Home » Жаңалықтар » Төрт жылғы жұмыстың нәтижесі – елеулі еңбектің жемісі

Төрт жылғы жұмыстың нәтижесі – елеулі еңбектің жемісі

Оралдағы жалпы білім беретін М.Ықсанов атындағы №36 орта мектеп биылғы оқу жылында жаңартылған білім мазмұнын апробациялау бойынша пилоттық жобаны қорытындылайды. Осыған орай мамырдың 17-сі күні білім ордасында «Білім. Өзгеріс. Нәтиже» атты ауқымды шара өтті.

Білім саласына жетекшілік ететін мекемелердің, Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдері, бастауыш сынып мұғалімдері мен ата-аналар қатысқан шара секциялық жұмыстармен басталды. Атап айтқанда,  IQ ринг танымдық ойын, робототехника бойынша құрастыру сайыстары, эстафеталық марафон, көркем еңбек пен музыка пәндерінен жеке жұмыстар, полиглот ойындар ұйымдастырылды.

2015-2016 оқу жылынан бастап ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес жаңартылған білім мазмұнының оқу-әдістемелік кешендерін апробациядан өткізу жұмыстары басталды. Республика бойынша пилоттық жобаға қамтылған отыз мектептің екеуі – біздің өңірімізден болса, соның бірі – Оралдағы ЖББ М.Ықсанов атындағы №36 мектеп еді. Сол жылы ашылған үш сыныптағы эксперименттік жұмыстар өз мәресіне жетті.

Пленарлық жиын Tedx форматында өткізіліп, алдымен апробация жұмысы жайлы бейнеүзік көрсетілді. Мектеп директоры Азима Губашева мен облыстық білім беру басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің директоры Аягөз Хамзина пилоттық жобаның мән-мазмұнына тоқталды. Бұдан әрі қаламыздағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары Дулат Тұрарбеков бірлесіп жоспарлаудың әдіс-тәсілдерімен бөліссе, Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының аға менеджері Лилия Абакиева пилоттық жобаның құндылықтары мен жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар жиында жаңартылған білім, мұғалімнің кәсіби өсуі, өзгеріске бағыттаған қадамдар жөнінде баяндамалар тыңдалды.

Мектеп директорының бастауыш сыныптар бойынша оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Макаримова биыл бастауыш сыныппен қоштасатын апробация сыныбында 56 оқушы бар екенін айтты.

– Сол жылы мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер апробация сыныптарына қабылданды. Бүгінде олар 4-сыныпты тәмамдағалы тұр. Төрт жыл ішінде жасалған жұмыстар балалардың креативті ойлауына, еркін сөйлесуіне жол ашты. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша сол сыныптардағы алғашқы қарлығаштарымыздың ата-аналары бізбен бірлесе жұмыс жасап, қолдау көрсетті. Нәтижесінде биылғы оқу жылының үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша оқушыларымыз 86,6 пайыз білім сапасын көрсетті. Сонымен қатар балалар түрлі деңгейдегі білім сайыстарында, пәндік олимпиадаларда, спорттық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізді, – деді Гаухар Абылайқызы.

Еліміздегі отыз пилоттық мектептің қатарына енген оралдық білім ошағына құзырлы министрліктің бұйрығымен жетекші ретінде бекітілген Оралдағы педагогикалық шеберлік орталығы филиалының аға менеджері Л.Абакиеваның айтуынша, аталған мерзім ішінде білім мазмұнын апробациядан өткізу барысында бірқатар жұмыстар жасалған. – Алдымен мұғалімдермен кездесіп, білім саласындағы өзгерістерді неден бастау керек деген мәселені талқыладық. Оқушымен жұмыс жасаудағы оқыту форматын өзгерту қажет болды. Қырық минуттық сабақ беру үдерісі өзгеріске ұшырады, баланың бойында түрлі дағдыларды қалыптастыру үшін қос тарапты да дайындадық. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында түрлі семинарлар, коучингтар ұйымдастырылды. Жаңартылған білім мазмұны бойынша іс-тәжірибелерді өңірдегі өзге педагогтарға таратуға бұл мектептің қосқан үлесі зор. Жеткен жетістіктері де көп. Біз осы жұмыстарды одан әрі жалғастыруымыз керек, – дейді Лилия Елемесқызы.

Білімнің жаңа жүйесімен оқытылған балалардың бірден-бір көмекшісі – ата-анасы. «Біз де тың бағдарлама аясында ұл-қыздарымызды сабаққа дайындаумен қатар өзіміздің де үйренгеніміз көп болды» дейді олар. Төрт жыл бұрын апробация сыныбына қабылданған Аружан Калимуллиеваның анасы Ақбота Нұрмұхамбетқызы: – Бастапқыда осындай жаңалыққа қуандық, қиындықтары да болды. Баламен бірге жұмыстана жүріп, айтарлықтай пайдасы бар екенін түсіндік. Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша оқушылар балдық жүйемен бағаланады. Әр пән бойынша барлық тақырыптарды бірге оқимыз. Себебі, әр тарау, әрбір тоқсан сайын тест тапсырғанда, соның нәтижесі көрінеді. Бала да соған дағдыланып, жиынтық бағалаулар кезінде өткен тақырыптарын қосымша қайталап шығады. Осы төрт жылдың ішінде қызымның дүниетанымы кеңейгенін, өмірге көзқарасы өзгергенін байқадым. Өз ойын толық жеткізеді, сөйлеу мәнері ерекше, өз бетімен жұмыстанады, түрлі қолөнер жұмыстарымен айналысады, – деді.

Бір күн шеңберіндегі шара төрт жылда жүйелі жұмыстар жасалғанын дәлелдеді. Мектеп дәлізіндегі көрмені тамашалаған келушілер апробация сыныбы оқушыларының жетістіктеріне, тамаша қолөнер бұйымдарына тәнті болды. 12-жылдық білім беру жүйесіне қадам басқан оқушыларды алда бұдан да зор мақсат-міндеттер күтіп тұрғаны белгілі. Білімге құштар жас өрендерге сәттілік тілеп, күні ертең олар да тәуелсіз еліміздің өркениетіне өз үлестерін қосар деген сеніммен білім ордасының ғимаратынан ұзай бердік.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы», Орал  

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.