Тиімді сабақ: зерттеулер мен тәжірибелер

2019 жылдың 30 наурызында Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен «Тиімді сабақ: зерттеулер мен тәжірибелер»  халықаралық  конференциясы өтті.

Қазіргі таңда жаңартылған білім беру мазмұны аясында заманауи тұрғыдан сабақты жоспарлау – уақыт талабы. Осыған орай өңіріміздің педагогтеріне арналған дәстүрлі халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылған болатын.  Аталмыш конференцияға жалпы орта білім беру мектептерінің мұғалімдері, мектеп тренерлері, аудандық (қалалық)  оқу бөлімінің әдіскерлері, Білім беруді дамытудың  инновациялық орталығының мамандары,  «Өрлеу» ПҚБАИ аға-оқытушылары, Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері, сондай-ақ Семей және Нұр-Сұлтан қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептерінен ұстаздары, барлығы 360 адам қатысты.

Пленарлық отырыста «Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жағдайында сабақты жоспарлау мәселелері» тақырыбында Павлодар қаласы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Сауле Слямова және  Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев және Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Нұрлан Сарбасов сөз сөйледі.

Конференция барысында 34 ашық сабақ, 25 шеберлік сағат, іс-әрекетті зерттеу, сабақты зерттеу тақырыбындағы 75 постерлік сессия жұмыстарында қатысушылар өз шеберліктерін шындай отырып, тәжірибе жүзінде заманауи сабақтың қыр-сырымен жете танысып білді. Ауқымды іс-шараға Ресей мемлекеті  білім беру саласының эксперті Ирина Анянова «Z ұрпақ» балаларды оқытудағы инновациялық әдістемесі», Австралия мемлекетінен халықаралық деңгейдегі білім беру саласының сарапшысы Елизабет Браун «Сауалнама негізінде оқыту» тақырыптарын онлайн режимінде жан-жақты аша отырып, көптеген сұрақтарға жауап берді.

  • Бір күндік конференция педагогтер үшін өте құнды және пайдалы болды. Уақыттың аздығына қарамастан, осы күні ашық сабақтарды көріп, кері байланыс беріп, шеберлік сағаттарда тәжірибе алмасып, постерлер жұмысында әріптестердің зерттеу жұмыстарын бірге талқыладық. Біздің ұстаздар да өз зерттеулерімен бөлісіп, көпшіліктің көңілінен шыққан еді. 75 постерлік қорғау жұмысында 15 жұмыс дипломға лайық деп танылды. Сол тізімде біздің де жобаның орын алғаны ерекше қуантады, — дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен келген Гүлжан Нурғалиева.

Божақанова Рымгүл Асылбекқызы
Павлодар қ. химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.