Home » Жаңалықтар » Шаттығы мол Президент шыршасы

Шаттығы мол Президент шыршасы

Оралда желтоқсанның 24-і күні балаларға арналған жаңажылдық Президент шыршасы өтті. «Жарқыра Қазақстан! Жарқыра туған жер!» деген атаумен өткен биылғы жаңажылдық кешке Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, балғындарға Елбасының сыйлығын тарту етті.

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен жаңажылдық кешке жиналған жеткіншектерді бейнеэкран арқылы құттықтаған Президент  Нұрсұлтан Назарбаев оларға жылы лебізін жеткізді. «Бұл – өздеріңді жаңа арманға жетелейтін, жаңа үміт сыйлайтын ерекше мейрам. Балалардың жақсы өмір сүруі үшін біз барлық жағдайды жасап келеміз. Осындай мәртебелі мемлекетте, еркін елде өмір сүріп жатқан сендер – бақытты балаларсыңдар» деді Ұлт көшбасшысы.

Бұл мерекеде қала мен аудандардан келген жас өрендердің ортасынан табылған облыс басшысы Алтай Сейдірұлы: – Алдағы уақытта сіздерді мол армандар, көп жетістіктер күтіп тұр. Сабақтарыңды жақсы оқып, ұстаздарың мен ата-аналарыңды тыңдаңдар. Сонда көздеген мақсаттарыңа қол жеткізіп, бар армандарың орындалады. Жаңа жылда биік белестерден көрінулеріңе тілектеспін, – дей келе, балаларға Елбасының жаңажылдық сыйлығын тарту етті. Атап айтқанда, әр қатысушыға Мемлекет басшысының атынан киім-кешектер, тәтті сыйлықтар және Н.Зеньковичтің «Назарбаевтай болғым келеді» атты кітабы сыйға берілді.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Габдушевтің мәліметінше, осы іс-шараны ұйымдастыруға 16 миллион теңге бөлінген. Яғни, әр балаға 85 мың теңгенің сыйлығы табыс етілген.

Дәстүрлі Президент шыршасына биыл облысымыздағы 9-13 жас аралығындағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда тәрбиеленген ұл-қыздар, оқу озаттары мен дарынды жеткіншектер, барлығы 180 бала қамтылған.

Жасыл шырша жанына жиналған балдырғандардың жүздерінен қуаныштың табы байқалады. Түрлі жаңажылдық киімдермен ерекшеленген кішкентайлар ұйымдастырушылар дайындаған мерекелік бағдарламаны тамашалап, ән айтып, би биледі. Шыңғырлау ауданынан Елбасы шыршасына сегіз бала келіп қатысқан. – Балалардың отбасындағы әлеуметтік жағдайлары, білім мен өнердегі жетістіктері ескерілді. Облыс орталығындағы дәстүрлі шырша тойынан жеткіншектер жыл сайын жақсы әсермен оралады. Мінез-құлықтары да жақсы жағынан өзгереді, – аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Райымбек Кенжеғалиұлы. Осы аудандағы Шиелі мектебінен келген 10 жасар Томирис Жұбанәлиеваға Президент шыршасы ерекше ұнапты. Ол бұл мейрамды жақсы көретінін айтты. – Себебі жаңа жылда адамдар бір-біріне жақсы тілек айтады. Ал біздер достарымызбен ақ қарда ойнаймыз. Мен сабақтан бос уақытымда би билеймін. Сүйікті пәндерім – математика, қазақ тілі мен әдебиеті. Болашақта актриса болғым келеді, – деді кішкентай Томирис.

Ал Оралдағы №49 орта мектептің оқушысы Тахмира Жұматай да өзінің мерекелік әсерімен бөлісіп: – Менің жасым 11-де. Отбасымдағы бес баланың ортаншысымын. Маған бүгінгі Президент шыршасы ұнады. Осындай кешке қатысу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Өзім жаңа жылдан жақсы жаңалықтар күтемін, – деді.

Жаңажылдық шырша кешінен соң балалар мерекелік түскі астан дәм татып, ойын-сауық орталығына ойнауға барды.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім  айнасы»,
Орал

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.