Home » Жаңалықтар » Қоғамдық пәндерде дамыту технологиясын іскерлік ойын элементтерімен ұштастырудың тиімді жолдары

Қоғамдық пәндерде дамыту технологиясын іскерлік ойын элементтерімен ұштастырудың тиімді жолдары

24-img-20160914-wa0004-copyКойшыгарина Гулнур Калкамановна
М.Тынышпаев атындағы ҚазККА
Ақмола колледжінің тарих пәні оқытушысы
Астана қаласы

Оқу – адамның психикалық дамуының формасы, элементі. Кез келген оқыту белгілі бір мөлшерде адамды дамытады.

«Даму»  ұғымы сөздікте «… мөлшерлік өзгерістердің белгілі бір өлшем шегінен шығып, сапалық өзгерістерге айналуы,»-деп түсіндіріледі.

«Даму» ұғымының психологиялық анықтамасы-жаңарту процесі, жаңаның өмірге келіп, ескінің жоғалуы деген мағынаны береді. Барлық табиғат құбылыстары сияқты студент психикасы да үнемі диалектикалық жолмен дамып, өзгеріп, бір деңгейден екінші деңгейге өтіп отырады.

Л.В.Занков ақыл-ой қызметінің төмендегідей көрсеткіштері дамуды іске асырады деп есептейді. Олар байқампаздық, өз ойын еркін жеткізе білу, практикалық іс-әрекеттер атқара білу.

Дамыта  оқытуды ұйымдастыру, студентке ақыл-ой әрекетін меңгеруге жағдай жасау деп қарастыру керек. Дамыта оқыту сабақтағы ерекше ахуал, мұғалім мен студент арасындағы ерекше қарым-қатынас. Оқытушы бұл жағдайда дайын білімді түсіндіріп қоюшы, бағалаушы емес, танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана студенттің интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытады.

«Дамыта оқыту деп – оқыту мақсаты, міндеттері, әдіс-тәсілдері студенттің даму заңдылықтарына сәйкестендірілген оқытуды» атайды. Оқыту арқылы студенттің психикасында жаңа құрылымдар пайда болуы, яғни жаңа сапалық өзгерістер болуы тиіс деп есептейді. Жүйенің басты мақсаттарының бірі – студентті оқыта отырып жалпы дамыту, оның еркіндігін қалыптастыру, өз бетінше ізденуге, шешім қабылдауға дағдыландыру, жекелік қасиеттерін ескеру, басшылыққа алу, әрі қарай ұшқырлау, тұлғалыққа бағыттау.

Дамыта оқытуда студенттің ізденушілік – ойлау әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып оның білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді. Сабақ мұндай жағдайда төмендегідей 3 құрамдас бөліктерден тұратын болады.

  1. Оқу мақсаттарының қойылуы.
  2. Оны шешудің жолын бірлесе қарастыру.
  3. Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.

Студент алдына оқу мақсаттарын қоюда ешқандай дайын үлгі берілмейді. Мақсатты шешу іштей талқылау, сосын жинақтау арқылы жүзеге асады. Оқытушы сабақ процесін ұйымдастырушы, бағыттаушы адам ролінде шешім табылған кезде әркім оның дұрыстығын өзінше дәлелдей білуге үйретіледі.

Дамыта оқыту жүйесінде студенттердің ойларын жетілдірудің маңызы зор.

Біріншіден – дамыта оқытуда білім даяр күйінде берілмейді, оған студент өз оқу әрекеті арқылы қол жеткізеді. Сабақтың алғашқы ізденіс кезеңінде жаңа ақпарат жайлы не білетіндіктерін ортаға салып, мәселені өз беттерінше шешуге талпынады. Сөйтіп олар осы мәселе туралы өз білімдерінің жеткіліксіз, таяз екенін сезіну арқылы сабаққа деген қызығушылықтары оянады, ішкі түрткілері пайда болады.

Екіншіден – дамыта оқытуда студент жоғары қиындықтағы мәселелерді шеше отырып өзінің санасының саңылауларын ашады. Әр студенттің өзінің деңгейіне дейін дамуға қол жеткізе алады. «Жақсы студент”, «Жаман студент” ұғымының болмауы, балаларды танымдық әрекеттерге ұмтылдырады, құштарлығын арттырады.

Үшіншіден – студенттің жеке басын дамытатын басты құрал – ол өзінің әрекеті. Сол себепті дамыта оқытудағы оқыту әдістері студентті белсенді жұмыс жағдайына қоя отырып, мәселелерді, қайшылықтарды шешу мақсатын қояды.

Төртіншіден – дамыта оқыту жүйесінің нәтижелі болуы студент пен оқытушының арасындағы жаңаша қарым-қатынасы арқасында ғана өз жемісін береді.

