Home » Білім және тұлға » Ұстаз — ұлы есім

Ұстаз — ұлы есім

«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі»

Ы.Алтынсарин

Иә, Ы.Алтынсарин атамыздың ұстазды білім ордасының жүрегіне теліп, одан артығы жоқ деуінде үлкен мән жатыр. Баланың болашағына пайдалы біліммен қоса тәрбие беріп, талабын шыңдайтынтын да осы кәсіп иелері.

Бұл күнде ұстаз дегеніміз педагогикалық білімді ие болып, баға қойғанына тоқ мейілситін жас мамандарды емес, жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын, білгенін үйретпекке құштар, оқушы санасына сәуле болатын мамандық иесін айтса керекті.

Міне, бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері,  ұстаз деген ұлы атты абыроймен арқалап жүрген Кірісханқызы Бақытгүл есімді мұғалім.

Еңбек жолын 2004-жылы шалғайдағы ауылда бастаған Бақытгүл апай бүгінде Шортанды аудандық  №3 қазақ орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі.  Апайдың кәсібилігі өз алдына, шәкіртіне деген ерекше мейрімі мен дархан пейілінің арқасында қай оқушының болмасын жүрегіне жол таба білетін асыл тұлға. Небір тәртібі мен үлгерімі төмен, қисық біткен бұтақ сынды шәкірттер бұл кісінің ұстаханасынан өткенде адам танымастай өзгеріп сала беретіні бар. Үлгерімі нашар оқушылардың деңгейін көтеру үшін жұмыстан тыс уақытта сағаттап, жеке жұмыс жасауы расында мақтауға тұрарлық. Бақытгүл апайдың  сабақ барысында қабақ шытып, даусын қатқылдатпай ақ оқуышарды үйіріп әкететіндігі кәсібилігінің бір көрінісі. Осы орайда Чехов А.П. «өзіңді қарапайым жылы лебізіңмен сыйлата білмесең құр қаталдықтан түкте шықпайды»  деген мына бір сөзі еріксіз ойға оралады.  Өзінің көп жылдық тәжірибесінде тілі шала шыққан оқушылардың кездескені, олармен жеке жұмыс жасап, нәтижесінде мүдірмей оқитын дәрежеге жеткізгені де әріптестері арасында ерекше таңданыс туғызғаны рас. Осы оқиғаға қарап ақ оқушы талабын шыңдауда апайдың қайтпас қайсарлығы мен кәсібилігін бағамдай берсе болады. Ушинский К.Д «мұғалім — зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті» деген нақыл сөзі Бақытгүл апайдың бейнесін айқындап тұрғандай. Бұл сөзімізді апайдың алдын көрген кез келген шәкірті қуаттары анық.

Бақытгүл Кірісханқызы ұлтымыздың ұлы ұстаздары Ахмет Байтұрсынов пен Ыбырай Алтынсариннің қалыптастырған «ұстаз»  деген ұлы ұғымға дақ түсірмей абыроймен атқарып жүрген, көп тәлімгердің бірі һәм бірегейі.

Біз де өз кезегімізде білікті ұстаздың отансүйгіш, ел ертеңі болар жас ұрпақты көптеп тәрбиелеуіне, еңбегінің жемісін көруіне тілек білдіреміз!

Арнабек Нұрбол,
Ақмола облысы
Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.