Home » Мақалалар » Қазақтың қайсар қыранына 100 жыл

Қазақтың қайсар қыранына 100 жыл

Қазақ құзғынның ғұмырынан, қыраннның өлімін артық көрген. «Біздің тілде сатқындық деген сөз жоқ» — деген батыр Бауыржан. Оған дәлел Ұлы Отан соғысында Қызыл Армия қатарында ұлтымыздың ұландарының жасаған ерлігі.

Фашизм – үлкен дерт. Ол бірінші соны ұстанған елдің нәубет кеселі. Оны жеңу тек қанды қырғынмен жүзеге асады. Сондай сойқанға ел басына күн туған заманда біздің елдің ұл-қыздары да аттанған. Қазақстандық талай боздақтың ерлігі көпке аңыз болып, ұстаған туы намыс болып, бауырластар зиратында қалды. Солардың бірі қаһармандықтың қайталанбас үлгісін көрсетіп, қыршынынан қиылған ұшқыш Нұркен Әбдіров.

Шаңкөздің   қызыл тасынан  қанат қаққан баһадүр 1919 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы бесінші ауылда дүниеге келген.Бар болғаны жиырма үш жыл ғұмыр кешкен көк сарбазының есімі мәңгілікке жанқияр ерлік пен жаужүректіліктің символына айналды. Батырдың ұшу  кітапшасындағы ұшқыш–штурмовиктің  ұрыс есебі мынадай еді: Ол жаудың он екі танкісін, адам мен жүкке толы жиырма сегіз автокөлігін, оқ дәрі салынған он сегіз жетегін, үш дзотты жанармай бөшкесін үш зениттік құралмен елуге жуық сарбаз бен офицерлердің көзін жойған. Соңғы жауынгерлік ұшу кезінде Әбдіров алты танкпен үш зениттік нүкте мен жиырмаға жуық гитлершілерді жер жастандырды.                                Ақтық әуе ұрысында төрт штурмовиктің екеуі отқа орана бастайды. Оларды құтқармақ болған ол зениттік зеңбіректерге шүйіліп көзін жояды. Бірақ өзінің ұшағы да жалынға шарпылады. Оның аман қалған ұшақтағы  Алексей досына шлемофоннан айтқан соңғы сөздері мынау еді: «Қош бол, Леша, Отанға деген менің жалынды сәлемімді жеткіз Қарағандыға хат жазып жібер. Қош бол досым» деп шабуылшы ұшағын жау танктерінің ортасына бағыттап өзімен бірге оларды да жер жастандырады. Осы ерлігі үшін 1943 жылдың наурызында  Кеңес Одағының батыры атағымен марапатталды.
Биыл батырдың туғанына 100 жыл.  Осыған орай аудандық модельді балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Коворкинг» орталығында  «Көк аспанда қалықтаған Сарыарқа сұңқары» атты үш номинация бойынша аудандық байқау өтті. «Қыран мінезді қыр баласы» – Н.Әбдіров жайында өз шығармашылығынан арнау оқу, «Ұлттың ұлы тұлғасы» – Н.Әбдіров жайындағы шығармашылық жұмыстарды оқу және «Қазақ қыранының қайталанбас қаһармандығы» – Н.Әбдіров жайында эссе жазу. Эссе номинациясы бойынша жұмыстар наурыз айының 20 жұлдызына дейін қабылданып, әділқазы алқалары өз бағаларын берді. Аталмыш шарада аудандық «Қарқаралы» газетінің тілшісі Бану Мұқашева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қаламқас Төлеуханова, Ә.Ермеков атындағы № 2 орта мектептің орыс тілі пәні мұғалімі Арай Тобыкова, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Бағдат Бейсенова қазылық етті.

Баһадүр атамыз жайлы көрсетілген бейнеслайдтың ажарын  Шырақбай Ержан «Сарыарқа», Жақан Нұрәлі «Алатау» және Ермек Дияс «Адай» күйлерімен  кіргізіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Байқаудың барысында өнерлерін көрсетіп, жұмыстарын ұсынған оқушылардың барлығы да үлкен дайындықпен келіпті. Сондықтан бәсекенің көркін қыздырған балалардың еңбегіне  шешім шығару оңай болмады. Әділқазы алқаларының кеңесе ақылдасуымен «Қыран мінезді қыр баласы» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен Қарқаралы аудандық балалар және жасөспірімдер орталығынан Еділбай Медина, ІІ дәрежелі дипломмен Егіндібұлақ ауылынан Саматова Аружан, І дәрежелі дипломмен Жаңатоған ауылынан Орақбай Мадина марапатталды.

«Ұлттың ұлы тұлғасы» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен Көктас ауылынан Кәмаш Шыңғыс, ІІ дәрежелі дипломмен Нұркен ауылынан Тұрағұл Қарлығаш, І дәрежелі дипломмен  Сарыобалы ауылынан Қажығалиев Ералы марапатталды.

«Қазақ қыранының қайталанбас қаһармандығы» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен Тоқтар ауылынан Тлеуберген Ділнара және Қарабұлақ ауылынан Абдыкенова Аяулым, ІІ дәрежелі дипломмен Ынталы ауылынан Егінбай Диана, І дәрежелі дипломмен Қасым Аманжолов ауылынан Зейнел Зере марапатталды.

Батырдың соңында даңқы мен елуге жуық жауынгерлік хаты қалды. Солардың бірінен үзінді: «Қымбаттыларым менің! Соғыс құрбансыз болмайды егер де менің қайнаған жас жүрегіме дұшпанның оғы қадалса, осы ақ қағазға жазған менің сөздерім  сіздерден кешірім сұрау болсын. Барлығыңа  басымды иемін. Туғандарым, Апа, таң атып келеді. Қазір ұшамыз. Хатымды аяқтайын.  Аман болыңыздар. Көріскенше! Нұркен.1942 жыл.

 Олар бізге өмір тарту етті. Ал мен сол қан майданда от кешіп,  Отанына жете алмаған барлық баһадүрлердің аруағына мына өлең жолдарымды бағыштайын:                                                                               Жеңістің алауын жандырып,
Алаштың атын ән қылып                                                              Бабалардың тәні өлді,
Сайын далада
Қайыспас рухын қалдырып.

Өтебай Құрманғазы
Қарағанды. Қарқаралы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.