Home » Білім және өнер » «Шеберлер қалашығы» тақырыбында қалалық қолөнершілер фестивалі өтті

«Шеберлер қалашығы» тақырыбында қалалық қолөнершілер фестивалі өтті

Қазақстандық рухани жаңғырудың жандануына бағытталған Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қазіргі таңда елімізде көптеген маңызды іс-шаралар қарқында ұйымдастырылуда.
Елбасымыз адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отырған кезде әрбір қазақстандық ел мәдениетінің жетістіктері – қоғамның дамуындағы басты көрсеткіш екенін саналы түрде түсіне отырып, сол арқылы «Мәңгілік елге»  айналудағы игі істердің жүзеге асырылуына өз үлестерін қосса, болашағымыз жарқын, келешегіміз кемелді болары анық.
«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», — деп Елбасымыз айтқандай жас ұрпақтың тағдырына жауапты білім беру ұйымдарының қызметкерлері еліміздің рухани жаңғыруы аясында көптеген іс-шараларды жоғары деңгейде  ұйымдастыруда.
Соның бірі, таяуда Шымкент қаласы білім бөлімінің ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен №72 жалпы орта мектеп базасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Шеберлер қалашығы» атты қолөнершілер фестивалі  өткізілді. Фестивалдің мақсаты — жас ұрпақты шығармашылыққа тәрбиелеу  арқылы сәндік-қолданбалы ұлттық өнерді насихаттау, мәдени дәстүрлерді және рухани құндылықтарды сақтауға баулу. Қала көлемінде ұйымдастырылған іс-шараға Қаратау ауданына қарасты мектептер қатысып, өз өнерлері ортаға салды. Шара барысында қолөнер шеберлері өздерінің жасаған түрлі заттарын көпшілікке таныстырып, жасалу тарихы туралы баяндады.
ҚББ ҒӘО әдіскері Сүлеймен Айтбай фестивалді ашып беріп, қатысушыларға өз алғысын білдірді. Мектеп директоры Ахметбаев Аманбек Молдабекұлы да сөз алып, келген қонақтар мен қатысушыларға сәттілік тілеп, рухани жаңғыруды жүзеге асыру барысындағы жұмыстардың мектептерде жанданып жатқандығына қуанышты екендігін білдіріп, сөзінің соңын: «Халықтың қолөнерін жаңғырту және дамыту, қолөнершілерге қолдау көрсету біздің басты міндетіміз. Біз сонда ғана ұлтымыздың өнері мен мәдениетін сақтап қала аламыз» — деп түйіндеді.
Іс-шара бағдарламасына сәйкес №72 мектептің Эстетика бірлестігінің жабдықтауымен «Салт дәстүрімізді сақтай білейік!» тақырыбындағы шығармашылық жұмыстар тамашаланды.
Сонымен қатар, қазақтың ұлттық ойындары көрсетіліп, оқушылар асық ойнады. Ұлттық мәні бар бұл ойынның да қазіргі таңда балалардың арасында қолданыстан шығып бара жатқанын ескерер болсақ, аталған іс-шара халқымыздың осындай ұмыт болып бара жатқан керемет салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға кішкене де болса ықпал етті деп ойлаймын. Іс-шараның келесі кезеңіне келер болсақ, мектеп файесінде жабдықталған халқымыздың ұлттық киіз үйі ерекше  сән беріп тұрды.
Сонымен бірге, «Бояулар құпиясы» атты 5-6 сынып оқушыларынын суретшілер көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің  бір ерекшелігі  ол жерге мектебіміздің директоры Ахметбаев Аманбек Молдабекұлының  да бірнеше шығармашылық туындылары қойылды.  Көрмеде оқушылар өздері салған түрлі тақырыптағы суреттерін таныстырды әрі сурет сала отырып, бояулардың құриясымен бөлісті.
Іс-шара соңында келген қонақтары, фестивалге қатысушылар  ұлттық тағамымыз  наурыз көжеден ауыз тиіп, мектептің мақтанышы болған өнерпаздарымыздың «Өнерпаздар қалашығы» атты концерттік бағдарламасын тамашалады. Аталған фестиваль рухани мұраны, ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтауда,  еліміздің  қолөнер шеберлігін дамыту мен оны жастар арасында танымал етуде үлгі боларлық іс-шара болды.

 

 

Жанұзақова Г.А.,
ОҚО, Шымкент қаласы №72 жалпы орта мектебінің
директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.