Home » Мақалалар » Шешендік өнер –  тіл жауһары

Шешендік өнер –  тіл жауһары

Қап тауы мен Алтай шыңдарының арасындағы ұлан ғайыр даланы мекендеген Алты алаштың баласы  сөз қадірін ертеден білген. Күллі Еуразия кеңістігін дүрліктіріп адамзатқа арғымақтан қанат, темірден болат, дөңгелектен арба, теріден іштон силаған түркілердің ұрпағы қазақ халқы да ЮНЕСКО-ның мәдени құндылықтарын өзінің күй, айтыс сияқты бай мұраларымен толықтыруда.
Сөз құдіреті – соғыс отын тұтатып-сөндірген, пенде ісінің ақ-қарасына сендірген тіл байлығының жебесі мен жебеушісі. Түгел сөздің түбін түйген Майқыны, әділдігімен Ақжол атанған Дайырқожаны, данышпан Әнет бабаны, желмаясын желдірген ақылгөй Асан қайғыны, аңызға айналған Жиренше шешен  мен Аяз биді,  үш жүзің ұйытқысы болған қарлығаш әулие Төлені, қаз дауысты Қазыбекті, құландай жүйрік Әйтекені, көмекей әулие Бұхарды, орыс басқыншылығымен он жылдан артық алысқан Сырымды білмейтін қазақ кемде кем.
Алайда отарлық саясаттың екпіні, үш жарым миллион адамды жалмап екі толқынмен өткен аштық пен кеңестің құрсауы ұлт тарихының  бетіне  ақ таңдақтар түсірді. Себебі тұтас рулардың қырылып, жойыла жаздауы сөзбененен жеткен батырлар мен абыздардың ақиқат ғұмырынан сыр шерткен әңгімелерді шортынан үзіп, аңыз бен әпсанаға айналдырды. Бодандықтың бұғауындағы  халыққа Ермұхан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Ілияс Есенберлин сияқты  тұлғалар рухани бұлақ болмағанда ұлт мәңгүрттіктің орына жығылар ма еді. Өйткені «Алашорда» асылдарының басын жұтқан аждаһа саясат тамырымызды балталап, тарихымызды ұмыттырмақ болды.
Тәуелсіздік Тәңірінің тасаттық сиындай болып,  түбірсіздіктің шөлін кезген қазақты  рухани құндылықтарымен қайта сусындатты.                 Біздің сағым тербеген сары даламыз  Әз Тәукедей хандар мен Әлихандай көсемдерді, қара қылды қақ жарған билер мен қарашаның қамын жеген шешендерді және Кенесарыны жауға беріп, Шәкәрімді сор құдыққа итерген сатқын-опасыздарды туды. Олар да өз тайпасының басы еді. Бұл ащыда болса ақиқат.                         Жер ғаламшарының әр түкпіріндегі сан түрлі өркениет өз шешендерін туса да, бұл күнде еуроцентристік көзқарас басым жаһан бірінші кезекке көне грек және рим риторикасын қояды. Алайда жасына қарай отырып, жағына қарай  сөйлеген  көшпенділер  тіл деген таудың, сөз атты биік шыңына есте жоқ ескі заманда-ақ туын тігіп қойған. Оған дәлел мыңдаған жыл тарихы бар жырлар. Оған себеп түркілер тілінің өміршеңдігі мен өзгермейтін тұрақтылығы еді.

