Home » Жаңалықтар » Сәуірде соғылған алғашқы қоңырау

Сәуірде соғылған алғашқы қоңырау

Қарағанды қаласының Оңтүстік Шығыс ауданында орналасқан «Кең дала» мөлтек ауданында 1-сәуір күні көрікті де, келбетті, кең мектеп ашылды. Бұл  кеншілер қаласында соңғы 15 жылда бой көтерген жаңа білім ошағының бірегейі. Күн санап көркейіп келе жатқан кенді аймақта құрылыс саласы қарқынды даму үстінде. Облыс орталығы саналатын Қарағанды қаласындағы халық саны жыл санап артуда. Демографиялық жағдай жақсарған сайын балабақша, мектеп сынды әлеуметтік нысандарға деген сұраныстың  артатыны заңдылық. Тұрғындары тығыз орналасқан қаланың оңтүстік шығыс ауданы үшін балабақша мен мектеп тұрғызу қажеттігі өзекті мәселе болатын. Сол мұқтаждықты орындау мақсатында елбасы тапсырмасымен «Нұрлы жол»  бағдарламасы аясында, «Кең дала» мөлтек ауданында өткен жылдың желтоқсан айында «Шаңырақ» балабақшасы ашылса, енді міне 1200 орындық мектеп ашылды. Есігін айқара ашқан  жаңа білім нысаны №102 мектеп-лицей құрылысына және жабдықталуына 1,8 млрд теңге қаржы жұмсалған. Жаңа білім ошағында жанданған жұмыс осы мөлтек ауданда үш ауысыммен білім беруге мәжбүр болған №101 және №23 мектептегі оқушылар санын саябырсытып, ондағы ауысым жиілігін реттеуге септік етті. Жоғарыда аталған екі мектептен 20 сынып жаңадан ашылған №102 мектеп-лицейге ауысты. Бұл әзірге тек бастауыш сыныптар ғана. Ал үстіміздегі жылдың маусым айында 5-10 сыныптарды ауыстыру жұмысы жүзеге аспақ. Жаңа білім ошағында оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ, әртүрлі бағыттағы кеңейтілген және тереңдетілген білімді қамтамасыз ететін оқу бағдарламалары жүзе асырылады. Аталған мектепте физика , химия, технология және қазіргі заманға сай техникалармен жабдықталған информатика кабинеттері бар. Түрлі мәдени шаралар үшін және педагогтердің  конференция, семинарлық дәрістері үшін 670 орындық ауқымды акт залы бар.

Бір сәтте 300 оқушыны ауқаттандыруға арналған асханада заман талабына сай жабыдқталған. Тіпті дене шынықтыру сабақтарынан кейін бой салқындату мақсатында душ кабинеттері де ашылған.

Оқушылардың салауаттты өмір салтын ұстанып, сау ұрпақ болып қалыптасуы үшін  спорттық залда бар жағдай жасалған.

Сондай-ақ, компьютермен жабдықталған даярлық сыныптары, оқу залдары, кітапхана бар. Бастауыш сыныптарын жан-жақты, әрі салмақты оқу тапсырмаларынан сергіту мақсатында ойын залы жабдықталған. Сонымен қатар, оқушылардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған робототехника, хореография, қолданбалы-сәндік өнері және спорттық секциялар жұмысы жүргізілмек. Заман талабына сай барлық қажеттілігі қамтылған Қарағандыдағы ең ерекше мектептің ашылу салтанатына қала әкімі Нұрлан Әубәкіров қатысып

жас ұрпаққа жаңа білім ошағында зейінді білім тіледі. Алғашқы қоңырау құрметіне құр алақан келмеген қалалық билік оқушылар игілігіне он интерактивті тақта табыстады.

Ендігіде жаңа білім ошағына ағарту саласында 30 жылдық тәжірибесі бар білікті ұстаз Айман Мусина басшылық етеді. Сәуірдегі тәуір жаңалыққа ән мен биден шашу шашылып «Бозторғай» вокалдық студиясы және  «Шолпан» би ансамблінің өнерлі өрендері концерттік бағдарлама ұсынды. «Балдәурен» әнін шырқаған бақытты балғындардың қуаныштан жүздері бал-бұл жанды.

Салтанатты шара соңынан әр сыныпта «Отаным менің — Қазақстан» атты ашық сабақтар өтті.

Бұл шара «Кең дала» мөлтек ауданының тұрғындары үшін көктемдегі көп жақсылықтың бірі болды.

Әсел Сәбитова

Қарағанды қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.