Home » Балабақша » Этнопедагогика элементтерін пайдалану арқылы балалардың дүниетанымын қалыптастыру

Этнопедагогика элементтерін пайдалану арқылы балалардың дүниетанымын қалыптастыру

Астана қаласы
№46 «Самал» санаториялық балабақшасы
тәрбиешісі Алиева Гүлсая
           Жас ұрпаққа ес біліп, ақыл ұштап, білім алуда халықтың салт-сана, әдет-ғұрпының берері мол. Әсіресе, қазіргі жаһандану кезінде өскелең  ұрпақтың дәстүрлі тәрбие алуы тіптен маңызды. Ұлттық дәстүр атаулының мән-мағынасына үңіле қарасақ, онда адалдық, адамгершілік, үлкенге құрмет, кішіге шапағат сияқты аса қасиетті этикалық және эстетикалық тәрбие жатқанын аңғару қиын емес.

Л.Толстой айтқандай, тәрбие – бір адамның екінші адамға белгілі адамгершілік әдеттерді дарыту үшін жасайтын ықпалы. Ешбір халық өз ұрпағын жаман болсын, мұрасыз-мұратсыз болсын демейді. Жақсы ғұрпын дәстүр етіп ұстайды. Қазақ халқының таңғажайып әсем де әсерлі дәстүрлеріне халқымыз аса бір ілтипатпен қарап келген. Әрбір табиғат көрінісінің тұнығын бұзбай аялауды «обал» деп сылап-сипап отырған.

Балабақшаларда түстен кейінгі уақытта өткізілетін вариативтік компонент бойынша сондай құндылықтарға толы қазақ этнопедагогика бөлімі балалардың дәстүрлі тәрбие алуына  ықпалы зор. Оқу қызметі барысында өз тәрбиеленушілерімнің (балалардың) қазақ  этнопедагогикасы материалдары мен элементтеріне қызығушылықтары арта түсуде. Мысалы, қазақ ертегісінің кейіпкерлері Қожанасыр мен Алдаркөсенің қызықты әңгімелерін балалар сахналау барысында  қазақтың ұлттық элементтерін пайдаланған кезде «бұл не?», «не үшін қолданылады?» деген қызығушылықтары дәлел. Сондай-ақ, қазақ этнопедагогикасы материалдары балаларға тыйым сөздердің мағыналарын түсінідіре отырып, естеріне  сақтауға, бірнеше бата-тілектерді жаттап, дастарқан басында бата қайтаруға, мәдениетті тамақтануға, табиғатты үнемі қорғауға үйретеді.

Сонымен қатар этнопедагогика материалдарымен танысқан балалар ертедегі батырларды біліп, олардың ерліктерімен танысып, батыр болуды  армандайды. Өзімнің шығармашылық тақырыбым тікелей этнопедагогикамен байланысты болғандықтан, әр оқу қызметінде сонымен бірге ұйымдастырылған ашық тәрбие сағаттарында,  ертеңгіліктерде мақал-мәтелдерді, ұлттық ойындарды тақырыпқа сай үнемі қолданып отырамын. Күнделікті өтілетін оқу қызметтерінде заманауи тәрбие құралдары «Ұлас-электрон» ЖШС электронды қазақ үйін және «Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған компьютерлік ойындарды» барынша қолданудамын. «Ұлас-электрон» серіктестігі ұжымының сырлы үйінің әндерін қойып, таңертеңгі тәтті ұйқылары бұзылып, көңілсіз келген балалардың әуелі көңіл-күйлерін көтереміз. Кейін бүлдіршіндермен тәрбие, оқу-жаттығу қызмет барысында да онда жазылған көркемдік мәні зор ертегілер, ән-күйлер мен әңгімелерді барынша пайдаланамыз. Бұларды балалар ықыласпен зейін қойып, мұқият тыңдайды. Түскі тамақтан соң ұйықтар алдында ертегі, бесік жырларын ән бесігінде тыңдап жатып тәтті ұйқыға бөленеді. Бос уақытта сурет салып отырып, күйлерді тыңдай отырып та қиялдары дамиды. Ұйымдастырылған оқу қызметі барысында қазақи нақыштағы жаңа инновациялық технологиялар қолдану ұлттық мұраларымызды үйренуге деген баланың қызығушылықтарын арттыра түсері анық. Біздің балабақша Астана қаласындағы  №46 «Самал» санаториялық балабақша болғандықтан, балалардың денсаулығын нығайту мақсатында қымыз сусыны беріледі. Біз қымыздың ұлттық сусын екендігін, қаншалықты емге шипа екендігін де атап айта отырып, этнопедагогикалық тәрбиеге барынша үлесімізді қосудамыз.

Сөзімді қортындылай келе, қазақ этнопедагогикасының пайдасы да, беретін тәрбиесі де зор екендігіне көзіміз жетті. Сонымен қатар қазақ этнопедагогикасы мектеп жасына дейінгі балаларды жақсы мінез-құлыққа, жауапкершілікке, жат қылықтар мен жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ ұстауға, қоршаған ортаны танып білуге, оны қорғауға үйрете отырып, дүниетанымды қалыптастыруға да көмегі зор.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.