Жыл сайын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ оқушылары үшін ұйымдастырылатын «Туған елге тағзым» өлкетану-экспедициялық жобасы шәкірттеріміз үшін таптырмас қосымша білім беру үрдісі. Бейтаныс өлке тарихымен таныса отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы жайлы мол мағлұматқа қанығатын сапар әрі қызық әрі ғибратқа толы.
Биыл Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ақтөбе қаласында болып қайтты. Аптаға жуық уақыт ішінде көптеген тарихи-мәдени, әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарда болған олар мол білім қорын жинады.
Ақтөбе қаласына табан тіресімен ыстық ықылас, қонақжайлықты сезінген семейліктер қаланың ерекше сәулетіне тәнті болды. Бір-бірін қайталамайтын тамаша архитектураға бай, әдемі суреттер мен қолөнер бұйымдарының дизайны керемет әсер қалдырып, қаланы көркемдеп, ерекше атмосфера мен көңіл-күй сыйлады. Тұрғын үйлердің қабырғаларына салынған танымдық суреттер тұрғындарға қаланың тарихы мен беделді де белгілі тұлғалары туралы ақпаратты жаңа бағытта беріп тұрғандай.
Қаламен танысуды Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған «Әлия» аллеясынан бастаған оқушылар батыр қыздың өмір, жорық жолы жайлы естіп біліп, ескерткішке гүл шоқтарын қойып тағзым етті.
Бұдан бөлек «Шығармашылық сарай», «Теннис алаңы», «Мұз айдыны» кешендері, ТК Фарм Актобе» дәрі-дәрмек зауыты, қалалық ипподром, «Жекпе-жек» зәулім спорт сарайы, «Атамекен» бизнес орталығы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін еркін аралап, зерттеу жұмыстарына қажетті ақпараттар алынды.
— Экспедиция шеңберіндегі әр күніміз қызықты өтті. Соның ішінде мен үшін ерекше әсер қалдырғаны Қобда ауданына жасаған сапарымыз. Қобда қазаққа ұлы тұлғаларды сыйлаған киелі жер. Мәселен, Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұлованың кіндік қаны тамған жер де осы аудан. Сондықтан батырдың туған ауылындағы «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығына барып, оның өмір жолымен тереңірек таныстық. Мұнда батыр жайлы сыр шертетін мәліметтер: бала кездегі суреттері, туыстары, білім алған оқу орындары және мерген қыз туралы жазылған көптеген авторлардың кітаптар бар екен. Аудан аумағында орналасқан тағы бір құнды тарихи жәдігер орта ғасырлардағы сәулет өнерінің тамаша үлгісі «Абат Байтақ» кесенесі. Ол әйгілі Асан Қайғының батыр ұлы Абатқа арналған екен. Осы кесененің маңайындағы «Қыз-әулие» қорымы, сондай-ақ, 200 –ден астам тастан қашалып, әртүрлі үлгімен, ою-өрнектермен салынған құлпытастар жақсы сақталған. Құлпытастарға өмірден озған кісілердің аттары, қысқаша өмірбаяндары араб қарпімен жазылған және ру таңбалары бейнеленген. Тарихи қаһарман Қобыландының Жиренқопа жеріндегі тарихи-мемориалдық кешені батырдың дулығасы тәріздес жасалған кесене ерекше әсем тарихи ескерткіште көрген адамды бей-жай қалдырмайды. Ежелгі тарихпен астасып жатқан көне кесене мен құпияға толы қорымдар жан дүниеңе әсер етіп, ерекше сезімге бөлейді, ұлтыңның тарихын біле түскің келеді, кеудеңе мақтаныш сезімі ұялайды,-деп мектебіміздің Аружан Сарбиева есімді оқушысы өз әсерімен бөлісті.
Экспедиция мүшелерін қызықтырған тағы бір орын осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген «Анаға тағзым» орталығы. Орталық — ақ жаулықты аналарға құрмет ретінде салынғанымен, жастардың ұлттық рухани-адамгершілік қасиеттерінің дамуына септігін тигізетіндігімен ерекшеленеді. Мәселен, орталықта бойжеткен қыздарға арналған «Қолөнер», «Би», «Бейнелеу өнері», «Қонақ күту», «Ұлттық салт- дәстүрлер», «Ас дайындау» т.б әр түрлі үйірмелер ашылған. Осыдан –ақ орталықтың қазақ қыздарының бойына инабаттылық пен кішіпейілділікті ұялатуға, олардың жан-жақты дамуына қосар үлесі зор екенін байқауға болады.
Ал атақты жазушы Т.Ахтанов атындағы театр әртістерінің сахналаған «Махаббат жағалауы» атты психологиялық драманы тамашалаған оқушыларымыздың «Театр –өмір айнасы» екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізді. тамашалауға да уақыт тапқан қонақтар ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған түрлі зауыт-кәсіпорындарда болып, ондағы жұмыс барысы, түрлі мамандық иелері жайлы да естіп білді.
— Ақтөбе қаласына бізден бөлек Талдықорған қаласының өрендері де келді. Апта бойы 3 қаланың оқушылары жақын араласып, танысып, достасып кетті. Біздің сапарымыздың ең құнды олжасы осы — шәкірттеріміздің достығы. Бірімен – бірі араласа жүріп берілген уақыттың да қалай зымырап өте шыққанын байқамай қалды. Жобамыздың соңғы күнінде алған әсерлерін ортаға салып, өз ойларымен бөліскен оқушыларға әсер еткен жайттар аз болмады. Соның ішінде аты «100 жаңа есім» жобасына енген, мүмкіндігі шектеулі болса да, тағдырдың қиын кезеңдерімен күресе білген Шахан Жолдасбаевпен болған кездесуді бөле –жара атауға болады. Бүгінде «Pandus ok» компаниясына жетекшілік ететін отандасымыз суға жүзуден параолимпиаданың бірнеше мәрте жеңімпазы. Емен-жарқын әңгіме барысында қиындықты қалай жеңіп, көздеген мақсатқа қалай жеткенін әңгімелеген Шахан Жолдасбаевпен өткен жүздесу әр оқушыны терең ойға жетелеп, барды бағалай білуге үйретті десем артық айтпаған болар едім, -дейді экспедиция жетекшісі Айнұр Оразбаева.
Экспедиция салтанатты түрде жабылып, әр мектептің оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Біздің шәкірттер арасынан Аружан Сарбиева, Дана Ахмеровалар ән шырқаса, 8 сынып оқушылары домбыраның құлағында ойнап, кешті қыздыра түсті. Соңынан ерекше қонақжайлығы үшін ақтөбелік мектеп ұжымына семейлік оқушылар қолынан шыққан естелік жәдігерлерді сыйға тартылды.
Рахмет, саған Ақтөбе!
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі