Home » Баяндамалар » Тағылымды тәрбие мен терең білім беру арқылы жастарды қоғамға дайындау – заман талабы

Тағылымды тәрбие мен терең білім беру арқылы жастарды қоғамға дайындау – заман талабы

Қазіргі кезде мемлекетімізді және оның ұлттық қауіпсіздігін одан әрі нығайтып, экономиканың тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатының артуын қамтамасыз ету үшін Қазақстанға ұзақ мерзімді тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім керектігі Елбасының тұжырымдамаларында үнемі айтылып, білім мен ғылымның, білім мен технологияның, білім мен тәжірибенің, шығармашылық пен парасаттың, білім мен тәрбиенің тоғысқан тұсы айқындала түсуде.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих – жақсы мұғалім, ол халықтың өзін-өзі құрметтеуге қалай өтетінін есіне түсіреді» деген айшықты ойы Конфуцийдің «Тарихқа қарап, жаңаны жасауға қабілетті адам мұғалім болуға лайықты» деген тұжырыммен үндесіп жатқандығы білім мен ұлттық тәрбиенің таусылмас қазына мен парасат қоры екенін тағы да айқындайды.
«Біле бер, қанша білсең – тағы тіле, жетерсің мақсатыңа біле-біле» деп Ж.Баласағұн бабамыз айтқандай, табиғат сыйлаған ақыл-ой, адамгершілік, дарындылық пен жомарттылық, батырлық пен шешендік келбетін айқындап, пейілдендіре, дараландыра түседі. Ел еңсесінің әрбір игілікті істің ізгіленуіне ерекше еңбек етушілерді қалыптастырушы, бағыттаушы – ұстаздар.
Сондықтан да бүгінгі таңда ұстаздарға қоғамымыздың даму бағытында жан-жақты дамыған, сауатты, саналы азамат, Қазақстанның келешегін тәрбиелеу мәселесі жүктеліп тұр.
Тәуелсіз елдің жастарына мәдениет пен ғылым, тәрбие мен білім беру – үздіксіз үрдіс. Олай болса, тәуелсіздік туын биіктеткен жастардың ұлттық білім мен тәрбие құндылықтарын меңгеруі жасампаз Қазақстанның жалынды жігерін, қуатты кемерін, ұлттардың жомарт жарастығын, ырысты ынтымағын әлемге паш етеді.
Біздің қоғамда білім беру мәселесі бірінші орында болып, сол арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуге болады деген түсінік қалыптасып қалды да, тәрбие мәселесі соңғы жылдарда әлеуметтік-экономикалық қыспақтардың салдарынан кенжелеп, тіпті оған селқостық таныту белең алды.
Жас ұрпақты тәрбиелеудің өзекті тұстары – әр азаматтың өзіне қатысты алғанда өзіндік талап етуі, қоршаған ортаға қатысты — оның шыншылдығы, елге қатысты алғанда — оның адалдығы. Біздің жастарымыз Отанымыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуы үшін терең білім арқылы ар-ождан, борыштылық, жауапкершілік, әдептілік және басқа да жоғары жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар арасындағы ұлы мұраттар рухында тәрбиеленуі керек. Сондықтан да жастар нашақорлық, маскүнемдік, парақорлық сияқты қауіпті әлеуметтік құбылыстарға қарсы күресе білуі керек. Жастардың терең білімі мен саналы тәрбиесінің қуатының құдіреттілігі олардың әлеуметтік, саяси, экономикалық, басқару белсенділігін арттыруға берік серпін беретіні аян.
Мемлекет басшысының: «Ел тәуелсіздігінің тірегі – ұлтаралық татулық, саяси тұрақтылық, әлеуметтік даму мен үздіксіз экономикалық өрлеу» деген тұжырымы білім мен ұлттық тәрбиенің негізі болып табылады, сондықтан да сапалы білім мен ұлттық тәрбиенің мақсаты тәуелсіздіктің серпінді басымдықтарынан, биік елдік мұраттардан туындайды.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Өзіміздің күш-қуатымызды, қайрат-жігерімізді саналы түрде ортақ мақсат жолына жұмылдыра білсек, біз шықпайтын асу, біз алмайтын қамал болмайды» деуі тәуелсіздіктен туындаған білімнің тереңдігі мен тәрбиенің тағылымдық тұтқасын бекіте түседі.
Тәрбиелік және білімділік кеңістіктің даму деңгейі салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ұзақ мерзімді басым мақсаттардың бірі – Қазақстан азаматтарының өмір сүру жағдайларын, денсаулығын, білімі мен әл-ауқатын, мүмкіндіктерін ұдайы жақсарту, қоршаған ортаны таза ұстау болып табылады.
Стратегиялық міндеттерді жоғары кәсіби деңгейде отансүйгіштікпен және адал шешуге қабілетті адамдарды бүгінгі қоғамға даярлауда білім мен тәрбиенің маңызы айрықша.
Білім сапасының белгіленген деңгейіне жету үшін білім мен ұлттық тәрбиенің ұстанымдарын негізге алу арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Сондықтан биік мақсатқа ұмтылу үшін ғұлама әл-Фарабидің: «Адамға бірінші тәрбие берілу керек. Тәрбиесіз берілетін білім адамзаттың қас жауы. Ол келешекте адам өміріне және қоғамға үлкен апат әкеледі» деген аталы ойын негізге алу дұрыс.
Тәуелсіздіктің тамырлы тірегі – бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыруға ықпал ететін мақсатқа бағытталған ұлттық тәрбиеге негізделген терең білім. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің негізі – оның интеллектуалды әлеуеті.
