Home » Мақалалар » САБАҚТАҒЫ ЗЕРТТЕУ ІС-ӘРЕКЕТІ (LESSON STUDY) –ПЕДАГОГТАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ БІР ТӘСІЛІ

САБАҚТАҒЫ ЗЕРТТЕУ ІС-ӘРЕКЕТІ (LESSON STUDY) –ПЕДАГОГТАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ БІР ТӘСІЛІ

Бірге жиналу – бұл бастама,

Бірге қалу – бұл алға жылжу,

Ал бірге жұмыс жасау – бұл жетістік.

Генри Форд

 

Әлемдік тәжірибені ескере отырып, жаңартылған білім беру бағдарламаларын кеңейту бағытында тың идеялар туындап, білім мазмұнын жетілдіру жалғасын табуда. Осыған орай білім беру жүйесінде оқытудың инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу педагогикалық қызметкерлердің тұлғасына және кәсіби құзыреттілігіне жоғары талаптар қоюда. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелері жарық көрді, сондай-ақ білікті мамандар даярлау мақсатындағы игілікті істер жүзеге асырылуда.

Бүгінде мектеп ұстаздары жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында белсенді жұмыс атқаруда. Дегенмен ақпараттар көп, тәжірибе аз уақытта педагогикалық әдіс-тәсілдерді меңгерген, күнделікті жұмысында инновациялық тәжірибені жетік қолданатын педагогтер қажеттілігі туындауда. Сондықтан, динамика мен өзгерістерге толы осы заманда әр педагогтың негізгі мақсаты – өз кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отыру. Ал, бұл жұмыстың ең тиімді екі түрі бар: бірінші сабақтарды бірлесе жоспарлау; екінші өзара сабақтарға қатысып, бақылау арқылы оларды жақсарту мақсатында талдау мен талқылау. Бұл екі әрекетті де қамтитын бірден бір құрал – «Сабақты зерттеу» («Lesson Study») әдісі. Нақтырақ, Lesson Study – мұғалімдердің кәсіби біліктілігін тұрақты түрде дамытудың тиімді түрі. Сонымен қатар, оқушыға саналы білім беруді көздеген бір мақсатқа жұмылдырылған ұстаздар шеберханасы.

Осыған орай ағымдағы жылдың наурыз айында  «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БА институтының  тренері ретінде Жезқазған қаласының жалпы орта білім беретін №13 мектебінің сұранысына сәйкес аталған мектептің  базасында «Сабақты зерттеу іс-әрекеті» тақырыбында үш күндік оқыту семинарын ұйымдастырылды.

Мақсаты – педагогтерге сабақты зерттеу үдерісін жоспарлау мен жүзеге асыру жолдарын әзірлеуде қолдау көрсету. Семинарға қатысқан 28 мұғалім сабақты зерттеу іс-әрекетін  талдау барысында тиімді әдіс-тәсілдерді пайдаланумен білім беру мазмұны жаңаруының ұстанымдары мен ерекшеліктерін «Lesson study» тәсілі арқылы сабақты циклді жоспарлау, оқыту, қадағалау, талдау, өз қорытындыларын тұжырымдау арқылы бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды.

