Home » Жаңалықтар » Жас дарындар жарысы

Жас дарындар жарысы

Жуықта Астана қаласында №53 мектеп-лицейінде  «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы мен «Зерде-лидер» білім беру орталығы бірлесе отырып, білім беру мекемелерінің 4-5 сынып оқушылары арасында математика және ағылшын тілі пәндері бойынша «Жас эрудит» олимпиадасын өткізді.
Олимпиадаға барлығы 618 оқушы (4 сыныптар – 328 оқушы, 5 сыныптар – 290 оқушы) қатысты. Басты мақсат – дарынды оқушыларды анықтау, олимпиада резервтерін дайындау, оқушылардың арнайы пәндерге деген қызығушылықтарын арттыру.
Жарыс қорытындысына қарай, әділ-қазылар алқасының шешімімен жүлделі орын алған оқушылар арнайы медальдармен, дипломдармен, грамоталармен және сыйлық сертификаттармен марапатталды. Сыйлық сертификаттарға ие болған бірқатар оқушылар «Жас эрудит» олимпиадалық резерв мектебінің екі сабағына (математика және ағылшын) ақысыз негізде қатысуға мүмкіндік алды.
Бұдан бөлек, бірінші орынға ие болған оқушылар «Зерде» білім беру орталығында оқуға 25%, екінші орын алған оқушылар 20%, үшінші орынды иеленген келесі топ 15% жеңілдік алса, грамотамен марапатталған оқушыларға 10% жеңілдік берілді.
Сонымен қатар, бірінші дәрежелі дипломды  №60  және №73 мектеп-лицейлері; екінші дәрежелі дипломды №3 мектеп-гимназия, №31 және №6 мектеп-гимназиялар; үшінші дәрежелі дипломды №70 мектеп-лицейі, №5 мектеп-гимназия және №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі еншіледі.
Бас жүлде «ЖАС ЭРУДИТ» кубогы жалпыкомандалық жоғары нәтиже көрсеткен №66 мектеп-лицейіне бұйырды.
Осы орайда, қалалық «ЖАС ЭРУДИТ» олимпиадасының ойдағыдай өткізілуіне қолдау көрсетіп, айрықша атсалысқаны үшін Астана қаласы білім саласының өркендеуіне, оқушыларымыздың республикалық, әлемдік деңгейдегі олимпиадаларға қатысып жүлделі орын алу жолында аянбай еңбек етіп жүрген, өз ісінің шебері «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығының директоры Құрманбаева Майра Жаноразқызына ата-аналар алғыс білдірді. Осылай, олимпиаданың ұйымшылдықпен өтуіне барынша жағдай жасаған №53 мектеп-лицей директоры Замзагуль Ертайқызына және мектеп ұжымына да алғыс жолданды.
Ал жас дарындардың жақсы іс жалғасын табады деген сенімдері нығая түсті.
Ескере кетсек, алғаш рет «ЖАС ЭРУДИТ» олимпиадасы 2016 жылы өткізіліп, оған Астана қаласындағы білім беру мекемелерінен 615 оқушы қатысқан болатын.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.