Home » Мақалалар » Рухани жаңғыру — ұлт ұстаздарына жүктелген міндет

Рухани жаңғыру — ұлт ұстаздарына жүктелген міндет

«Мен халқымның тағлымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзiлмеген ұлттық салт-дәстүрлерiн алдағы өркендеудiң берiк дiңi ете отырып, әрбiр қадамын нық басуын, болашаққа сенiммен бет алуын қалаймын», — деп Елбасымыз биылғы жолдауында атап өткендей, рухани жаңғыруды экономика мен саяси идеялардан бөлек, ұлтымыздың өткені мен бүгінгісінің қайта жаңғыртып, рухын асқақтатын тетік ретінде қарау керек. Сондықтан да бұл ұстаздар қауымына жүктелген міндеттің одан әрі артқанын көрсетеді. Себебі, батыр бабаларымыздың ерлігін бүгінгі ұрпаққа үйретіп, бойына сіңіру тікелей ұстаздарға жүктелген жауапкершілік.  Алдымызда отырған шәкірттерімізге нені үйретсек те, қалай үйретсек те ұрпағымыздың өсіп-өркендеуі ұлттық рухты бойларына сіңіруден басталуы керек.

Елбасы әрбір қазақстандықтың санасын жаңғырту үшін   басты бағыттарды атап өтті. Солардың бірі — «Білімнің салтанат құруы». Осы тұста Ұлт көшбасшысы былай дейді: «Кәсiбiн неғұрлым қиналмай, жеңiл өзгертуге қабiлеттi, аса бiлiмдар адамдар ғана табысқа жетедi». Оқушыға кәсіп таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беруде де мұғалімің рөлі маңызды. Білім саласына қатысты бюджет шығынының да өскенін көрсеткен. Осыған орай қазіргі таңда ұстаздар қауымының түрлі курстарда білімін жетілдіруі – мұғалімнің кәсіби деңгейінің өсуіне мемлекеттің бейжай қарамауының белгісі. Бүгінгі жаңартылған білім мазмұнына негізделген білім беруде оқушының  алған білімі заман талабына сай кәсібін өзгертуге бейім.

Қазақ Елінің жастары білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылулары керек. Себебі, жаңа дәуірде тек бәсекеге қабілетті, аса білімді, сауатты адамдар ғана табысқа жетеді. Ел жастарында осындай қасиеттер болса, кез келген мемлекеттің болашағы жарқын болары анық.

Кез келген елдің болашағы қашан да – өсіп келе жатқан ұрпағына байланысты. Сол себеппен Қазақстан бәсекеге лайықты, білікті жастарды дайындауға баса назар аударып келеді. Мәселен, тоқсаныншы жылдардың басында «Болашақ» бағдарламасы қолға алынып, бүгінге дейін оң мыңдаған ел жастары әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім алды, тәжірибе жинақтады. Ел аумағында жоғары деңгейдегі университеттер ашылып, зияткерлік мектептер қалыптасты. Десе де, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Заман жаңарған сайын, білім беру саласын да жетілдіріп отыру қажет.

Білім – табысты болудың басты факторы. Ол ел жастарының болашағына ғана емес, бүтіндей мемлекеттің дамуына әсер етеді. Қазір экономика, өнеркәсіп, өндіріс салалары көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжуда. Яғни, технологиялық революция. Енді бір он жылдан кейін қазіргі кәсіптердің кейбірі жойылып, жаңа түрлері пайда болуы мүмкін. Ал, оларды игеріп кете алатын жастар Қазақ Елінде де болуы керек. Бәсекеге қабілеттілік дегеніміздің бір парасы осында жатыр.

Мақалада көтерілген латын әліпбиі туралы кесек ой да елді жаңа өзгеріс­тер белесіне бастайды. Дүйім жұрт жаңа әліпби арқылы әлемдік өзгерістер көшіне еркін араласа алады. Бұл бағытта арнайы бағдарлама, әдістеме, әліпбидің өзіндік стандарты әзірленетін болады.  Қазақстанды өркениет көшінің алдына бастайтын жаңа бастамалар қашанда көпшіліктің қолдауына ие.

Әсел Байқадамова

Ғ.Қайырбеков атындағы

№9 орта мектептің қазақ тілі мен

әдебиеті пәні мұғалімі,

Директордың ғылыми-әдістемелік

 ісі жөніндегі орынбасары

Қостанай қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.