Home » Айтарым бар » Текті тұлға тәрбиелеу теориясының мәні

Текті тұлға тәрбиелеу теориясының мәні

Зерттеуші ғалымдардың (М.Әуезов, Қ.Мұқамедханов, М.Мырзахметов) пікіріне сүйенсек, Абай атамыздың «Толық адам» ілімі мына екі жағдайға байланысты туындаған көрінеді.

Бірінші. Абай дана өмірінің соңғы кезеңі – отарлаушы Орыс хандығының қазақ даласына толық иелігін орнатып, өз қалауына сай қоғамдық құрылысын реформалап, басқару жүйесін  «басыбайлы момақан  құлға» толыққанды үстемдік жүргізуге   әбден ыңғайлап үлгерген шағы сәйкес келеді.

Екінші. Қазақтың аты тұр ғой, затын толық өзгертіп, мінезін бұзып, рухын мұқалтып, намысын таптап қана қоймай, ішкен асын, киген киімін, ата-баба кәсібіне дейін жаңалауды мақсат етіп, оны жүзеге асыра бастаған мерзімі болатын. Міне, осының бәрін өз көзімен көріп, жанымен ұғып таныған дананың көкірегі мұңға, көзі шерге толып, толғану, тебірену, мұңаю, зарлану тәрізді жан қиналысынан туған, жүрекжарды даналық шешім болып «Толық адам» ілімі өмірге келген. Бұл ілімнің негізгі мұраты – қараңғы, надан ел-жұртын, жаны жарлы, ақылы азайған жас ұрпағын, жан сарайы дертке шалдыққан қауымды қалай құтқарудың жолын көрсетіп, бағыт-бағдарын беру болатын. Абай дана бұл ілімнің өзегін орнықтырып, формуласын қорытқанымен толық тиянақтай алмады. Алайда, дананың даңқты шәкірттері, ізбасарлары ол ілімді дамытып ғылыми өресін биіктетіп, тұғырын мықтап бекітіп, аяулы жұртына асыл мұра етіп табыстағаны баршаға аян. Бұл ілім жерден шыққан жоқ, аспаннан түскен жоқ, ғайыптан пайда болған жоқ. Оның өмірге келуіне қажетті алғышарттар мен тірек болар тәрбиелеу ілімі Қазақ педагогикасында бұрын да болған. Ал, дана атамыздың осы тектес батыс-шығыс күллі ілімдерін оқып біліп, танысып көріп, сараптап қорытып, өз танымымен талғам шанағында қайта жаңғырту нәтижесінде туған ілім еді.

