Home » Мақалалар » Білім беру үздігі

Білім беру үздігі

Отбасының берген тәбиесінен кейін тәрбиешілер қауымының атқарар ісі мен көтерер жүгі ауыр әрі жауапты іс. Осы жолда сәбилердің қызығы мен шыжығын көріп, ата-анасындай бауырына басып, еркелігін көтеріп жүрген тұлғаның бірі – Наменгенова Гульнара Айтбековна.

Гульнара Айтбековна 1963 жылы  сәуір айының 30 жұлдызында Қарағанды облысы Ағадыр ауданына қарасты Ақшатау посёлкасында дүниеге келген. Әкесі Айтбек Шайқыұлы Балқаш қаласындағы «Балық өндіру және бақылау бөлімінің» басшысы болып қызмет етсе, анасы София Жұмағалиқызы Балқаш қаласындағы  №3 мектеп интернатында бухгалтер болып жұмыс істеген.

Ең алғаш мектеп табалдырығын 1970 жылы Балқаш қаласына қарасты Озёрный посёлкасындағы  №3 мектеп интернатына 1-сыныпқа  барады.  1978 жылы мектепті бітіріп, Балқаш қаласындағы педагогикалық училищенің физкультура факультетіне оқуға түсіп, 1981 жылы тәмәмдап шығады.

Еңбек жолын осы жылы оқуын бітірген соң, жолдамамен Жезқазған қаласындағы «Талап» совхоз техникумында физкультура пәнінің мұғалімі болып бастайды. Тәрбиешілік жолы 1982 жылы Балқаш қаласындағы «Алёнушка» балабақшасынан басталады. Бұл жерде біраз жылдар бойы істеп, 1990 жылы Теміртау қаласына көшіп келіп, сондағы «Космос» балабақшасына келіп қызметін жалғастырады.

2001 жылы Қарағанды Мемлекеттік университетінің филология факультеті, қазақ тілі әдебиеті мамандығы бойынша сырттай бөліміне оқуға түсіп, 2002 жылдан бастап  Қарағандыдағы «Ақбөпе» балабақшасына жұмысқа орналасады.

Мінекей, Гульнара Айтбековна қазіргі таңға дейін осы мекемеде қызмет істеп келе жатқан үздік тәрбиешілердің бірі әрі бірегейі. Жоғарғы санаттағы тәрбиеші. Ортасына сыйлы, үлгілі жан. Берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын тәжірибелі маман иесі. 2018 жылдан бастап Шымкент қаласындағы Әлеуметтік аймақтық университеттің «мектепке дейінгі» бөлімін сырттай оқып жатыр.

Шәкіртінің жеңісі – еңбегі еленгені емес пе? Осы уақыт аралығында шәкірттерінің де, өзінің де жетістіктері аз емес. «Осы мекемеден бітіріп шыққан шәкірттерімнің алды 21 жасқа да келіп қалыпты. Қазір олар жоғарғы оқу орындарында және шет елдерде білімдерін жалғастыру үстінде. Осынша уақыт өтсе де мен олармен араласып тұрамын. Демалыс уақытында осында өздері келіп, менімен бір амандасып та кетеді» — дейді Гульнара Айтбековна.

2018 жыл 4 жасар Ақылбекқызы  Аделина ІІІ Республикалық «Әсем әнім» байқауына қатысып, байқаудың қорытындысы бойынша І орынды жеңіп алды. Сонымен қатар дәл осы жылы қалалық «Ән салшы балақай» вокал сайысында Бақытжанұлы Дінмұхамед бағын сынап, гран приді қанжығасына байлап қайтқан болатын. Тағы бір үздік шәкіртінің бірі – Құндарбек Әлихан. Әлихан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өткен қалалық «Сырттай сәндік қолданбалы шығармашылық пен бейнелеу өнері» шығармашылық байқауға қатысып І дәрежелі дипломды еншілейді және т.с.с.

Гульнара Айтбековнаның елеулі еңбегін ескере отырып, «Білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін және көп жылғы еңбегі үшін» Қарағанды қаласының білім бөлімі министрлігінің алғыс хатымен марапатталады.  Ең бастысы 2018 жылдың 3 желтоқсанда Алматы қаласына барып «Білім беру үздігі» деген атақ пен медальді иеленіп қайтады.

Шәкірттерінің бағын жағып, дарынын ашқан, үлгілі тұлға, аяулы ана –  Гульнара Айтбекқызына алдағы уақытта еңбегіңіздің зейнетін көріп, немерелеріңіздің тәтті қызығы мен шыжықтарына кенеле беріңіз деп тілейміз.

 

 

Ербол ЕРБОЛАТ,
Қарағанды облысы бойынша Республикалық
«Білім айнасы» газеті мен «bilimainasy.kz» сайтының тілшісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.