Home » Мақалалар » Тіл-ұлттың жаны

Тіл-ұлттың жаны

«Қос тіл — қос қанатың» деп ұлы Абай айтқандай, біздің елімізде қос тілді білу- өмір талабы. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті.

Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Мемлекеттік тіл – тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл – адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде біздің ана тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз. Тіл туралы заңның қабылданғаны, оның баптарының жүзеге асырылуының бағдарламаларының жасақталғаны, мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Аталған әрекеттердің бастауы мектептерде қазақ тілін оқып үйретуді дұрыс жолға қою болып табылатыны сөзсіз. Сол себепті басты жауапкершілік тіл мамандарына, яғни біздерге жүктеліп отыр. Ата заңның баптарында сонымен қатар «Тіл саясатының тұжырымдамасы» мен «Тіл туралы Заңда» айтылған басты мәселе — мемлекеттік тілді дамыту.

Қазақ тілі — әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің, мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.

Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі.Тіл туралы сөз қозғалғанда, бұл мәселенің ішінен басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуды жеке бөліп алмаса болмайды.

Бүгін біздің алдымызда тұрған мақсат — өзге тілді аудиторияны қазақ тіліне үйрету ғана емес, сонымен қатар алдымызда отырған шәкірттердің Отанының қадір-қасиетін сезініп, оның алдындағы ұлт жауапкершілігін ұғынып, ол үшін басын бәйгеге тігетін тәуекелге баратын тұлға қалыптастыру. Сол сияқты, барлық отандастардың Отанымен рухани және материалдық тығыз байланыста болуы, өзі өсіп — өнген аймаққа деген сүйіспеншілігін арттыру — патриотизмнің қайнар көзі.

Мемлекеттік тілді өзге ұлт мектептеріндегі оқушыларға үйрету – аса күрделі ізденісті қажет ететін жұмыс. Сабақтың қызықты, сапалы өтуі тікелей мұғалімнің шеберлігіне байланысты болады. Қызығушылықты арттыруға арналған қазіргі кезде көптеген технологиялар бар. Қазіргі кезде өзге тілді оқушылардың ауызша сөйлеу әрекетін қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады.

Абдуллаева Мехрибан Абдурсуловна,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№ 118 мектеп – гимназия
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.