Нәтижесінде мектеп ұстаздары «Lesson study» тәсілдері мен зерттеу әдістерін таңдауға, одан әрі іске асырудың тиімді жолдарын айқындауға және оқыту тәжірибесін жетілдіру құралы ретінде өзара тәжірибе алмасуға ықпал ететініне көз жеткізді. Осылайша, сабақтағы зерттеуді жүйелі жүргізудің жолдарын түсінумен, теориялық дайындықтан өту арқылы қызығушылықтары артып, тың серпілістерге ие болды. Сөйтіп, осы мектептің тренері Р.Д.Қонысбаеваның жетекшілігімен – Ақшалова Ж.А. (тарих), Андагулова З.Т. (жаратылыстану), Қонысбаева Р.Д. (математика) және т.б. пән мұғалімдерімен бірлесе топ құрып, «Зерттеушілік әңгіме негізінде айтылым дағдыларына әсер ету» тақырыбымен 6-сыныпта «Сабақты зерттеу» іс-әрекеттері бойынша жұмысымызды бастадық. Оған себеп болған негізгі мәселе біріншіден оқушылардың ойын жеткізуде сөздік қорларының жеткіліксіздігі; оқыған материалын жүйелі айтып беру дағдыларының төмендігі; диалогтық мәдениеттің жетілмеуі болса, екіншіден мұғалімдердің тек нұсқаулар, қажетті түсіндірмелермен шектелуі; оқушыларды зерттеушілік әңгімеге тарта алмауы; оқушылармен сауатты диалогқа түсу деңгейінің жүйесіздігі.

Итальян педагогы, ғалым Монтессори айтқандай: «Баланы тәрбиелеу үшін ең алдымен оны білу керек, ал білу үшін оны бақылау қажет, бақылау үшін оған еркіндік беріп қою керек». Шындығында, қазіргі уақытта оқушылармен жұмыс жасауда «еркіндік» беріп, ойын ашық айтқызуға және алған білімін өмірде қолдана алатындай мүмкіндік жасауымыз қажет деп түсіндік. Өйткені оқушылардың таным белсенділігін арттыруда, сұрақты түрлендіре қою арқылы белсенділік оятуда, оқушылардың жауап берудегі бәсекелестігін тудыруда жаңартылған білім беру бағдарламасы бұл оқыту түрін тиімді әдіс ретінде дәлелдеп отыр.

Сабақты зерттеу бойынша тренер мен зерттеу тобының бірлескен іс-әрекетінің нәтижесінде

  • сабақтың қысқа мерзімді жоспарлары сауатты әрі сапалы жетілдірілді;
  • сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер оқу мақсатына сай, әрі оқушыға қызмет ететіндей таңдалды, мысалы «Фрайер», «Бинго» әдістерінің тиімділігін байқадық;
  • бақылауға алынған әр оқушының даму траекториясы жасалды;
  • сынып жетекші мен ата-аналарға әр оқушының білім және тәрбиелілік деңгейін дамыту, жетілдіру ұсыныстары жасалды. Мысалы: А деңгейіндегі зерттелген «үнсіз» оқушыны жігерлендіру мақсатында сынып сағаттарына қатыстыруға ұсыныс жасалды;
  • «Оқушы үнін» есту арқылы балалардың қызығушығы мен мектептегі кейбір проблемалар анықталды;
  • ата-аналармен «Дамытушы сұхбат» жасау арқылы мектепке деген көзқарас пен сабаққа деген ынтаны арттыруға жұмыс жасалы.

Қорыта келе, Lesson Study нәтижесінде біз оқушылардың білімдерін жаңа тәсілдер арқылы кеңейте алдық және оқушыларымыздың оқу үдерісіне толыққанды қатысуына ықпал ете білдік. Болашақта осындай әдіс- тәсілдерді қолдана отырып, оқушыларымыздың білім, білік, дағдыларын арттырамыз. Талантты және дарынды оқушыларға күрделенген тапсырмалар беруге ізденеміз. «Мұғалімдер, өз кезегінде, өзінің сабақ беруіне емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударуы тиіс. Осы мақсатта мұғалім оқыту ортасын құру керек, соның арқасында оқушылар ақпаратты енжар қабылдамай, оқу үдерісіне белсенді қатысатын болады» — деген Выготскийдің сөзінің ақиқаттығына көзіміз жетті.

 

Тлеубай Сәуле Тұмарбекқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ тренері,
курстан кейінгі қолдау және инновацияларды енгізу лабораториясыны меңгерушісі,
Конысбаева Р.Д., №13 орта мектебінің математика мұғалімі, мектеп тренері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.