде түсіндіреді. Оқушылар бұл кезеңде бағдарламаның аталған тарауын не үшін және неге оқып үйренулері керек екенін, өздері нақты нені меңгеріп, нені үйренулері керектігін, алдағы жұмыстың негізгі оқу міндетінің қандай екенін түсінуі қажет. Сөйлесу бөлімінде: оқушыларды шағын топтарға бөліп, әр оқушыға немесе топқа карталар, тапсырмалар беру арқылы оларға осы материалмен жұмыс істей отырып, өз қабілеттерін, жадысын, ынтасын, ойлау қабілетін дамытуға мүмкіншілік беріледі. Оқу бөлімінің қорытынды бөлімі – бақылау. Бұл бөлімде оқушы өзінің сөйлесу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдыларын ешкімнің көмегінсіз өзі айтып, көрсетуі тиіс.
Бұл технология, біріншіден, дамыта оқытуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар оқушылырдың ойлау, елестету мен есте сақтау қабілетінің, ынтасының, белсенділігінің дамуына көмектеседі. Осы арқылы білім сапасы жақсарады, дамиды.

Токушева Бейбітгүл Жүнісжанқызы,
Алматы облысы, Райымбек ауданы,
Көлсай кәсіптік – техникалық колледжінің
өндірістік оқыту шебері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.