Гауһардай асыл сөз қасиетін дәріптеу мақсатында абыздар мен даналардың, салдар мен серілердің, батырлар мен ақындардың, күйшілер мен жыраулардың қасиетті мекені, Арқаның інжу-маржаны Қарқаралы қаласында «Шешендік сөздер – өнер падишасы» атты  семинар өтті. Шараға аудан әкімі Халел Мақсұтов, жазушылар одағының мүшесі, шешендік өнердің майталманы  Бақытқали Мұсабеков пен аудандық мәслихат хатшысы Сләмедин Нұркенов қатысты.
Бұл жиынның өтуіне бастамашы болған аудан басшысы Халел Мұқатайұлы өткен жылы Қарағайлы кентінде «Қарқаралы» газетінің тілшісі Бану Мұқашеваның жетекшілігіндегі «Шешендік өнер – өмір мектебі» үйірмесінің ашылуына мұрындық болып еді. Ел ағасының ізгі істерді қуаттап  ауылдағы халық театрларын жандандырып, жастарды жақсылыққа баулуы көңіл қуантады.
Алдыменен сөз алған Бану Даутанқызы семинар қонақтары мен көрермен халыққа бабалардың шешендік өнерінен сыр шертіп, театрландырған қойылымдарға кезек берді.                                                 Қарағайлы кентіндегі №16 орта мектептің оқушылары Егінбай Ақбота, Манатова Ұлпан, Шалдантай Жанбота, Шарыпқан Нұрлан      Искаков Олжас сынды жасөспірімдердің  және осы мекендегі мәдениет үйінің қатысуымен  Қазыбек бидің жоңғар қоңтайшысына барған сапарынан үзінді қойса,  Егіндібұлақ ауылының мәдениет үйі «Абылай ханның монологы» көрінісін ұсынып, елдің ықыласына бөленді.                                                    Сахнаға шыққан Қарағайлы қалашығындағы №16 орта мектептің Мұқашев Жарқын, Ғазиз Диас, Төлепбекова Әдемі, Кәрімов Әрсен, Мұхит Муслима, Дулатқызы Асылжан, Дәмиев Дінислам, Айтбек Нарқыз, Шәкәрім Нұртаза  сынды 4 сынып оқушылары көздері оттай жарқылдап, балапан сұңқардай саңқылдап, таңдайлары тақылдап тамам жұртты таң қылды. Тай жарысқа түскендей көсіле шауып шаң қылды. Ал 9 сынып оқушысы Қамза Райымбек Әнет баба бейнесіне еніп, алқалаған әлеуметтің ыстық ықыласына бөленді. Мектеп балаларын тел қоңырдай баптаған бастауыш сынып мұғалімі Гүлзат Сәметова мен тәлімгер Бибігүл Канафина сынды ұстаздар, халықтың батасын алды.
Қойылым соңында сөз алған шешендік өнерден талайға тәлім берген Бақытқали Мұсабеков: «Бізге ата-анамыз бен ұстаздарымыз сөйлеуді, жазуды үйретті, бірақ тыңдауды түсіндірмеді. Адамдар бірін-бірі тыңдай білмесе, ажырасқан отбасы, араздасқан ағайын көбейеді. Мен емес екеуміз жеңдік деген ұстаным болу керек. Екеуміз де жеңілдік деген ұғым күйзеліске түсіреді. Топтың алдында, сынай қадалған көздерге қарап  сөйлеу қиынның қиыны. Көп адам сондайда тосылып қалады. Өйткені адам алпыс пайыз ақпаратты көзбен алып, отыз пайыз сөз саптауыңды бағалап, тек қана он пайыз айтқан сөздерінің мазмұнына мән береді. Сондықтан еңсеңді көтеріп, көзбенен арбап, сөзбенен самғап, сөйлеу керек» деп ойын түйіндеп аудан әкімшілігі мен жиылған жұртқа алғысын айтты.
Аудандық семинарды қорытындылаған өңір басшысы  Қалел Мақсұтов жастар қауымына ізгілікті насихаттайтын мына хикаятты баян етті:
Сырым жас кезінде Есентемір Бөкен биден батасын алайын жəне ақыл сұрайын деп ат, шапан алып алдына барады. Барып қонақ болғаннан кейін Бөкен би Сырымнан келген жұмысын сұрайды. Сонда Сырым:
— Менің сізге келген жұмысым— біріншіден, батаңызды алайын деп келдім, екіншіден, ақыл сұрайын деп келдім,— дейді.
Сонда Бөкен би:
«Саған батамды берейін, сен жас болғанмен елге бас болғандай екенсің?— деп бата береді:
Арқаң қара нардай жауыр болсын,
Мінезің қара жердей ауыр болсын.
Өкпең жоқ, кеудеңде бауыр болсын
Кұлағыңнан сыбыр кетпесін,
Жасың алпысқа жетпесін»— дейді.
Батасын бергеннен кейін:
«Мен не десем де бəрінің мағынасы бар, қалай түсіндің, өзіме айырып бер»,—дейді Бөкен би.
Сонда Сырым:
—Арқаң көп мінгеннен жауыр болсын дегеніңіз— халық үшін жұмыс жаса, өзіңе халықты ерте біл дегеніңіз.
—Мінезің қара жердей ауыр болсын дегеніңіз— беріден ойлама, əріден ойла, салмақты бол, жеңіл болма дегеніңіз.
— Өкпең жоқ, кеудеңде бауыр болсын дегеніңіз— не болса соған өкпелеп, инені жіпке тізіп, өкпешіл болма дегеніңіз.
— Құлағыңнан сыбыр кетпесін дегеніңіз— ел арасында дау-жанжал көп болады, сол кезде мəселенің ақ- қарасын ажыратып, дұрыс төрелік жаса дегеніңіз. Бірақ, жасың алпысқа жетпесін дегеніңізге түсіне алмадым,— депті.
Сонда Бөкен би Сырымға:
—- Мен сенен Құдайдың берген жасын қызғанамын ба, жүзге кел. Менің жасым сексен төртке келді. Алты бəлеге тап болдым. Мен сені сол алты бəледен аулақ болсын деп едім. Ол мыналар: үлкен үйге кіре алмадым, кіші үйге сыия алмадым, қара сақалды əкем болды, қара шашты шешем болды. Ауру келді, кəрілік жеңді,— міне, алты бəле деген осы. Бұған қалай түсіндің?— дейді.
Сонда Сырым батыр:
—«Үлкен үйге кіре алмағаныңыз— адамның қатары кетеді, баратын үйі таусылады. Кіші үйге сыйа алмағаныңыз— өзіңізден жасы кішілердің үйіне шақырусыз бара алмай қалғаныңыз. Қара сақалды əкем дегеніңіз өзіңнен туылған кей бала, есейген соң əкенің тілін алмайды, əкені дұрыс бағаламайды. Бір сөз айтса бетін қайтарып тастайды. Қара шашты шешем дегеніңіз сол баланың əйелі, келініңіз. «Осы шалға не керек екен, берген асты ішіп, тыныш жата бермей»,— дейтін шығар.