Бүгінгі біздің өмір сүріп отырған дәуірімізде – қазақтың қоғамдық құрылыс-құбылысында, салт-санасында, мінез бітісінде қаншалықты өзгеріс болып жатыр? Келешекте қалай болатынымызды елестете аламыз ба? Бұл турасында жазып, зерттеп, саралап жатқан ғалым-ғұламалар, ойшыл-даналар, ақылман-білгірлер, тәубә делік, баршылық. Барлығы да, өзгер-ген, дамыған, өскен, өркен жайған, таңқаларлық табысқа жеткен. Абай дәуірінде тіршілік еткен, текті де, есті бір қазақ, зәудеғалам ол дүниеден бұл дүниеге келе қалса, біздің қазақ екенімізді танымайтын халге жетіппіз! Енді таяу он-жиырма жылда, кешегі өмірден өткен аталарымыздың аруағы, бүгінгі ұрпағын қаншама жебеп, демеп күнделікті «араласып» біліп жүрсе де, танымай қалатын түрі бар. Өзгергенімізде өлшем жоқтың бір белгісі осы болар. Сонда,  кешегі қазақ танымайтындай, біздің   неміз өзгеріпті? Ең әуелі, ауызекі сөйлеу тіліміз өзгергендіктен, тәрбиеміз түбірлі өзгеріске ұшыраған. Қазіргі біздің сөйлеу ырғақ мәнерімізде, әр өлкелік диалект, шет-жұрттық (орыс, қытай, араб, монғол, түрік т.б.) сөз-сөйлем, тіркес  тым көбейіп  кеткен. Бұл тіліміздің байығанын көрсететін бір өлшем болумен қатар, тіл шұбарлығын танытар көрсеткіш. Ортамызда қазақ бола тұрып, қазақша сөйлей алмайтынымыз тағы бар. Педагогика классигі атанған К.Д.Ушинскийдің мына бір сөзі бар еді: «Ана тілі» халықты әлі де кітаптар, мектептер болмаған кезде де оқытқан және өркениет пайда болғаннан кейінде оны оқытуды жалғастырған ұлы халықтық тәлімгер болып табылады”. Тәлімгеріміз шұбарланған соң тәрбиеміз де шұбарланбай қалай қалсын! Ол-ол ма, адам тәрбиесі «еркіндік» алып, жалпы ұлттық сипатынан айырылып қалған. Шұбарлану бүгінгі қазақтың тілінде ғана емес, ішкен-жеген асында да, киген киімінде де, сырт пішін тұрқында да, керек десеңіз аман-сәлемінде де бар. Балалардан бастап әйелдерге дейін, ерлерден тартып қарттарға дейін алашұбар киім-киеді, кемпірлердің өзі ала дамбалға өш болып алды, қыз-келіншектер: сары, күлгін басты, басы көзін көкала етіп бояйтын болды. Ұлдар терісіне – етіне оймыштап жазу жазатынды шығарды. Амандасса еріндерін түйістіріп, иіскейтін, жаласатынды шығарды. Өздеріне ұнаған соң басқаның шаруасы не? Мен де, әйтеуір, өзгерістерді атаған болмаса оларға билік айтпақ ой жоқ, Мөнке бидің айтқаны рас болды. «..Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады, ит пен мысықтай ырылдасқан еркек пен қатының болады. Кер заманның кезінде ертеңіне сенбейтін күнің болады, бетіңнен ала түсетін інің болады. Алашұбар тілің болады. Дүдәмалдау дінің болады. Еркегің қазаншы болады, әйелің базаршы болады. Ішінде шынтақ айналмайтын Ежірей деген ұлың болады, ақыл айтсаң ауырып қалатын, Бедірей деген қызың болады». Ас-суымыз да шұбар ала. Ән-жырымыз да шұбар ала. Мінез-құлқымыз да алабөтен. Бұрындары естіп білмеген хаиуани құлықтар, ұятты қылықтар, арсыз амалдар, азғындық, жауыздық әрекеттер қаумалап тұр.. Жағдай осылай бола тұра, ұлтымыздың, ұрпағымыздың тәрбиесінің келешегіне алаңдап, толғанып, Абай атамыздай  іргелі ілім тудырмасақ та, қалыптасқан тәрбиелеу қазақ ілімін қолданысқа мықтап енгізе алмадық. Тұрмысқа түптеп тұрақтандырмадық. Тиіп қашып, үзіп-жалап, артық-кемді керектенген болып келеміз. Сол іргелі ілімге жетер, оны өмірімізге тиянақ болдырып, толық қолдану үшін де баспалдақ қажет екендігіне көз жетті. Сондықтан: «Текті тұлға тәрбиелеу теориясын» ұсынып отырмын.

Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің, өнердің, парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани азық беретін қабілет ретінде танылған, кең мағыналы ұғым. Бұл ұғым генетика, родология, нумерелогия ғылымдырында кеңірек қолданылады. Біз бұл жерде тектілік  ұғымын қазақ танымы аясында, генетикалық мәніне сүйеніп қолданамыз. Тектілік құбылысы жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын, ата-бабалардан берілетін дүниетанымдық, психологиялық т.б. бейімділіктері болуға тиістілігін көрсетеді. Тектілік гендік түрде берілетін биологиялық қасиет қана емес. Нағыз тектілік ұрпақтың ақыл-парасатынан, мінез-құлқынан, адами қасиетінен аңғарылып тұрады..Текті жан деген кім? Қазақ біреудің білік-бітімін, мінез-болмысына, хам-харекетіне, ақыл-парасатына риза болса, «Апыр ай, бұл текті жан екен ғой!» «Тектен нәр алған тозбайды» деп сүйсінеді. Демек, тектілік дегеніміз – қасиетті ұғым. Тектілік ұрпаққа ата-бабадан дарып, ана сүтімен, әке тәрбиесімен бойға қонып, бірте-бірте өмірді тани келе, біле келе кемелдене түседі. Қазақ «тегі жақсы» деген бір ауыз сөз арқылы адамды өсіріп, «тексіз», «жаман» деген бір ауыз сөз арқылы өшіре де салады. «Сол тексіз немені қойшы» деп кей жаннан үмітін үзетіні де бар. Бұл теория үшін тектілік ұғымы неге қажет болды?

Бүгінгі жас ұрпақтың әлеміне, олардың әлеуметтік қатпарына зер салып көрсеңіз:    А) Көзі жәудіреген, мұң мен зардың табы сыртқа анық көрініп тұратын ата-ананың аялы алақаны, жүрек мейірім жылуына зәру біршамалы ұрпақ біздің қоғамда өсіп келеді. Оларды “тастанды, не тұлдыр жетімдер” деп атайтын адамдар да бар. Иә, олардың зәрүлігі шындық, жетімдігі де рас. Олай болса оларды адам ретінде бағалап, қолдап, қорғап, сыйлап құрметтеудің сыртында олардың ата-бабаларынан ұласқан өнердің, ақыл-парасаттың, ерекше қасиеттің бар екеніне сеніп, тектіліктің көзін ашып, бақытқа жетелеп жеткізу – кез-келген тәрбиеші ұстаздың парызы, ересектердің азаматтық міндеті, мемлекеттің борышы.

Ә) Көңілінде үрей, көкірегінде шер, есінде зомбылық ұялаған, әке-шешеден тірідей алшақтаған жетімдер де әжептәуір   пайыз иеленеді. Олардың әке-шешесі ішімдікке салынған, нашақорлыққа берілген, ауыр-жұқпалы дертке шалдыққан, қылмысқа ұрынған, ұрпағын тәрбиелей алмайтын халге келген. Әке-шешесі осындай болғанымен олардың жеті атасынан жалғасқан дерт дербез, жаман әдет-дағды емес қой. Бұл балалардың да жеті атасынан бері ұласқан тектілігі жоқ деп ешкім де айта алмас. Сондықтан, олардың тектілігінің көзін текті тұлға болдырып тәрбиелеу арқылы ашу керек. Екінші жағынан әке-шешесінің ауыру-сырқауы, жаман әдет-дағдысы тұқымқуалаушылық жолмен жалғасып кетпеуіне тосқауыл қою керек. Бұл – тектілік тұлға қалыптастырудың бір амалы. Біздің әке, ата-бабамыздың басынан кешкен, аштық, соғыс, құрбандық, қуғын-сүргін, тентіреп, хабар ошарсыз безіп кету сияқты зорлық зобалаң, нәубат қатарлының бүгінгі ұрпақ бойынан аз да болса, өздері ол жайында ештеме білмесе де, көрініс беруі үлкен ойға қалтырады. Тектік тәрбиенің қажеттілігін еріксіз мойындатады.

Б) Әке-шешенің қолында тұрып, тәрбиесінде жүргенімен, олардың уысынан шығып бара жатқан, ана тілін толық меңгермеген, ұлттық әдеп-ғұрыпта шаруасы жоқ еркін тәрбиеленген, шылым мен араққа жуық, адал мен арамды онша талғай қоймайтын жасөспірімдер тобы тағы бар. Бұларға ең әуелі ата-бабалары иманды, жомарт, текті адам болғандығын түсіндіріп, ұлттық намыс, ата-тектік мақтаныш сезімін ояту ең дұрыс хол болмақ.