Ал дамыта оқыту технологиясын ойын элементтерімен ұштастыру менің тәжірибемде жақсы нәтижелерге жетті. Әр оқытушы жаңа сабақты жоспарлағанда тек тақырыпты мазмұндау міндет емес, студент ойын қалай дамыту, керек студентке не берем деген мақсат тұрса қазіргі оқытудың жаңа технологиялық әдіс, тәсілдерін қолдана білсе, оқытушы аз сөйлеп, көп білім бере алады.

Оқыту барысында студенттерге мынадай талап қойылуы керек:

  • Үйге берілген тапсырманы оқулық және қосымша материалдар бойынша оқу;
  • Оқыған материалдарды тарихи тілмен мүдірмей айтып беру;
  • Тарихи фактілерге талдау жасай алу;
  • Тақырыпқа байланысты сызбанұсқалар жасау, хронологиялны жатқа айту;
  • Әр тарихи мәселеге сын көзбен қарай білу, дұрыстығына көз жеткізу;
  • Тақырып мазмұнына сәйкес өзінің жеке пікірін айта білу.

Оқыту барысында дамыта оқыту технологиясын төмендегі жұмыс түрлерінімен байланыстыруға болады:

  • Ойын сабақ
  • Тест жұмысы
  • Электронды оқулық
  • Өзіндік жұмыстар
  • Дидактикалық материалдар және т.б.

Ойын сабақта студенттерді топпен немес жеке жарыстыруға болады. Ойын сабақ барысында әртүрлі деңгейлік тапсырмалармен студенттердің қызығушылығын арттыруға болады. Мысалы: «Кім жылдам?» деген сұрақ-жауап ойыны арқылы студенттің шапшаңдығы мен ойлау қабілетінің тез дамуына ықпал жасауға болады. Сондай-ақ «Басқатырғыш», «Әріптер сөйлейді!», «Сиқырлы суреттер» сияқты ойындарды ойнатуға болады.

Тест жұмысының өзін әртүрлі құрастыруға болады. Мәселен деңгейлік тест жұмысы, яғни сұрақ біртіндеп қиындай түседі.

Электронды оқулық – проектор экранында көрінетін тек мәтін ғана емес, дыбыс арқылы, тапсырмалар арқылы, көрнекіліктер арқылы материалды жеке және жан-жақты меңгеруге арналған көп салалы,  сатылы жүйе. Электронды оқулықтың екі түрі бар: жабық электронды оқулық және интернет оқулық. Бірінші, тәуелсіз және тұрақты болып табылатын пәндік дәстүрлі оқулыққа арналған. Ол дербес компьютерде немесе локальді желіде қолданылады. Интернет оқулық – ашық оқулық. Ол сыртқы ақпарат көздеріне сілтейді, яғни білгің келген мәліметті жан-жақты ғаламдық тұрғыда қарастыруға мүмкіндік береді.

Өзіндік жұмыс кезінде студенттерге әртүрлі тапсырмалар беріледі. Тапсырмаларға талап, ереже қоя білу керек. Студенттер тапсырманы орындау кезінде сол талапқа сай жасау үшін ыждақаттылыққа, жұмысты талапқа сай жасауға үйренеді. Бар ынтасымен жасалған жұмыстың да сапасы жақсы болады. Жұмыс түрлері: реферат, баяндама, эссе жазу, слайд шоу, тест құрастыру, үлестірме қағаздар, тірек-сызбанұсқалар, сөзжұмбақтар, ребустар т.б дайындау.

Дидактикалық материалдардың негізгі мазмұнына өзіндік жұмыстар, пікір таласқа арналған сұрақтар кіреді. Өзіндік жұмыстар Абай Құнанбаев сияқты ойшылдарымыздың қара сөздері, аңыз әңгімелерін философиялық талдауға арналған тапсырмалар ретінен тұрады.

Жалпы қандай пәнді, қандай тәсілмен оқытсақта студенттерді адамгершілікке, патриотизмге, ұлтжандылыққа баулу басты – міндет.

Болашақта жастар өз мәселелерін шешуге, саналы шешім қабылдауға дайын болуы керек. Студент тек қабылдаушы ретінде танылды, ал қазір тың әдістерді жиі пайдаланып, студенттердің білімге деген ынтасын арттырып, таным деңгейін кеңейту міндеті тұр. Студент оқытушының сөзін жалыға, еш ұқпай тыңдаушыдан белсенді, ізденуші, ойланушы дәрежесіне дейін көтерілуі керек. Оқытушы – осы әрекетті ұйымдастырушы, бағыттаушы. Студент әртүрлі ақпарат көздерінен сусындап, өзтүйінін айта білу керек.  Мақсат қоя білген оқытушыға студенттің пәнге деген қызығушылығын арттыру мәселесін шешу қиын болмайтын іс деп ойлаймын.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Аяжанов С.С., Сатымбекова С.Б. Компьютерлік желелер. – Алматы, 2011 ж.
  2. Астана қаласы «Өрлеу» біліктікті арттыру орталығының арнайы сайты.
  3. ru – оқытушыларға арналған сайты
  4. Өстеміров К. Қазіргі педагогикалық технологиялар мен оқыту құралдары. – Алматы, 2007 ж

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.