ЖАС ПЕДАГОГ МАТЕМАТИКА САЙТЫН ҚҰРАСТЫРДЫ


Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімі Мұхтар Бегайдаров мұғалімдер мен оқушыларға арналған қазақша математика сайтын жасап шығарды.

«nismath.org» деп аталатын онлайн-платформада оқу процесінде пайдалануға болатын түрлі ресурстар мен құралдар жинақталған. Бұл сайтта оқушылардың қосымша теориялық материалдар, сынақ емтихан жұмыстары, әртүрлі типті тест пен олимпиада беті арқылы өздігінен білім алуына мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, мұғалімдер үшін пәнді оқытудың сапасын арттыру бағытында түрлі тақырыптағы мақалалар, бейнесабақтар мен 600-ге жуық үштілді математикалық терминологиялық сөздіктер мен оқулықтардың электронды нұсқалары жүктелген. Веб-портал қолданушыларына қажетті топқа бөлу және бірігу құралдары, калькулятор және таймер секілді қосымшалар да осы ақпараттық ортадан алуға болады.

«Бұл жұмысты 2018 жылы бастадым. Алғашқыда тек кітаптар мен тест жұмыстарынан құралған бұл платформа кейін әріптестердің ұсыныстары бойынша басқа да мүмкіндіктермен толықты. Мектептің өткен жылғы түлегі Арман Әлішер сайт логотипін жасауға көмектессе, биылғы 12-сынып оқушысы Нұрбол Бижігіт сайттың мобильді қосымшасын дайындауға атсалысты», — деді жас математик.

Қазіргі таңда сайттың тұрақты қолданушылар саны 1000-нан асады. Күнделікті 200-300 адам бұл платформаны пайдаланады екен. Алдағы уақытта жоба авторы сайт контентін толықтырып, өңірдегі ұстаздарға таныстыру арқылы аудиторияны кеңейтуді көздейді.

Айта кету керек, Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушыларын қорытынды аттестаттау нәтижесі бойынша Мұхтар Бегайдаровтың оқушылары жоғары білім сапасын көрсетіп, рейтинг жүйесінде жиырма Зияткерлік мектеп арасында бірінші орынға шықты.

Осы жылы жас математик білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің Алғыс хатына ие болды.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.