В) Әке-шешенің қолында өсіп келеді. Алайда әке-шешесі де, өзі де ана тілінде сөйлей алмайды. Бұл балада қандай кінә бар. Тілі басқа тілде (орыс, қытай, неміс, ағылшын) шыққаны рас болғанымен, қазақшаға ниеті дұрыс. Шүлдірлесе де, былдырласа да тырмысып жүр. Оларға не көмек бар, қандай мүмкіндік бар, бәрін жаса. Ағайын-туыс, жолдас-құрбылары, ең алдымен, солар қол созу керек. Нағыз тектілікті соларға таныту керек. Ал, дәл осындай санаттағы біраз жеткіншектердің әке-шешесі де қазақша білмейді, өзінің де  қазақша сөйлеуге ниеті шамалы, баласын қазақша оқытып тәрбиелуді тым қолдай қоймайтын әке-шешелі жеткіншектердің бір тобы өсіп келеді. Оларға не дейміз? Біздің даңқты, дарынды, дана ғұламаларымыз көп тілді үйреніп, тамаша табысқа жеткен. Сен де көптеген шет тілін еселеп үйрене бер дейміз. Өз ұлтыңнан достарың, жолдастарың, құрбыластарың көп болсын дегенді айтамыз.

Г) Әке-шеше, ата-әженің тәрбиесін көрген, өнерден өзіндік үлесін алуға ұмтылып жүрген, ғылымның негізін ұғып түсіну амалын игерген, ана тілін айтарлықтай меңгерген, шет тілінің екеу-үшеуін үйреніп талпынып  жүр. Жас өрендердің мұндай тобы желкілдеп өсіп келеді. Тіл-көз, сұқ-қарғыстан алла сақтап, аруақ қолдасын. Бұларға тілерім: «Өркенің өссін, өнерің үстем болсын, құлыным!». Бірақ тапсырарым бар. Сенің тектілігің жұғысты боларына сеніп, В тобындағы балалар мен таныс, достас, олардан шет тілін ұқ, оларға ана тілін ұқтыр, қалқам!Менің қолымнан олар үшін дәнеңе де келмеді. Тек саған ғана сенім арту қалып тұр — деп өтінер едім. Себебі, тәрбиелеу қазақ ілімінде «Өзімізді өзіміз тәрбиелейміз» -деген қағида бар. Осылай алғашқы сөздің мәнін ашқан болдым. Ал, тұлға сөзіне келсек, қазақтың «кісі»» ұғымына мәндес, көп айтылып, көп жазылып талданған ұғым. Оны қазбалауды осы жолы хош көрмедім.Тәрбие – мәңгілік, әрі тарихи ұғым.Тәрбиелеу – көне түріктік “игдірілген” сөзінен туындаған, оны қазақ “баулу” деген ұғымда ұзақ уақыт қолданған (А.Байтұрсынов). М.Жұмабаев “төрт түрлі тәрбие бар” деп атап, басқасын “баулу” деп алған. Осы күнде тәрбиенің түрі өте көп. Мен мұнда адами қасиетке баулу мағынасында алған едім. «Теория сөзіне тоқталайын. Менің бұрын жазғандарымды оқып жүрген көзі қарақты оқырмандарым, бұл шалдың «теория» деп батпитқаны қалай? Бұрын «баспалдақ, әдіс-тәсіл, амал-айла» деген мағынада жазатын еді» — деп тіксінуі мүмкін. ҚР–ның Білім заңында оқытып тәрбиелеу ісі тек ғылыми негізде жүрілетіндігі көрсетілген. Қазіргі дәуірде, диалектикалық материализм, жауынгер атеизм негізінде талданған пайымдаулар ғылыми білімге жатқызылады. Сондықтан менің ұсынысым заң шеңберінде болу үшін «теория» деп отырмын. Және бір сөзді де генетика, родология ғылымдарынан асып қолданбадым.

Қобдабай Қабдыразақұлы

ғалым-жазушы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.