Бүгінгі тәуелсіз қоғам – қазіргі жастардың танымы мен парасатының, сана мен іс-әрекетінің, терең білімі мен тағылымды тәрбиесінің, ынтымағы мен бірлігінің, еңбек пен қайраттылығының, татулық пен тұрақтылығының біртұтас көрінісі болуы тиіс.
Бүгінде Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңғыру жолымен орнықты дамып келеді. Тәуелсіз еліміз нарық айдынында іскерлік қауқарын танытып, әлемнің дамыған 50 мемлекетінің қатарына енуді көздеп отыр. Дамыған және мықты қоғамның тірегі – білім. Адамзаттың болашағы ең алдымен оның интеллектуалды, ақпараттық, адамгершілік прогресіне тікелей байланысты.
Терең білім мен ұлттық тәрбие жүйесінің даму бағдары мынадай қағидаларға негізделген:
— прогрестің факторы, ұлттық байлық, тұлғалық және әлеуметтік табыстың кепілі ретіндегі білім;
— бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге ықпал ететін білім;
— өмір мен еңбек шеңберінде тіршілік етуді қамтамасыз ететін білім;
— бүкіл өмір барысында іргелі қажеттіліктерді өтейтін білім;
— ұлттық ойлауды қалыптастыратын тағылымды тәрбиеге тәуелді білім;
— патриотизмнің қайнар көзі, ұлттар мен ұлыстардың бейбіт қатар өмір сүруінің кепілі болатын ұлттық тәрбие;
— бәсекеге қабілетті адамның, бәсекеге қабілетті мемлекеттің, бәсекеге қабілетті экономиканың, бәсекеге қабілетті шығармашылық әлеуеттің дамуының берік тұтқасы болып табылатын ұлттық тәрбие.
Сондықтан да тарихи тәуелсіздік тағылымы жастар үшін білім мен ұлттық тәрбие ұстанымы, әлемдік тұтастықтың парасатты және шығармашылық әлеуетінің адам ресурстарының негізі ретінде жас ұрпақ санасын жаңа сапалық даму сатысына көтеретіні анық.
Ғасырлар тоғысындағы жаһандану үрдістері әлемдегі барлық елдер мен аймақтардың өзара кірігуіне, халықаралық байланыстардың кең серпінмен дамуына, рухани-мәдени, тарихи қатысымдық жүйені жетілдіруге алғышарттар туғызып отырғаны жаңа дәуірдің жасампаз қуатын танытады. Білім жер бетіндегі адам баласының негізгі іс-әрекетіне айналады. Білімнің қоғам өміріндегі рөлі мен орны, оның әлеуметтік функциялары мен міндеттері, мәселелері мен қарама-қайшылықтары, оны дағдарысты жағдайдан шығарудың және маңызды мәселелерін шешудің тәсілдері білім сапасын зерттейтін педагогика ғылымының әдіснамасын, оның ішінде білім мен тәрбиенің әдіснамасын түбегейлі қайта қарау міндеті бүгінгі таңда маңызды мәселе болып табылады.
Жаһандану әлемнің тұтастығын, өзара байланысын, өзара тәуелділігін, өзара икемділігін қоғамдық санаға сіңірді. Шындағында, бұл бүкіл әлемді бір қалыпқа салу емес, бірлесу, топтастыру, әр түрлі, әр текті ұлттық, діни саяси мүдделердің, өркениеттердің ықпалдасуы. Жаһанданудың сапалық мәні осында.
Білім – рухани онтологияны құрайтын бөлшек. Тек саналы ұлттық тәрбие арқылы берілген білім тұлғалық жауапкершілікті сезінуді қалыптастыруға бағытталып, жастардың жаңа дүниетанымдық парадигмасының рәсімделуіне ықпал етеді.
XXI ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Бүгінгі білім мазмұны тәрбие беруші мен жастар арасындағы байланысты субъективті деңгейде көтерудегі демократиялық бастамалардың барлығы тәрбие арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі жас ұрпақтың меңгерген біліміне, алған тәрбиесіне, өмірлік мүдде бағдарына байланысты.
«Ел ертеңі – білімді ұрпақ» десек, тәрбие беруші қандай жақсы және өз ісінің шебері болса да, егер жастардың өздері білімге, өнегеге, рухани құндылықтарға ұмтылмаса, оны ештеңе үйрете алмайды. Сондықтан рухани адамгершілік тағылымдарды өркениетті қоғаммен байланыстыра отырып, тәрбие берудің барлық бағыттарын негізге алып, мінез-құлқы жетілген адам қалыптастыру керек.
Қазіргі жастарға тағылымды тәрбие арқылы терең білім берумен қатар, оларды бүгінгі қоғамға дайындау идеологиясы, «бүкіл өмірінің білімі» принципімен «өмір бойғы білімге» ауысуда. Бұл идеологияны және ішкі резервті пайдалана отырып, жаңа нарықтық жағдайларға жүйелі бейімдеу механизмін орындау – біздің міндетіміз.
Сапалы қоғам саналы адамымен, терең білімді тәрбиелі жастарымен ғана мықты.
Білім беруді жаңғырту, оның мәні, одан әрі білім беру жүйесін жетілдіру бүгінгі заман қажеттілігі екені түсінікті.
Осыған орай жастарымызды шығармашылыққа, Отанымызды гүлдендіруге, моральдың және мәдени құндылықтарымызды жаңартуға біріктіру мақсатында тәрбиенің негізгі принциптері арқылы баулуымыз керек.
* Жастардың жасампаз санасын бекіту. Бұл үшін:
— тұлға арасындағы төзімділік пен білімділік, этносаралық және конфессия аралық, толеранттық келісімді дамыту және нығайту.
* Патриоттық пен азаматтықты дамыту. Бұл үшін:
— Қазақстандық патриотизмді нығайтуға, ұлттық рухты дәріптейтін әр түрлі іс-шараларды жүзеге асыру.
* Қазақстандық мәдениет пен тілді дамыту. Бұл үшін:
— қазақ тілінің қоғамдағы рөлін нығайтуға және бұдан әрі қарай дамытуға ықпал ету.