Тәрбиелік әңгімені тәмамдап жастар тарапына назар аударып:
Ендеше ата-ана, ағайын-бауырға, жалпы жалпақ жұртқа қамқор болу барлығымызға азаматтық борыш деп сөзін қорытындылады аудан басшысы. Шешендік өнер – сөз қадірі бар жерде ғана асыл. Әйтпесе алаяқ пен арамзаның, жағымпаз бен жәдігөйдің құралы.
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады деп айтпап па еді сондықтан данагөй бабалар. Баяғыда көшпелі қазақ жұртының өмірі жұмақтай болды деуден аулақпын, бірақ сөздің қадірі бар еді. Ал қазір көлгірсіген сыршыл ақын, әңгүдік әнші қаптап кетті. Бұрынғылар бірінің айтпағын бірі сөзсіз ұғынатын. Оған мысал:    Жер дауына келіп, көппен амандасқан соң ішігінің сырты мен ішін сипап, қамшысын екі бүктеп отыра кеткен Кенже бидің ымын түсінген ұлы Абай Қаракесек пен Тобықтының бітісуіне себепкер болады. Ол Құнанбайға: «Билікті Кенжеге берді» — деп  өзін жамандап барған ақсақал мен қарасақалға қарап тұрып:

-Кеше Кенже бидің айтқанын түсіндіңдер ме,- депті                                              -Ол аузында ашқан жоқ қой,- депті олар.                                                   -Ішігінің сыртын сыйпағаны Тобықты азсың дегені, ішкі түгін сипағаны мен қалың Қаракесек көппін дегені, айтқаныма көңбесең екі бүктеп қамшыдай тіземе бірақ басамын дегені депті.            Баласының дұрыс шешіміне Құнанбай разы болып: «Ұлтарақтай жер үшін ағайынның арасын ашпағаның жөн болған»- деген екен.          Ал сол билікке төрелік еткен Кенже қара қылды қақ жарып даулы жерді екіге бөлген екен. Бұл кісінің адалдығына күмәнданбаған Абай, оны өзіне ертеден-ақ ұстаз тұтқан екен.
Қаққан қазықтай қадап тұрып сөз айту  Тоқтар Әубәкіров, Мұхтар Мағауин мен  Асқар Жұмаділдаев  сынды тұлғаларға жарасады. Міне сондықтан Хакім Абай айтқандай  соларға «болмаса да ұқсап бағатын», ұлттың қамын жейтін азамат өсіру барлығымызға жүктелген ортақ міндет. . Ол үшін «малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген принцип ұстану керек. Өйткені бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Ендеше құлагердей көсілетін шын жүйрікті топқа қосу үшін баланы басынан баптайық, Ағайын!

Өтебай Құрманғазы
Қарағанды. Қарқаралы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.