Заман талабына сай біз ұлттық рух негізін жастар бойына сіңіріп, тәрбиенің бір саласы қазақстандық патриотизм, азаматтық тәрбие арқылы білім алуға жетелеуіміз керек. Қазақстанның қоғамдағы ертеңгі жастары бүкіл әлем туралы дұрыс көзқарас қалыптастырып, қоғамдағы қарым-қатынастар мен халықтың құндылықтары туралы заман талабына сай тәрбие алып, терең білімді болуы керек. Әр қоғамның өз дамуы жағдайында бұл тәрбие беру мәселесі әрқалай шешіліп отыруы тиіс. Әуелден лайықты тәрбие алған жеткіншектің келешекте мәдениетті, үйлесімді, қазіргі қоғам талаптарына сай азамат болып шығатыны белгілі. Осыны жастардың бойына дарыта отырып, өздері болашақта бала тәрбиелейтіндеріне білім беру арқылы көз жеткізуіміз керек.
Бүгінгі жаһандану үрдісінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау мәселесі жас ұрпақ өкілдерін патриотизмге тәрбиелеудің ұлттық жүйесімен тығыз байланысты қарастырады. Сондықтан да «мәдениет – тарих – білім » макропарадигмасы патриоттық тәрбиенің өзегі болғандықтан, заман талабына сай Қазақстандық патриотизмі жаңғырған уақытта және жастардың оның сезінген кезінде ұлттық білім мен тағылымды тәрбие беки түседі.
Ендеше, тәрбиеге қоғам дамуының барлық сатыларында жастарға тағылымды тәрбие беру арқылы терең білімін дамытуға түбегейлі мән беруіміз қажет.

Алпысбаева Г.К,

Ақтөбе көпсалалы АГУ Тарлан колледжінің оқытушысы,

Ақтөбе қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.